Балағаттаудың бағасы қымбаттады

Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».

Біреуді ғайбаттап, ар-намысына тиетін бейәдеп сөздер айту – рухани жұтаңдыққа ұшыраудың бір көрінісі. Өкінішке қарай, бұл бүгінгі қоғамның ажырамас бір бөлігіне айналып кетті. Үлкендерді былай қойғанда, қазір бұл жаман әдет балалардың санасына да ұялап алды. Бұл туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ, «ауру қалса да, әдет қалмайды» екен. Енді осы жағдайдың алын алып, дөрекі сөйлейтіндерді сабасына түсіретін заң қабылданды


Оғаш қылыққа тоқтам салатын заң жобасы бірнеше күннен бері қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бірі мұны мәдениеттілікке апаратын жол ретінде қарастырса, «Сөйлеп үйренген ауыз жыбырлағанын қоймайды» демекші, балағат сөзі тілінің ұшында тұратын кейбір адамдар бұған қуана қоймағаны анық. Дегенмен, қоғамдық орындардағы тәртіптің сақталуын құптайтын былайғы жұрт заңның қабылданғанын қос қолдап қолдайтынын білдіріп жатыр. «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» кодексіне енгізілген өзгерістердің ішіндегі жұрттың қызығушылығын тудырған жайт – балағат сөз айтқандарға салынатын айыппұл көлемінің өскендігі. Бұрынғы заң жобасында ұсақ бұзақылық үшін үшін сот 5 АЕК (17 250 теңге) көлемінде айыппұл салып, кінәлілігіне қарай 15 тәулікке дейін қамауға алатын. Ал, кодекстің жаңа нұсқасында қоғамдық орындарда балағат сөз айту, адамдарды қорлау мен қудалау, ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, ортақ пайдалану орындарын, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру, айналадағы адамдарға құрметсіздік таныту, қоғамдық тәртіпті және адамдардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылып, кінәлі тарапқа 20 АЕК (69 000 теңге) көлемінде айыппұл салынатын болды. Және айыбына қарай қамау мерзімі 5 күннен 30 тәулікке дейін ұзартылып отыр. Президент қол қойған бұл заңдық өзгерістер наурыз айында күшіне енеді. 

ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаевтың айтуынша, бұл ең алдымен қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу мақсатында қолға алынған амал. 

– Кодекске енгізілген жаңашылдықтарға байланысты ұсақ бұзақылыққа қатысты әрекеттердің аясы кеңейіп отыр. Бұдан былай қоғамдық орындарда бейәдеп сөйлеу, жеке адамдарды қорлап тиісу, қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру және жеке адамдардың тыныштығын бұзу секілді әрекеттер ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылады. Басқаша айтқанда, ұсақ бұзақылық үшін қарастырылатын әкімшілік жауапкершілік айналасындағыларды сыйламау, сондай-ақ, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, балағат сөз айтылған жағдайда туындайды. Бұрынғы заң нормаларында адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітуге байланысты арнайы жауапкершілік бар-тын. Оны жасағаны үшін кінәлі тұлға 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін немесе 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылатын. Ал, күнделікті тұрмыстық қарым-қатынастарда біреуді балағаттап, дөрекілік таныту «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 73-бабы бойынша реттелетін. Сот ондайларға ескерту немесе 5 тәулікке дейін қамауға алу түрінде жаза тағайындайтын. Биылдан бастап осы тектес ұсақ бұзақылықтар үшін жаза күшейтіліп отыр, – дейді министрлік өкілі.

Оның айтуынша, үйде немесе көлікте, болмаса әлеуметтік желілер мен қоғамдық орындарда айтылған балағат сөздерге бірден айыппұл салынбайды. Алдымен шағымданушы тараптың өтініші бойынша дәлелдемелер жиналып, қажет болған жағдайда сарапшының қорытындысымен сарапталады. Ал, оған құқықтық бағаны сот органдары береді.

Сот сараптамасы демекші, Әділет министрлігі бекіткен арнайы әдістемеде қай сөзде қорлау сипаты бар екені көрсетілген. Сарапшы Зәмзәгүл Жуминаның айтуынша, мамандар сол әдістемеге сүйеніп қорытынды шығарады. 

– Мамандар көп жағдайда қылмыстық істер бойынша филологиялық сараптамаға қорытынды шығарады. Сараптама көбіне даулы мәселе туындаған жағдайда жүргізіледі. Ол кез келген сөздің нақты мағынасы мен қорлау мәніндегі сөздерді анықтау үшін жасалады. Енді сараптама барысында ауызша және жазбаша түрдегі сөздермен жұмыс істейміз. Мәселен әдеби сөз ретінде «жезөкше» мен «жеңіл жүрісті әйел» деген тіркесті алайық. Ол адамға бағытталып айтылса, қорлауға жатады. Бұл қатарда адамды жан-жануарға теңеу ретінде «шошқа», «ит», «есек» деген сөздер де айтылуы мүмкін. Көп қолданылатын сөздердің қатарында «оңбаған», «жексұрын», «жауыз» дейтін сөздер де бар. Егер бұл сөздер жанжал барысында қолданылса, қорлау болып саналады, – дейді сарапшы маман.

Дегенмен, балағат сөздердің барлығы қорлау болып саналмайды. Қорлау мәнінде айтылған сөздерге Қылмыстық кодексте арнайы бап қарастырылған. Заңға сәйкес, адамның абыройы мен қадір-қасиетін қасақана кемсіткендерге 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал, көпшілік алдында немесе БАҚ арқылы жасалған сондай әрекет үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу қарастырылған.

Түркістан – Қызылорда облыстары өңіраралық заң кеңесшілері палатасының мүшесі Айни Түймебаевтың пікірінше, бұл заң адамдарды тәртіпке, жауапкершілікке, тиянақтылыққа тәрбиелейді.

– Бұл заңды қабылдауға не түрткі болды деген сауалға келсек, барлығы статистикалық көрсеткіштерге келіп тіреледі. Ішкі істер министрлігі жыл сайын қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істерге қатысты сараптама жасайды. Соңғы жылдары қылмыстық істердің қайсысы басым, әкімшілік істердің қай түрі белең алып барады деген сауалдарға жауап іздейді. Демек, біз сөз етіп отырған адамды балағаттау, қорлау, қоғамдық орындарда бейәдеп сөйлеу секілді ұсақ бұзақылықтардың қатары артып отыр деген сөз. Бірақ, өз басым заңның кейбір тұстарына келісе бермеймін. Меніңше, ағат айтылған сөзге бола 30 күнге қамауға алу кез келген адамға ауыр тиеді. 69 мың теңге айыппұлдың өзі кейбір отбасылардың қалтасына әжептәуір салмақ түсіреді. Дегенмен, бәріміз де ортақ заңға бағынғанымыз жөн. Сонда ғана қоғамдық орында тәртіп орнайды. Мұның барлығы адамдардың бір-біріне сыпайы қарым-қатынасынан туындайтыны рас. Бірақ, кейде орынсыз сөз айтып, бір-біріне тиісіп жататындар кездесіп қалады. Алайда, қандай жағдай болмасын, тәртіпке бағынған жөн. 

Әрине, мұның барлығына заң жүзінде тосқауыл қоя алмаспыз, дегенмен, әдепті сөйлеуді балаларға мектеп жасынан үйреткен ләзім. Отбасында әке-шешесі үлгі көрсетіп отырса, бала да сыпайы сөйлеуге бейімделеді, – дейді Айни Тілеубергенұлы.

Әрине, айғайшыны қайдан болса да, қай кезде болса да табу оңай, ал, сыпайы сөйлеу, байыптылық ұстамдылық қазіргі таңда қат дүниеге айналып отырғаны өкінішті. Дегенмен, арамыздағы өздерін көпшілік ортада ұстай алмайтын кейбіреулерді осылай заңмен тәрбиелесек, нағыз өркениетті қоғамға тезірек айналармыз.  


Пікір қалдырыңыз