Жол үстінде (қаз-қалпында)

Мүсілім Қожықов есімі «Оңтүстік Қазақстан» газетінің байырғы оқырмандарына жақсы таныс. Оның әңгіме, новеллалары, түрлі тақырыптарға жазған мақалалары жиі жарияланып тұратын.
Шымкент педагогикалық институтында оқытушы болып жұмыс істеген Мүсілім ағаның шығармалары республикалық басылымдарда да оқтын-оқтын жарияланып, оқырмандарына ой салушы еді.
Жуырда біздің тілшіміз «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1960 жылғы №3 нөмірінен осы ағамыздың мақаласын кезіктірді. Имандылық, адамгершілік тақырыбында жазылған бұл мақаланың әлі де құны жоғалған жоқ.
Оқырманға ой салады деп әрі бүгінде арамызда жоқ авторымызды еске алу мақсатымен оның «Жол үстінде» атты қаз-қалпында жазған дүниесін ұсынып отырмыз.
Сіз де ой түйе жүріңіз, қадірлі оқырман!

Бұл бір айта жүрерліктей қызық оқиға болды. Тіпті, мен оның фамилиясын да сұрамаппын. Сонда да журнал оқушыларына баяндап бермеске дәтім шыдайтын емес.
Қасымда Рахмет деген жолдасым бар, бір шұғыл шаруамен Түркістанға барып қайтуыма тура келді. Вокзал басына барсақ, билеттің бәрі сатылып кетіпті. Енді не істеу керек? Сөйтіп дағдарып тұрғанымызда поез да келіп тоқтады. Поезд бастығымен сөйлесіп едік, ол екі орынға рұқсат берді де №3 вагонға жіберді.
Бұл вагонның проводнигі бірбеткей, қатал кісі болып шықты. Қаншама жалынып, билетімізді көрсетпейік, шоқтығына қол апартпай қойды.
–  Вагонымда орын жоқ.
–  Біз ұзаққа бармаймыз. Түрегеп тұруға да ризамыз.
–  Жоқ, болмайды, – деп бір-ақ кесті ол.
«Не деген безер еді» деп мен қынжылып тұрмын.
Сөйткенше болмады, поезд қозғала берді. Амал қанша, біз вагонға жармастық. Бірақ, проводник қол жұмсауға айналды. Оған болмаған соң поезды тоқтатты. Сөйткенше болған жоқ, жолаушылар іштен де, сырттан да анталай жиналып топырласып қалды. Бір-екі милиционер жетіп келіп:
–  Жүріп бара жатқан поезға неге жабысасыңдар, бері жүріңдер, –  деп бізге жармасты. Әйтеуір дес берісте поезд бастығы келе қалмасы бар емес пе.
–  Николай Андреевич, сәл жерден жанжал шығарғаныңыз ұят емес пе? Бұларды жіберген мен болатынмын. Алысқа бармайды, рұқсат етіңіз, –  деді ол проводникке.
Расында да, вагон іші тым тығыз екен. Проводниктің шыжбалаңдайтын реті де бар сияқты. Сонда да дөкір сөзіне, доғал мінезіне бағып ұнатыңқырамай отырдым.
Әйтеуір, көп мехнатпен Түркістанға да келіп жеттік-ау.
Поездан түскен соң тура тартып отырып автобус аялдамасына келдік. Сол кезде Рахаң біресе сыртқы қалтасын, біресе ішкі қалтасын қарап сыйпаланды да қалды.
–  Қайда қалғанын білмеймін, қалта сағатым жоқ.
–  Бағана поезға мінгенде бар ма еді?
–  Ақиқат бар болатын.
–  Мүмкін, асып-сасып жүргенде вагонның ішінде түсіп қалған болар.
–  Оны кім тауып алып бере қояр дейсің, –  деді түңілген Рахмет.
Сонда да біз вокзалға қайтып оралдық. Поезд да қозғала берді. Бірақ, біз үшінші вагоннан әлгі таныс проводнигімізді кездестіре алмадық. Сөйтіп күдер үзіп, кейін бұрылып едік, бағанағы проводник составтың алдыңғы жағына қарай жүгіріп барады екен. Бізді көріп қалды да, арт жаққа қолын сілтеп, бірдемелерді айтқандай болды. «Вокзал кезекшісі» деген екі ауыз сөзден басқасын анық ұқпадық. Бұл не дегені екен деп бір-бірімізге таңырқаса қарап тұрғанымызда тура төбемізден вокзал дикторының салмақты даусы саңқ ете түсті:
–  Жаңағы №17 поездың үшінші вагонында ұмытып бір зат қалдырған жолаушы вокзал кезекшісінің кабинетіне келсін...
–  Шіркін, сырты қара болса да, іші сары алтын адам екен ғой, –  деппін қуанғанымнан.

Мүсілім ҚОЖЫҚОВ.

РЕДАКЦИЯДАН:
Бұл болған оқиға. Біз Алматыдағы проводниктер резервімен байланыстық. Сөз болып отырған проводниктің аты-жөні Николай Андреевич Галиков. Ол кісі кезінде жаны таза, өз ісіне табанды, маңдайалды проводниктің бірі болған екен.


Пікір қалдырыңыз