АЕК па, мәйек пе?

Түктібай қария шай үстiнде әңгiмесiн төтесінен бастады.
– Талап барады түге! Оқасқа ақ сызықты бастың деп он АЕК, Сыздықтың баласына көпірге тоқтадың деп он бес АЕК салыпты! Көлiгiмен адам тасып, нәпақасын айырып отыр едi, оны да құртты. Кеше жер салығы келген.
Кесе ұзатып отырған кемпiрi кекештене сұрады:
– Ш-ш-шал-ау, мәйек деген не?
– Мәйек емес, АЕК! Өсе беретін айыппұл.
– Абай айтпақшы, тiлге жеңiл, жүрекке жылы тиеді екен. Тауық жылы болған соң туа береді дейдi де. Сиыр жылы сауып едi... 
– Доғар! Әпербақанның әзiлiн... Келiннен сұрашы, газ, су қанша болыпты?
– Мiне, ата, қағазы. Отыз мың теңге газға, жетi мың теңге жарыққа. Мектепке де ақша жинайды екенбіз.
– Не үшін?
– Үш мың комиссияға. Екі мың пердеге. Бұл ойыншық аламыз деп мың теңге сұраған балабақшаны қоспағанда.
– Сиырды сырғалады ма?
– Ол да бар айтпақшы.
– Талап барады түге! Пенсия жұқ болар емес. Аттыға ерiп жаяудың таңы айырылыпты дейді. Депутаттарды айтам да! «Шетел дейді», оу, олар АЕК салса әлеуметтік жағдайы жақсы, жалақысы жоғары болған соң салады.
Нанын әзер тауып, қалт-құлт еткен қазаққа АЕК-тің керегi не ей-а? Екі айыппұлың бiр жалақы. Өкшесi жылтыңдап, шұлғауы шұбатылып жүрген ауылды ырбыңдатып қашанғы тонай бередi осы!
– Шал, шайыңды iш. Шамырқана берсең «даблениең» шығып кететін әдетiң бар-ды.
Кемпiрi кемсең қағып, шал шалқасынан жатып тағы бiр әңгiменi бастады:
– Алтынбектiң əйелi қайтыс болыпты!
– Қиын заманда арты ашылатын болды десеңшi, жиырма мәйек жетер ме екен?
– О, көк ауыз! Жиырмаң не? Болмағанда елу АЕК де. Онда да жетсе.
Бейшара баласы АЕК табамын деп Астанаға кетiп едi тапты ма, жоқ тiркелмедiң деп байғұстың өзіне салды ма сол АЕК-ті. Қайда барсаң Қорқыттың көрі әйтеуір. Айтпақшы, ауылға депутаттар келеді дейді. Кездесуге. Жұрт соларды есi дұрыс заң шығарады деп ойлайды. Тіфу мә! Олар болса АЕК шығарып әлек. Қара қазақ танасын сатып төлей ме, жоқ тайын сатып төлей ме?
– Бармағыңды тарт. Келiн келiп қалса ұят! Шал, сенің фәктімен сөйлеймін дейтін әдетің бар. Әлгі депутаттардың көзінше залды адымдап өлшеп жүрме. Аяғың протез. Бәрiбiр «жүз қадам» шығара алмайсың. Сүрініп кетсең... Гүлденіп, өркендеп келеміз де. Бітті!
– Ой, Алла-ай, қартайғанда өтiрiк айт демексiң бе?
– Айт әдiре қалғырды! Өзiңнiң қара басың, тыныштығың үшiн айт!
Балаларыңның болашағы үшiн айт! Кiрiп-шығып жүрген келiнi сөзге араласты.
– Балаңыздың бiр тиын табысы жоқ. Жұмыссыз.
– Шыда балам!
– Шыдағанда май жоқ.
– Қатықсыз қара көже iшкен қазақпыз.
– Шай да жоқ!
– Қара суға нан батырып жеген қазақпыз.
– Немереңiздiң аяқ киiмi...
– Ағасынікін кисiн.
– Көйлегі...
– Папасынікін кисiн.
– Папасы не киеді?
– Апасынікiн кисiн.
– Шатырдан су ағып...
– Неғып айта бересің? Айттым ғой шыдаңдар! – деп.
– Келiн, шал дұрыс айтады. Заман өтер. Бәрi де жөнге келер, – деп, кемпiрi кетiк тiсiн көрсетiп, бiр күлiп қойды.
– Ой, әзiлiңдi!..
Содан берi бiздiң ауыл шыдап келеді.

Ералхан ЖЫЛҚАЙДАРҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз