Тақсай ханшайымды Түркістаннан табасыз

Елімізде табылған төрт алтын адамның бірі Тақсай ханшайымы Түркістанда сақталған. Бұл құнды жәдігерді қала тұрғындары мен қонақтары «Ұлы Дала Елі» орталығынан тамашалай алады.
Тақсай ханшайымының басында тау ешкісі бейнеленген бас киім бар. Мойнына екі салпыншақты шекелік ілінген. Ал, үстіндегі киімнің кеуде тұсында барақ ит пен қойдың басы бейнеленген жапсырмалы алтын әшекейлер мен моншақтар қойылған. Жеңдеріне қасқырдың азу тістеріне ұқсайтын алтын салпыншақ тігілген. Ал, білектеріне мүйізді мысық тұқымдас жыртқыштың бұзаумен айқасы бейнеленген екі алтын білезік тағылған.
– 2012 жылы археологиялық қазба жұмыстары кезінде Батыс Қазақстан облысы аумағынан б.з.д. ІV-VІ ғасырға тән ежелгі сармат кезеңіне жататын әйелдің қабірі табылған болатын. Ғалымдар оны қазба табылған жердің атымен «Тақсай ханшайымы» деп атап кетті. Алтын бұйымдармен көмкерілген ханшайымның салтанатты түр-тұлғасын белгілі реставратор Қырым Алтынбеков қалпына келтіріп, елордадағы Ұлттық музей мен Орал облыстық тарихи-өлкетану музейіне сыйға тартқан еді. Кейін көшірмесі Түркістан қаласына тарту етілді» дейді «Ұлы Дала Елі» орталығының ғылыми қызметкері Айман Мырзабекова.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, «Алтын әйел» қабірін ашқан кезде оның сол қолында толқынды өрнектері бар көкшіл түсті шыны ыдыс, ал, оң қолында қоладан жасалған және барақ иттің басы бейнеленген, тұтқасы жуан алтын сапты айна болған екен.
Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.