«Тәртіпке бағынған – құл болмайды»

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Таяуда бір таксиге мініп, жолай жүргізушімен әңгімелесіп бара жатқанбыз. Кенет бағдаршамда полиция көлігі қатар келіп тоқтағаны сол еді, тапырақтап, «осылар бәле болды, жатпайды екен» демесі бар ма?! Басында жиі естіп жүрген сөз ғой деп мән бермегенмін. Сұрай келе такси жүргізушісінің жақында ғана жүргізуші құқығынан 7 жылға айырылғанын өз аузынан естіп, аң-таң болдым да қалдым. Сөйтсем, ол кісінің мас хәлде көлік тізгіндей беретін әдеті бар екен. «Енді ұсталсам, сотталамын» деп, заңды да біліп отыр. Сол көліктен түскенше асықтым. Себебі, бұл әдет емес, бұл –нағыз ауру. Неге десеңіз, осындай ессіз жүргізушілердің кесірінен талай адам жапа шегіп жатқан жоқ па?! 
Былтыр өңір полицейлері 650 мыңға жуық құқықбұзушылықты анықтап, шара көрген екен. Соның ішінде мыңнан астам жүргізуші көлікті мас халде тізгіндепті. Нәтижесінде, 870-тен астам түркістандық көлік басқару құқығынан айырылған. Бірақ, проблема ащы сусын ұрттап алып, рөлге отыра беретіндердің құқығын шектеумен бітпейді. Өйткені, мұндай жағдайда жолдағы өзге де жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің де тағдыры сынға түсетіні даусыз.
Мәселен, біршама уақыт бұрын Сарыағаш ауданында қайғылы оқиға орын алды. Тарқатып айтар болсақ, мас хәлде көлік басқарған жүргізуші жолдың қарсы жолағындағы көлікпен соқтығысып, өз жолымен келе жатқан жазықсыз адам қаза тапты. Артынша сол көлікте болған жолаушы да ауруханада жан тапсырды. Ал, сот айыптыға өмір бойына көлік құралын жүргізу құқығынан айыру және бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Өмірдің әділетсіздігі сол, екі адамның өліміне себепкер болған азамат жазасын өтеп, одан әрі бостандықта өмір сүре бермек.
Қазір жазасын сезінбейтін жүргізушілер де көп. Мысалы, өткенде Ордабасы ауданында 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші тағы да мас күйде ұсталыпты. Ол үшін сот енді бір жылға бас бостандығынан және өмір бойы көлік құралдарын басқару құқығынан айырды. Бұл жағдай да  істі болған азаматтың отбасына оңай тимесі анық.
Айта берсек, осындай мысал жетерлік. Жалпы, заңға немқұрайды қараудың соңы ешқашан жақсылыққа апармайтынын түсінгеніміз абзал. Сонда ғана қайғылы, өкінішті оқиғалар мейілінше азаймақ. Тәртіпке бағыну – уайым-қайғысыз өмір сүрудің алғышарты емес пе?
Пікір қалдырыңыз