Ұрылар қайтсек аяқ тартады?

Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».

Жақында облыстық полиция департаментінің криминалды полиция басқармасының қызметкерлері 50-ден аса пәтер ұрлығына қатысы бар ұрыны Қазығұрт ауданынан ұстағандары туралы мәлімдеме жасады. 

Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Құрманбек Сақовтың айтуынша, кәнігі ұры үйге түнде терезе арқылы кіріп, жәбірленушінің шкаф ішінде тұрған алтын бұйымдары мен 1 миллион теңгеден астам ақшасын жымқырып кеткен. Полицейлер ұрыны жалға алған пәтерінде құрықтап, тексеру барысында ұрланған заттардың біраз бөлігін, сондай-ақ, үйге кіру үшін қолданылған құрылғыларын тәркілеген. Әбден дәндеген ұры бұрын осындай қылығы үшін сотты болған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.  
Тергеу кезінде оның соңғы үш жылда Қазығұрт, Келес, Сарыағаш және Ордабасы аудандарында 50-ден аса үйге ұрлыққа түскендігі анықталған. Ұрланған ақшаны қажетіне жаратқан ол алтын бұйымдарды Шымкент қаласындағы ломбардтарға өткізіп отырған. Қазір ұрланған заттардың біразы иелеріне қайтарылса, үй тонағыш сот қаулысы бойынша қамауға алынып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 
Ілгеріде ұрлықтың негізгі түрі көбінесе мал ұрлаумен немесе қоғамдық көліктерде әмиян жымқырумен шектелетін. Қазіргі ұрылар біреудің қалтасындағы азын-аулақ тиын-тебенге бола қолдарын былғамайтын болған. Оның үстіне қазір елдің бәрі ақшаны қалтада емес, ұялы телефонда сақтайды. Сондықтан олар мұндай істерге бүгінгі қоғамның ахуалын әбден зерттеп барып кіріседі. Біріншіден, қазір ауқатты адамдар қоғамдық көлікпен жүрмейді. Олардың бас-басында көлігі бар десе болады. Екіншіден, олардың көпшілігі жеке үйлерде тұрады. Жеке үй болғанда да, қақпасынан оңай қарғып түсе салатын қарапайым үйлер емес. Дуалының биіктігі аттылы адамның бойындай келеді. Ал, ауласында бөтен адамды жарып тастаудан тайынбайтын тайыншадай итті айтпағанда, күні-түні сол үйге бас-көз болып жүретін жалдамалы жұмысшылары бар. Ол аздай, үйге кіріп-шыққандарды немесе айналадағы тіршілікті күні-түні түсіріп тұратын бейнебақылау камералары орнатылған. Демек, мұндай үйді тонау қауіпті, тіпті, мүмкін емес деуге де болады. Сондықтан әлгі ұрылар олжаларын басқа жақтан іздеуге көшеді.
Құрманбек Сатынбекұлының айтуынша, жанын қинамай мал табатындар мұндай тәуекелдерге бір емес, бірнеше ай тыңғылықты дайындықтан өткесін ғана баратын көрінеді. Айталық, ұры әуелі үйді нысана етіп алады да, біршама уақыт сол үйге кіріп-шыққан адамдардың киім киісі мен жүріс-тұрысын, мінген көліктері мен жұмысқа баратын және қайтатын мезгілін минут-секундына дейін жазып, жіті бақылауға алады екен. 
– Үй иелерінің әлеуметтік жағдайын анықтаудың тағы бір түрі – үйдің қабырғасына орнатылған кондиционерлер мен көздің жауын аларлық қымбат есіктер, пластика терезелер мен қымбат бағалы перделер. Өйткені, осы айтып отырған дүниелердің бағасы кемі бір-бір ірі қараның құнына тең. Оны кез келгеннің қалтасы көтере бермесі белгілі. Кәнігі ұрылар мұндай бақылауды асықпай апталап, айлап жүргізеді. Осы айтылғандардың барлығы өте мұқият бақылаудан өткізілгеннен кейін есік ашатын түрлі құрал-саймандармен қаруланған ұры өз ісіне кіріседі. Оның келесі әрекеттері де қағазға сызылып, алдын-ала жүйеленеді, – дейді тәжірибелі полиция қызметкері. 
Оңай олжа табуды көздеген ұрылар іздерін қанша жасырғанымен, тәртіп сақшыларының қол қусырып отырмасы белгілі. Облыс полицейлері «2021-2023 жылдарға арналған мүлікті қорғау жөніндегі ведомстволық жоспарының» тармақтарын орындау шеңберінде жүргізілген жедел-профилактикалық шаралар нәтижесінде ұрлық қылмысы бойынша соңғы алты айда 445 іс тіркеген. Оның ішінде пәтер ұрлығы бойынша 236 жайт тіркеліп, оның 199-ы ашылса, ауыр санаттағы пәтер ұрлығының ашылу көрсеткіші 80,2 пайызға жақсарған. Осы аралықта полиция қызметкерлері 69 пәтер ұрлығына қатысы бар 22 адамнан құралған 9 қылмыстық топты құрықтапты. 
Осыдан бірер жыл бұрын жұмыстағы әріптесіміздің үйіне ұры түсіп, тәртіп сақшыларына арыз түсіреді. – Обалы не керек, телефон шалысымен араға жарты сағат салып, үш-төрт полицей сау ете қалды, – дейді әлгі әріптесіміз. – Содан құжат толтыру дейтін бітіп болмайтын бір шаруа басталды да кетті. «Ұрлық жасаған кезде қайда болдыңыз, ұры үйге түскенін бірінші байқаған кім, қанша ақша немесе қанша бағалы заттарыңыз жоғалды, үйден соңғы рет кім шықты, есікті кім бекітті?» дей ме, әйтеуір бума-бума түсініктемелер толтырудан шаршадық. Одан соң бөлімшеге шақыртып алып, үйімізде қанша жан бар, солардың барлығының саусақ іздерін алып, жеке-жеке түсінік жазғызып, ақыры «өткенде бір отбасы дәл осылай үйіміз тоналды деп арыз-шағым түсіріп, шықпаған шығынның орнын толтырып алмақ болған. Тексере келгенде, үйді өз кілтімен ашып, ақша мен бағалы заттарды ұрлаған өздерінің ұлдары екендігі анықталған» деп, айналып кеп өзімізге күдік тудырған сыңайдағы әңгімелер айта бастады.
«Жоғалғанымызды тауып берер» деп сенім артқан тәртіп сақшыларының мына сөзінен түңілгеніміз сонша, қолды бір сілтеп, кеттік те қалдық. Содан бері қаншама уақыт өтсе де, олардан тырс еткен хабар алған жоқпыз. Әлгіндей тірліктеріне қарағанда сүйінші хабар алмайтын да шығармыз» дейді тәртіп сақшыларынан күдер үзген әріптесіміз.
 Бұл – бір ғана мысал. Ал, әріптесіміз сияқты үйі тоналып, жиған-тергенінен бір-ақ сәтте айырылып қалғандар қаншама?! Осындай қылмыстардың ашылу көрсеткіші жоғарыдағыдай болса, ашылмай қалғандары одан он есе көп болуы мүмкін.
Пәтер немесе үй тонауды кәсіп еткендер осы бағыттағы көп қылмыстың ашылмай қалатынын, ашылған күннің өзінде жазасы қатаң болмайтынын біліп алса керек, әйтеуір, тапа-талтүсте үй тонау тыйылар емес. Сондықтан олардың сәл де болса айылын жидыру үшін құрықталған ұрыларды қатаң жазалау керек. Сонда ғана жұртты қан қақсатып жүрген ұрылар сәл де болса аяқтарын тартар ма еді?..
Пікір қалдырыңыз