Ұлттық қор табысы балалардың шотына қалай аударылады?

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Адам капиталын дамыту – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осынау жаңа бастамаларды іске асыру жөнінде ел Президенті де Үкіметке нақты тапсырма берген болатын. Әсіресе, Қасым-Жомарт Кемелұлының ұлттық қор табысының бір бөлігін балалардың шотына аудару жайлы ұсынысына қуанбаған адам қалмаған шығар. 

– Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде. Осылайша, алдағы уақытта «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама жүзеге асырылып, ел болашағы үшін «инвестиция» салынбақ.
Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді екен. Тиісінше, 18 жасқа толған әр баланың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады деп болжанып отыр. Ал, экономистер бұл жинақтың инвестициялық табыс есебінен арта түсуі мүмкін екенін де айтуда. 
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың сөзіне сүйенсек, қазір Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, бағдарламаны іске қосу тетіктерін пысықтау үстінде. 2024 жылдан балалардың дербес есепшоттарына Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы аударыла бастайды. Қаражат жылына бір рет келесі жылдың басында 18 жасқа толмайтын барлық балаға теңдей мөлшерде бөлінеді. Әзірге, алдын ала анықталған тетіктер осындай. Қосымша есептеулер де жүргізіліп жатыр.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда елімізде 18 жасқа толмаған 6,5 миллионнан астам бала бар екен. Демек, алдағы уақытта олардың бәріне арнайы шот ашылады.
Сондай-ақ, жуырда бірыңғай жинақтық зейнетақы қоры Ұлттық қордан бала шотына аударылатын ақшаның Бірыңғай операторы болып белгіленді. Келер жылы жобаны іске қосу үшін қажетті заңнамалық өзгерістер қабылдау жоспарланып отыр.
Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, бұл бағдарлама бала-шағасы үшін бас қатырып жүрген ата-аналарға үлкен жеңілдік болмақ. Әрі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мол мүмкіндік сыйлайды. 
Пікір қалдырыңыз