Алданған әке, көзден ұшқан грант

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Ар алдында тағылған айыптың үкімінің қандай болатынын ешкім дөп басып айта алмас, сірә... Орын алатын оқыс оқиғалардан бөлек, алаяқтық атаулы да бүгінде қылмыстың қоржынын қампайтып тұрғаны жасырын емес. Алаяқ анаға да, сұғанақ балаға да, әккі әкеге де бұл қоғамда
шығатын үкім біреу ғана. Ол – жаза.


Мектеп бітіретін кез келген оқушының күні кешеге дейінгі бас ауруы ҰБТ болатын. Бірінің бағын жағып, бірінің тауын шаққан тестілеу талайға сындарлы сәт сыйлады. Осындайда перзентін күйзелістен құтқарғысы келген ата-ана барлық уақытта психолог мамандарға емес, алаяқтарға арқа сүйейтіні өкінішті. Иә, алаяқ болу әп-сәтте. Алаяқтықпен басы бәлеге шатылған бала ата-ананың атын былғайды. Ал, ата-анасы айып арқалаған баланың келешегіне, келешегіне болмаса да көңіліне сызат түседі. Бұл бірде-бір кітапта жазылмаған заңдылықтар. Өйткені, алаяқтық – ұятты өлімнен күшті көретін қазақы болмыстан алшақ ұғымдардың бірі. Әйткенмен, оқуға түсірерде орнына адам кіргізіп, жалған диплом алып беру сынды алдау-арбаудың небір түріне куә бүгінгі қоғамда алаяқтық қылмыстар өршіп тұр. Мысалы, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылы облыста бір ғана интернет алаяқтығы бойынша 426 қылмыс тіркелсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 334-ті құраған. Демек, бұл алаяқтық қылмыстарға тұсау сала алмай отырмыз деген сөз. 

Қырықтың қырқасына әлі шыға қоймаған Мирас Есмұрзаұлы Сарыағаш ауданының тумасы. Берекелі өмірі, жарасымды отбасы бар. Қарапайым ауылдың топырағын кешіп өскен соң бар мен жоққа да еті үйренген. Бұрын-соңды біреудің ала жібін аттап, ұрлық-қарлық қылмапты. Тек Асқардың ұсынысынан кейін соңғы күндері ұйқысы қашып, ақшаның артық болмайтынын ойлап, бас қатыратынды шығарды. Бірде осы оймен алысып жүргенінде Ерден деген кісімен «Гүлсезім» кафесінде жолығып, қызын грантқа түсіріп беруге келіседі. Шымкенттегі білдей оқу орнына түсіру үшін Ерденнен 500 мың теңге көлемінде «еңбекақы» да сұрап үлгереді. Үйіп-төгіп уәде беріп, бір аптадан соң Орталық саябақта аталған соманы санап алуға уағдаласады. 

 Содан әне-міне дегенше күз де келеді. Бұл кезде Мирастың шіліңгір шілде айында шытырлатып санап алған көк қағаздарынан көк тиын да қалмаған еді. Екі-үш рет төбе көрсетіп, кейін мүлдем қарасын батырды. Кез-келген адамды грантқа түсіріп беретінін айтқан Асқар да ізім-ғайым жоғалады.

Ерденнің отбасы үшін бұл күтпеген соққы еді. Күйеу баласы мен қайнағасын ертіп барып, бір мәмілеге келген ол қызының оқуға түсетініне іштей сенімді болатын. Бірақ, қара күзге дейін үзілмеген үміті грантқа түскен студенттердің тізімін көргенде күл-паршасы шығады. Осы азғантай уақыттың ішінде үй ішіндегі жанжал мен жан азабы, өзі асығыс қабылдаған шешім оны әбден қажытады. 

Арада алты ай өткен соң 500 мың теңгенің 230 мың теңгесін кері қайтарған Мирас қалған қарызын жақын күндері қайтаратынын көрсетіп, қолхат та жазып береді. Бірақ, қызы оқуға түспек түгілі, берген ақшасына қолы жете алмаған Ерден ақыры сотқа арызданады. Сарыағаш аудандық соты сотталушының өз кінәсін мойындап отырғанын, қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін жайттарды, учаскелік полиция тарапынан берілген оң мінездемені ескере отырып, Мирас Есмұрзаұлына айыппұл түрінде жаза тағайындады. Сот ҚР Қылмыстық Кодекстің 366, 367, 368-баптарында көзделген қылмыстар үшін 500 мың теңгеден қалған 270 мың теңгені жәбірленушіге толық қайтарып, рухани зиян келтіргені үшін 50 мың теңге көлеміндегі соманы өндіруге, ҚК-нің 190- бабының 1-тармағында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін 991 мың (500 АЕК) теңге көлемінде айыппұл салуға үкім шығарды. 

Осылайша Мирастың ақшаға қарық боламын деген арманы адыра қалды. Пайда тапсам деген оның арам ойы өзін үш есе шығындап, абыройынан айырып, тығырыққа тіреді. Бәрінен бұрын отбасылы адамның бала-шағасының алдында еңсесі түсті. Ер адам үшін мұнан өткен жаза бар ма?! Мұндай ақшаның берекесі болмайтынын, осыншалықты әбігерге салып, абыройына дақ боларын білгенде жоламас еді-ау. Әттең, тым кеш. «Болар іс болып, бояуы сіңгеннен» кейін оны өшіремін деп жанталасудың қажеті қанша?! Енді бар болғаны, мұнан әрі ақырын жүріп, анық басса болғаны. Ал, біздің міндетіміз – алаяқтықтың алысқа апармайтынын айтып, сіздерді осындай абыройсыздықтан сақтандыру.  

«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». Шіркін, қазақ өтіріктің өрге баспасын бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп берген ғой. Мирас сияқты алаяқтықпен айналысып жүргендердің қоғамда аз емес екені белгілі. Кезінде оқуға түскендердің арасында кітаптың бетін ашпайтындардың айы оңынан туды. Бірақ, оның артында қылмыскер тұрғанын, оның адам өмірін әп-сәтте тас-талқан қылуы мүмкін екенін біреу білсе, екеу білмейді. Ең өкініштісі, бұрынғының асын адалдап ішу керегін түсіндіретін әкелеріміздің көбісі келместің кемесіне мініп кетті. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Әйтсе де, өрескел қателіктерге өзі итермелеп, төрт жыл бойы алатын шәкіртақының қалай келетінін түсіндірмей, грант сатып әпере салатын әкелердің перзент алдында қандай сыйы болады? Бәлкім, ол бір жетімге білім алуы үшін бұйырғалы тұрған бақ шығар. Ал, біздің алыстан орағытып әкелгендегі айтпағымыз, қылмыстың ертелі-кеш мойынға құрық салмай қоймайтыны анық.

Пікір қалдырыңыз