Күбі жасаумен күнкөріс үшін айналыспайды

Түркістандық ағаш шебері Нұрмахан Елжанов – он саусағынан өнер тамған тәжірибелі ұста. Оған ұсталық әкесі Нұржан Елжановтан дарыған. Әкесі Нұржан заманында ағаш жонып, күйдіріп, үй жиһаздарын жасаумен даңқы шыққан. Бала Нұрмахан әр кез әкесінің қасынан табылып, оған қолғабыс етіпті. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген халық даналығы осындайдан айтылса керек.

Нұрмахан Нұржанұлы 1976 жылы дүниеге келген. Қазіргі таңда Түркістан көпсалалы индустриалды колледжі газбен және электр дәнекерлеу факультетінде өндіріс шебері болып еңбек етеді.

– Мен әке жолын жалғастырып келе жатқан ұстамын. Қазір әкем 73 жасқа келді. Еңбек ардагері. Ол кісі көбіне жиһаз жасайтын. Нағашы атам да қамшы өріп, ер-тоқым, күбі, есік-терезе жасаған.

Бір кездері Түркістан қаласындағы төрт училище (№29, №31, №14, №21) біріктіріліп, соның салдарынан мұғалімдер, өндіріс шеберлері қысқартуға ұшырады. Олардың арасында менің әкем де болды. Бірақ, ол кісі үйде отырып қалмады. Осы қолөнерінің арқасында есік-терезе жасап, отбасын асырады. Бұл 1986-1987 жылдар болатын. Ол уақытта 4-сыныпта оқитынмын. Әкеме көмектесіп жүріп, мен де ұсталыққа ден қойдым. 

1998 жылдан бастап күбі жасауды қолға алдым. Алғашқы күбіні әкем екеуміз жасағанбыз. Сол жылдары елімізде қымыз өндіру ісі дамып, күбіге сұраныс көбейді. Алматы қаласындағы «Нұр сыйла» ЖШС-і Қазақстан бойынша қымыз өңдейтін бірден-бір кәсіпорын еді. Оларға жылына 50 литрлік 100 күбі жасаған кезім болды. Одан бөлек 15, 20, 25, 30, 35, 40, 45 литрлік күбілерді де саудаға шығардым, – дейді кейіпкеріміз. 

– Мен күбіге қайың ағашын пайдаланамын. Ағашты екі жыл бұрын сатып алып, қысқы және жазғы шілдеге жақсылап кептіремін. Олай етпесек, сапасы нашарлап, кәдеге аспай қалуы мүмкін. Дайын болған күбінің іші-сыртына жылқының майын жағамын. Майланған ағаш бойына сұйықтық сіңірмейді. Реті келгенде айта кетейін, қайың ағашын Семей қаласынан және Ресейден алдырамын. Кезінде Семейден де тапсырыс түсетін. Сол кезде тапсырыс берушілерден «сендер жақта қайың ағашы көп қой, шеберлер неге күбі істемейді?» деп сұрағанымда, олар: «Бізде күбі жасайтын адам жоқ» деп жауап берген еді. Осы күнге дейін тапсырыс берушілерден ешқандай шағым естімеппін. Қайта алғыс айтушылар көп. 

Жаз бойы күбі пісіп, май түсірген ағайын суық мезгілдерде күбіні қора жайларға тастай салады. Қатты суық ағашты қаңсытып жіберді. Сондықтан да күбі сатып алғандарға оны қалай сақтау керектігін де түсіндіремін. Көктемде күбіні пайдаланар алдында суға салып, әбден ісінтіп, бабына келтіріп алу қажет екенін айтамын. Осындай қасиетті ыдыстан пісіп шыққан айранның денсаулыққа пайдалы екенін жастар біле бермейді. Оның орнын түрлі газды сусындармен алмастырған. Мәселен, айран – сусын әрі тойымды тамақ. Адам ағзасын тазартатын қасиетке ие. Ата-бабамыз кешкі астан соң, міндетті түрде 1 кесе айран ішкен, – дейді Нұрмахан шебер.

Нұрмахан күбімен қоса есік-терезе жасап, еден салады. 

– Қазіргі таңда дәнекерлеумен айналысып жатырмын. Күбінің дөңгелек құрсауын қысу үшін дәнекерлеуді үйренген едім. Колледжде өндіріс шебері болып еңбек етемін. Дегенмен, қолым қалт етсе күбі жасауға отырамын. Бір тылсым күш мені күбі жасауға тартып тұрады. Шәкірттерім бар.  Саян Қадырбай мен Бауыржан Сейдулла екеуі күбі жасауды менен үйренді. 

Колледж студенттеріне де газбен дәнекерлеуді, доғалар дәнекерлеуді үйретудемін. Олар темірден қақпа, есік жасап, облыс көлемінде өтетін байқауларда бақ сынап, түрлі номинация иегерлері атануда. Өз басым бұл кәсіппен күнкөріс үшін емес, ата-бабамыздан келе жатқан өнерді дамыту мақсатында айналысамын. Үйдегі шеберханамда ағаш жонатын, тілетін электрлі станок, дәнекерлейтін аппарат, темір кесетін дискілік станоктар бар. Ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтар мен кәдесыйларды да жасаймын, – дейді кейіпкеріміз. 

Ләззат ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.

Пікір қалдырыңыз