«Барлық салада ілгерілеушілік бар»

Қазығұрт ауданы – шаруаға аса қолайлы өңір. Сондықтан да мұнда, әсіресе, ауыл шаруашылығына, егін мен мал өсіруге байланысты ілгерілеушіліктер байқалады. Әрине, экономикадағы оң қадамдардың бәрі ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне оңды ықпал ететіні сөзсіз. Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаевпен сұхбатымыз да биылғы жылдың жетістіктеріне арналды.

– Арман Айдарұлы, әңгімені алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінен бастасаңыз. Жыл басынан бері қай салада өсім бар?
– Қазығұрт ауданы экономикасының көрсеткіші болып табылатын ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 10 айда  57,6 млрд. теңгені құрады. 2021 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 107,6 пайызға артса, өнеркәсіп өнімі көлемі де өткен жылмен салыстырғанда 104,1 пайызды құрады. 
Негізгі капиталға бағытталған инвестиция 19,8 млрд. теңгеге орындалды. Оның ішінде жеке кәсіпкерлер инвестициясы 16,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 51,9 пайызға артты.
– Аудан халқының әлеуметтік мәселелерін шешу бағытында атқарылған іс-шараларға тоқталсаңыз...
 – Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің биыл 10 айда атқарған жұмыстары көңіл көншітеді. Аталған бөлім арқылы тұрғындарға барлығы 24 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілді. 
2022 жылға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке барлығы 863 млн.135 мың теңге қаралған. Оның ішінде республикалық бюджеттен 750 млн. 935 мың теңге, ал, аудандық бюджеттен 112,2 мың теңге бөлінген. Ағымдағы жылдың 10 айында 1888 отбасыдағы 11178 аз қамтамасыз етілген адамға барлығы 810 млн. 481,5 мың теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
Сондай-ақ, 2022 жылы тұрғын үй көмегіне аудандық бюджеттен барлығы 18 млн. 256 мың теңге қаралған. Осыған орай 252 отбасыдағы 1385 аз қамтамасыз етілген адамға  тұрғын үй көмегі тағайындалып, толығымен төленді.  
Айта кету керек, жалпы 2022 жылдың 10 айы мен 2021 жылдың 10 айын салыстыратын болсақ, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 2697 отбасыдан 1888 отбасыға төмендеген. Ал, аудандағы табысы кедейлік шегінен төмен отбасылардың үлесі 14 пайыздан 10 пайызға төмендеді. 
Арнаулы әлеуметтік қызметтер мен материалдық көмектерге тоқталсақ,  ауданда 90 жалғызілікті қарт пен 101 мүмкіндігі шектеулі мүгедек азамат үйде арнаулы әлеуметтік күтімге алынған. 
Үйде оқытылып тәрбиеленетін 143 мүгедек баланың ата-анасына аудандық бюджеттен 
1 млн. 797,3 мың теңге жәрдемақы тағайындалып, ол төленді.
«Қамқорлық» бағдарламасы аясында өмірлік қиын жағдайға ұшыраған 100 отбасыға кәсіпкерлердің демеушілігімен барлығы 22971,3 мың теңгеге көмек көрсетілді. 
– Жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде?
– Қазығұрт ауданы бойынша кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасының аясында жыл көлемінде 1953 жұмыс орны ашылу керек болса, 
11 айда 2826 жұмыс орны ашылып, жылдық жоспар артығымен орындалып отыр. Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын құру туралы тапсырмасы бойынша ауданда 551 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған еді. Жоспар артығымен орындалды. Соңғы 10 айда 1050 жаңа жұмыс орны құрылды. 
Тұрақты және уақытша жұмыс орындарына 2169 адам тартылды. 
Облыстық статистика басқармасының есебіне сәйкес өткен жылы ауданда жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құраса, биыл ауданда жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрап отыр.
– Ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселе – жол десек, бұл жөнінде не айтуға болады? 
– 2022 жылы аудандық және облыстық бюджет есебінен 1071,9 млн. теңгеге (оның ішінде облыстық бюджеттен 763,0 млн. теңге, аудандық бюджеттен 308,9 млн. теңге) 102,9 шақырымды құрайтын 27 аудандық маңызы бар және ішкі жолдарға 2022-2023 жылдар аралығында өтпелі кезеңмен орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жігерген елді мекенінен 12,3 шақырымды құрайтын 5 көшеге 219,6 млн. теңге бөлініп, орташа жөндеу жұмыстарын мердігер «ТұмарСтрой проект» ЖШС  
атқаруда.
Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен Алтынтөбе ауылдық округі, Қаржан елді мекенінен 7,9 шақырымды құрайтын 6 көшеге 123,9 млн. теңге қаралып, жеңімпаз мекеме жол жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті. 
Облыстық бюджеттен 2021-2022 жыл аралығында Өндіріс елді мекеніндегі Тастақсай өзені арқылы өтетін көпірдің күрделі жөндеу жұмысына 176,7 млн. теңге қаралып, жұмыстар жүргізіліп, нысан биыл пайдалануға берілді.
– Экономикалық дамудың бір көрсеткіші – құрылыс. Бұл сала бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Ауданымызда 2023 жылы 7 мектеп (300 орынды үшеу, 100 орынды және қосымша корпус 150 орынды), 200 орынды 2 Мәдениет үйі, екі қабатты 2 тұрғын үй және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүруде. 
Жыл соңында 2 мектеп және 2 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру үшін, құрылыс басқармасымен бірлесе жұмыс атқарудамыз. Қалған нысандар 2023 жылы пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, 2023 жылы аудан орталығында 500 орынды Мәдениет үйі, Келес өзенінің арғы жағынан, яғни жаңа «Шығыс» шағынауданының инженерлік коммуникациялық жүйелері тартылып және 2 қабатты тұрғын үй құрылыстары жүргізілетін болады.
– Аудандағы ауылдарды ауыз сумен қамту қалай жүргізілуде? 
– Аудан көлеміндегі 61 елді мекеннің 56-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған, 3 елді мекен тұрғындары бұлақ көзі суын пайдаланады. 
2021 жылы бюджеттен қаржы қарастырылып, Ызабұлақ, Шанақ бекеті елді мекендерінде ауыз су жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған еді. Қазіргі таңда бұл жұмыстар аяқталып, елді мекенге ауыз су берілді.
Қ.Абдалиев ауылдық округіне қарасты Амангелді елді мекенінде ауыз су жүйесін қайта құру жұмыстары жүргізілуде.
Ауыз сумен қамтамасыз етілмеген Айнатас елді мекенінде құрылыс-монтаж жұмыстары қолға алынды. 2023 жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, ауыз су жүйелерін қайта құру бойынша Тұрбат ауылдық округіне қарасты Қызылдихан елді мекенінде де құрылыс-монтаж жұмыстары биыл басталды, нысан 2023 жылға өтпелі.
Аудан көлеміндегі 8 елді мекенде жер асты су қоры зерттелуде. Зерттеу нәтижесіне сәйкес аталған елді мекендерді ауыз сумен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін болады. 
Сонымен қатар өзекті мәселелердің бірі болып отырған «Ақбура» бұлақ көзіне қосымша ауыз су қоймасын салу үшін құрылыс жұмыстары  басталған, оны 2023 жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Жоба іске асқанда Қазығұрт ауданынан 7 елді мекен, Төлеби ауданынан 3 елді мекен 24 сағат  бойы ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
– Қай өңірде болмасын жер мәселесі өте өзекті.  Осы туралы да айта отырсаңыз...
– Наурыз айында Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауылдық округіндегі жалпы ауданы 15 547,75 гектар жер учаскесін Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 82-бабының талаптарына сәйкес жеке-меншік құқығынан бас тарту арқылы Қазығұрт ауданының жер қорына қайтару туралы шешім шығарылған болатын. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері ауданның арнайы жер қорына қайтарылды.
Одан бөлек «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының  меншігіндегі  209 гектар егістік жер аудан әкімдігінің қаулысымен ауданның арнайы  жер қорына қайтарылады.
Сондай-ақ, Қарабау ауылдық округіндегі «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы»  коммерциялық емес  акционерлік қоғамына қарасты  «Қарабау» тәжірибелік-өндірістік шаруашылығы» ЖШС-не тиесілі 4959,5 гектар егістік жерді Сынтас, Жұмысшы, Қарабау елді мекендерінің тұрғындарына бөліп беру көзделген-ді. Осы мақсатта ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Б.Бекбауовпен және қоғам басшыларымен бірнеше кездесу өткізіп, келіссөздер жүргізу нәтижесінде, 491 гектар жерді қоғамға пайдалануға қалдырып,  4458,5 гектар жерді ауданның арнайы қорына қайтару келісілді. Нәтижесінде  аудан әкімдігінің қазан айындағы қаулысымен 4468,5 гектар егістік жер ауданның арнайы жер қорына қайтарылды. Бүгінгі күнге Қарабау ауылдық округіндегі Сынтас, Жұмысшы, Қарабау елді мекендерінің тұрғындарына егістік жерлерді бөліп беру үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.
– Жалпы, ауданда мал шаруашылығымен қатар, егін шаруашылығының да жақсы дамығанын білеміз. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексінің жылдық межесі 66 347,3 млрд. теңге болса, орындалуы 57 602,4 млрд. теңге болып, 86,8 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялардың өсімінің жылдық межесі  3 800 млн. теңге болса,  10 айда орындалуы 1 743,7 млн. теңге болып, 124,8 пайызды құрады. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестициялардың жылдық межесі 1 200 млн. теңге болса, 10 айда орындалуы 1 538,2 млн. теңгені құрады.
2022 жылы жалпы жердің игерілу межесі 90 330 гектар болса, меже 101,4 пайызға орындалып отыр.  Яғни аудан бойынша астық 50101 гектарға егіліп, егін орағының қорытындысы бойынша 110723,2 тонна астық жиналды. Оның ішінде бидай дақылының әр гектарынан 22,3 центнерден, арпа дақылының әр гектарынан 20,3 центнерден өнім алынды. Ал, мақсары дақылы 8616 гектарға егіліп, 7840,5 тонна мақсары жиналды.
Жылыжай шаруашылығына келсек, биыл жаңадан 10 гектар жылыжай қосылып, жылыжай көлемі 174,78 гектарды құрады. Жалпы, биылғы жылы жылыжайларда 95,82 га қызанақ, 70,15 га қияр, 6,31 га тәтті бұрыш және 2,5 гектарға түрлі гүлдер егілді.
Мал шаруашылығына келсек, 10 айдың қорытындысы бойынша ет өндіру – 23,7 мың тонна, сүт 
өндіру – 51 мың тонна, жұмыртқа өндіру 6,4 млн. дананы құрады. Бүгінгі таңда ірі қара мал – 73,1 мың, қой – 349,3 мың, ешкі – 19,4 мың, жылқы – 36,2 мың, үй құстары 85,9 мыңды құрап отыр.
– Кәсіпкерлік саласына ойыссақ...
– Ауданда жалпы 15 өнеркәсіп кәсіпорындарының өнім көлемі биылғы жылдың 10 айында 11133,3 млн. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 97,6%-ға орындалды. Жыл қорытындысы бойынша өнім көлемін 13231,4 млн. теңгеге жеткізу жоспарлануда. Көптеген кәсіпорындардың өндіріс қарқынының өсуі, жаңа технологиялардың енгізілуі және технологиялық процесті модернизациялау өнеркәсіптік сектордың орнықты дамуына ықпал етеді. Осыған орай ауданымыздағы өндіріс орындарын көбейту үшін «Қазығұрт» индустриалды аймағына  инвесторлар тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуымыз қажет. Ауданның инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында 35 гектарға «Қазығұрт» индустриалды аймағы құрылып, кәсіпкерлерге барынша жағдай жасалды. Яғни индустриалдық аймақтағы инфрақұрылым жүйелерінің қуатын ұлғайту арқылы қосымша кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда, 10,86 гектар жер телімінде 7,3 млрд. теңгелік 193 жұмыс орнын құрайтын 5 жоба орналастырылған. Олар: «Асыл бастау.kz» ЖШС-нің «AQUA THE BEST»  атауымен  0,5 - 1,0 - 5 және 19 литрлік ыдыспен ауыз су өндірісі,  «CG Foods Central Asia» ЖШС-нің «Тез әзірленетін тағамдар» өндірісі, «Көрік ШҚ» ЖШС-нің «Алкогольсіз табиғи шырынды сусындар шығару» өндірісі, «Отырабат-Құрылыс» ЖШС-нің «Газобетон блогы» өндірісі,  «ЮКГУ» ЖШС-нің «Газобетон блогы» өндірісі.
Сонымен қатар, Қақпақ ауылдық округіне қарасты Заңғар елді мекенінде орналасқан «Ынтымақ» СТК-нің жалпы құны 700 млн. теңгелік 1,3 МВт/сағ кіші су электр стансасы құрылысы жобасын іске қосу жоспарлануда. Бүгінгі таңда жер учаскелері тегістеліп, ғимараттың құрылысы аяқталуда. Сонымен қатар Чехия мемлекетінен қондырғылар жеткізіліп, кәсіпорынды 2022 жылдың IV тоқсанында іске қосу көзделуде.
Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 10 айда  19783,7 млн. теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3730,4 млн. теңгеге артты. 
Ауданымызда шағын және орта бизнес саласы да қарқынды дамуда. Бүгінгі таңға тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері саны 11917-ні құраса, жұмыс істеп тұрған нысандардың үлесі – 98,6%. Бұл жақсы көрсеткіш. Осы бағытта ауданымызда 15312 адам жұмыспен қамтылып, олардың өндірген өнім көлемі 83900 млн. теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 110,8%-ға артты.
Мемлекеттік бағдарламаларды қолдау құралдары арқылы ауданымыздағы шағын және орта бизнестің дамуына және жаңадан ісін бастаған кәсіпкерлерге бірінші кезекте жеңілдетілген несие қажет. Жалпы қаржы ұйымдары арқылы 2022 жылдың 10 айында 110 тұлға 1200 млн. теңге көлемінде несие алды.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге, жас мамандарға, әйелдерге, мүгедектерге және 50 жастан асқан адамдарға «Бизнестің жол қартасы– 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында (өз бизнесін құруға) мемлекеттік гранттар беру үшін конкурстық іріктеуге қатысуда. Әзірге 1 азамат грантқа қол жеткізді.
Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің рөлін күшейтіп, оның ел экономикасындағы үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін жеткізу міндетін қойған болатын. Бұл бағытта «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы бастау алған. Бүгінгі күнге жалпы құны 40 млн. теңге көлемінде кәсіпкерлік бағытындағы 1 жобаға несие берілді. Қажетті несиемен қамтамасыз ету жұмыстары одан әрі жалғасын табады. 
2022 жылы жалпы құны 5,3 млрд. теңгелік, 503 жұмыс орнын құрайтын 16 ірі, 49 шағын және орта жобаларды іске асыру қарастырылып отыр. Осы жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру үшін тиісті қолдаулар көрсетіледі.
Биыл елді мекендерді аралау барысында өзекті әлеуметтік мәселелердің тізімі түзілді. Осыған байланысты 2023 жылы аталған өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмыстары қолға алынады.
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз