Ән әлемінің Әділбегі

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Бала ғашық» атты балаларға арналған комедиялық драма «Еларна», «Қазақстан», «Жібек жолы» басқа да арналардан жиі беріліп жүр. Оқиға 1999 жылы Арал маңындағы балықшы ауылында өтеді. Аика бастаған алты бала малшы ауылдан осы теңіз жағасындағы интернатқа келіп орналасады. Мағжан Аикаға ғашық.  Бірінші күннен бастап жергілікті балалармен кикілжің басталады. Ақыры малшы балалары интернаттан қашады. Далада түнейді. Сол қорқынышты түні Мағжанның мінезі ашылады. Қыздар оның кім екенін біледі. Фильм режиссерлері Смағұл Елубаев пен Бекарыс Елубаев балалар мінез-құлықтары мен жан дүниелерін барынша бере білген.

Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені, аталған фильмнің өн бойында жерлес композитор Әділбек Нысанбаевтың «Бала ғашық» атты әні орындалады. Ән фильм оқиғасымен біте қайнасып, драманың бар болмысын аша түседі. Киноны көріп отырып, оқиға желісіне де, әнге де ынтық боласыз. Үлесімділік деген осындай-ақ болар деп топшылайсыз.
Иә, сонау Созақтан қалықтаған әуен мен Алматыда түсірілген фильм бір-бірімен қалай қауышты? Себебі, әуезді ән мен бала сезімі үйлесімділік тауып тұр еді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Смағұл Елубаев осы үйлесімділікті тамыршыдай тап басты. Демек, қос талант бірін-бірі тапты.
Иә,  Әділбек Нысанбаев талантты композитор болатын.  Сол жылдары Созақта    Жанғали Меймандосов, Генерал Асқаров, Пернебай Иманқұлов, Қыдырәлі Ахметов, Махмұт Балабеков, Қазыбек Мыңжанов, Айтжан Нұрпейісов  сияқты сазгерлер жарқырап шықты.  Бәрінің де танымалдығы жоғары болатын. Жанғали мен Генерал ағамыздың әндері республикалық телерадиолардан жиі беріліп тұрған уақыт. Осы кезде Әділбектің «Тырналар тізбегі», «Бала ғашық», «Ақ құсым», «Созағым» сынды әндері  жастардың жиі айтатын әндерінің біріне айналды.
Әділбек ән жазумен 1967 жылдан айналысты.  Ол әуелі «Темірлан – 92», «Темірлен – 94»  ән байқауларының жүлдегері атанды.  1996 жылы облыстық телерадио комитеті «Әділбектің әндері» атты фильм-концерт түсіріп, бірнеше рет өз арналарында елге көрсетті. 1998 жылғы қазан айында Шымкент қаласында  Ш.Қалдаяқов атындағы халық- аралық ән фестивалі өтті. Осы өнер сайысында  Қаракөз Сүлейменова «Тырналар тізбегі» әнімен бас жүлдеге ие болды.  Ана бір жылы облыстық телерадиобірлестігі «Үкілім-ай» атты ән байқауын жыл сайын өткізіп тұрды. Әділбек осы байқаудың бірнеше мәрте жүлдегері. 2000 жылы «Қазақстан-1»  телеарнасы  «Жас Алаш» газетімен бірлесіп  «Біз естімеген бір ән» атты байқау өткізді.  Осы байқауда Әділбек Нысанбаевтың «Бала ғашық» әнін  Бақыт Әлімов пен Шағала Әшірова орындады.  «Бала ғашық» бағдарлама тағайындаған  «Жылдың ең үздік әні» жүлдесін жеңіп алды. Осыдан соң Әділбекті  сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қабылдап, облыс әкімінің стипендиясын тағайындады. Жыл қорытындысымен Әділбек «Жылдың ең үздік композиторы» номинациясын иемденді. Сол жылы онымен қатар Бекзат Саттарханов «Жылдың ең үздік спортшысы» атанған еді. Иә, жүйріктер осылай тоғысады.
Халық шығармашылығы Бүкілодақтық фестивалінің екі дүркін лауреаты Әділбек Нысанбаевтың актерлік қабілеті өз алдына бөлек тақырып.  Ол, әсіресе, комедия жанрындағы қойылымдарда рөл сомдағанда көрермендерді ішектері түйілгенше күлдіруші еді. Оның сөз сөйлеу мәнері басқалардан бөлек болды. Әділбектің көркемсөз оқуға деген құштарлығы айрықша сезіліп тұратын. Ол, әсіресе, Оспанхан Әубәкіров, Сейіт Кенжахметов сынды сатириктердің сықақтарын оқығанда Күлмесханның өзін күлдіруші еді. Егер сіздің  Созақ жаққа жолыңыз түссе «Әділбектің әзілдері» деп оның қалжың-қағытпаларын айтып жүрген адамдарға жолығар едіңіз. Әдекеңнің жылы юморларына еріксіз езу тартып, бір жадырап қаласыз.
Ол жастайынан өнерге, әдебиетке құмар болып өсті. Оқушы кезінде мектепке домбыра алып келетін. Ұстаздары «осы баладан бірдеңе шығады» деп одан көп үміт күтті. Айтқандайын ол әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық-мәдениет институтын үздік дипломмен бітірді. Оны Торғай облысы, Амангелді ауданы бірден Мәдениет үйінің директоры етіп қызметке қабылдады. Әдекең бұдан да биік лауазымдарға қолы жетер ме еді, туған жерге бүйрегі бұрып тұрмағанда. Алайда, ол бақытын туған жерден тапты.  Өскен орта, Қаратаудың құнарлы да әсем табиғаты оған үлкен шабыт сыйлады. Аудан орталығындағы бірқатар мектепте музыкадан дәріс бере жүріп шығармашылығынан қол үзген жоқ. Ол ән тексіне үлкен талап тұрғысынан қарады. Кәкімбек Салықовтың «Кездесу мен қоштасу», (бір айта кетерлігі, осы өлеңге бұған дейін Ескендір Хасанғалиев пен  Әшір Молдағайынов ән жазған екен. Мұны ол кеш білді. Дегенмен, осы үшінші ән Жұбаныш Жексенұлының орындауында кең тарады),  Сағи Жиенбаевтың «Жиырма сегіз батыр», Мұхтар Шахановтың «Махаббат әні», Серік Тұрғынбековтің «Жан ана», Ескермес Жақсымбетовтің «Елім менің», Жарылқасын Боранбаевтың «Туған жер», Сағынтай Байділдаевтың «Ауылым – ақ бесігім», Дулат Тұрантегінің «Алыста қалған боздақтар», Төреғали Тәшеновтің «Созағым менің!», Өскен Бөрғазиевтің «Жезде»  атты өлеңдеріне ән жазды. Бүгінде Жұбаныш Жексенұлы  «Кездесу мен қоштасу», «Нұрмұқасан» тобы «Тырналар тізбегі», Татьяна Бурмистрова «Қызыл гүл»,  Төлжанбек Жақсыбаев «Созағым менің» әндерін құйқылжыта орындайды. Жұбаныш жерлес ағасының сондай-ақ «Ұлы Абай», «Созағым», «Таусылмайтын әңгіме» атты әндерін жиі орындаса, «МұзАРТ» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов «Ақ құсым», «Бала ғашық» әндерін  сахнадан түсірмей  жүр. Сондай-ақ,  Баян Нұрмышеваның орындауындағы «Тырналар тізбегі» әні түрленіп, өзгеше бояумен айтылады. Әннің сыйқырлы иірімдері тыңдаушысын бірден баурап алады.
Әділбектің тағы бір ерекшелігі оның  әндеріне өлеңді өзі жазатыны еді. Айталық, «Сағындым әке, дауысыңды!», «Желтоқсандықтар», «Сен екеуміз», «Мың алғыс мектебіме», «Құтты болсын қадамың» сияқты әндеріне ақын іздеп әуре болған жоқ. Өйткені, Әділбектің бір топ өлеңдері  өткен ғасырдың жетпісінші жылдары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне топтама болып жарияланған болатын. Неге екенін өзі біледі, Әділбек бұдан кейін өлең өлкесінен көрінген жоқ. Тек өлеңдеріне жазған тексі болмаса. Әнге өлең жазғанда бәлкім, ішкі жан әлемін, айтар ойын  өзінің бар болмысымен жеткізгісі келген шығар. 
Әдекеңнің тағы бір қыры әншілігі болатын. Ол Ескендір Хасанғаливтың «Әдемі-ау»,  Жақсыкелді Сейіловтың «Жезкиік»,  Шәмші Қалдаяовтың «Теріскей», Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы», Илья Жақановтың «Жайлаукөл кештері», «Әселім менің»  әндерін жүрекпен, дауысына ерекше діріл қосып, нақышына келтіре орындайтын. «Сазгер өз әндерін ғана орындамау керек. Жақсы ән – халық қазынасы. Оны насихаттау қажет» деп отыратынын талай естідік. Теріскейге ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов жиі келуші еді. Мұндайда Шәмші ағасының жанынан Әділбекті үнемі көретінбіз.
Осы кеше Астанадан «Қазақ радиосы» корпорациясының тілшісі Мұхтар Тұртай-ұлы хабарласты.  «Аға, тыңдарман қауым Әділбек Нысанбаев ағамыздың әндерін көп сұрайды. Сонау Орал, Атырау, Павлодар, Өскемен, Семей, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан  тыңдармандар  жиі хабарласады. Аға туралы бір радиоочерк дайындауымыз керек еді» дейді астаналық әріптес інім.
Демек, Әділбектің ән әлеміндегі жұлдызы жоғары.  Әні өлмейтін композитордың өзі де өлмейді. Жүректегі бір жұбаныш осы еді...
Пікір қалдырыңыз