«Түнгі көбелектер» азаймай тұр...

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Естеріңізде болса, газетіміздің өткен сандарының бірінде «Адам саудасын кім тоқтатады?» деген тақырыппен проблема көтерген болатынбыз. Сол мақалада қаракөз қарындастарымыздың өз елімізде ғана емес, өзге мемлекеттерде де тәнін сатып жүргенін айтқанбыз. Енді, міне, өңірде жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде тағы да бірнеше жеңгетай мен жезөкше анықталып отыр. 

Облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы оқтын-оқтын «Стоп-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп тұрады. Оның негізгі мақсаты – адам саудасы, жеңгетайлық, ұрлау, бас бостандығынан айыру саласындағы қылмыстарды анықтау және алдын алу. Жуырда аталған іс-шара аясында Сарыағаш және Сайрам аудандарында екі жеңгетайлық жайты мен притон ұйымдастыру дерегінің жолы кесілді. Атап өтсек, тәртіп сақшылары Сайрам ауданындағы ауылдардың бірінде өз үйінен жезөкшелікпен айналысуға арналған притон ұйымдастырған жергілікті тұрғынды, дәлірек айтсақ, егде жастағы әйелді анықтады. Тергеп-тексеру нәтижесінде жедел уәкілдер күдікті мен жеңіл жүрісті қыздарды ұстап, айғақты зат ретінде олардан ақша тәркіледі. 
Дәл осындай жәйт Сарыағаш ауданында да анықталып, притон ұйымдастырушысы мен жеңіл жүрісті қыздар құрықталды. Қазіргі уақытта аталған жағдайлар «Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық» бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Жалпы, «Стоп-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бірнеше күннің ішінде жеңіл жүрісті 26 бикеш профилактикалық есепке қойылған.
Естіген құлаққа түрпідей тисе де, бұл проблема талай жасөспірімнің тағдырын тас-талқан етіп, мыңдаған отбасының шаңырағын шайқалтып жатқаны анық. Ол аздай, тәнін сатып табыс табуға бекінген қыздарымыздың шет мемлекеттерге сатылып кетіп жатқаны қаншама?! Тіпті, осы притондарға барған талай еркек түрлі инфекция жұқтырып, онысы әйеліне, қала берді бала-шағасына жұғып жататын жағдайлар да аз кездеспейді. Бұлай жалғаса берсе, текті, қаны таза, дені сау ұлт болғанымыз қайда қалмақ? Осыны бір ойланып қойсақ қайтеді?!  
Пікір қалдырыңыз