Ғылымға негізделген қиял ғажайыптары

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».


Фантаст жазушы Жүніс Сақұрпағы (Сахиев) «Кеңістік көшпенділері» атты сериялы ғылыми романын 1971 жылдан бері жазып келеді. Бүгінге дейін қаламгердің «Тіршілік ұясы», «Борыш», «Шеңбердің түйісуі», «Көктен келген көшпенділер», «Марстан шыққан жаңғырық», «Қимайтын әлем», «Шолпанға көшкен ауыл», «Космотарих куәсі», «Су әлемінің саздары», «Жасампаздық қиырында», «Күзетші» атты кітаптары шыққан болатын.

Жүніс Сақұрпағының шығармашылығы жай фантастикаға, яғни ойдан шығарылған қиял-ғажайып оқиғаға құрылмайды, оның көп еңбектері ғылыммен тығыз байланысты. Айталық, жақында «Кеңістік көшпенділері» сериялы ғылыми романының жалғасы ретінде жазушының  «Жеке әлем» және «Құпия кеңістік» деген кітаптары жарық көрді.

«Жеке әлем» деп аталатын туындысына Дәрібек есімді бионик ғалымның ойлап тапқан комбинезоны арқау болған. Бұл бұйымның адам денесіне еш нәрсені үш метр бері  жақындатпайтын қасиеті бар. Дәрібектің кенже ұлы Әділбек оны киіп, спорт сайысына қатысып, ұзындыққа секіруден рекорд жасайды. Мұның сырын Дәрібек қана біледі. Бірақ, ол ұлының бетін қайтарғысы келмейді. Әділбектің мұндай ғажайып қабілетіне тәнті болған мектептегі ұстаздары оны жылдам жүгіру мен ұзындыққа секіруден өтетін үлкен жарысқа қатыстырғысы келді. Оған Дәрібек рұқсат етпеді. Әлібек кейіннен әкесіне еліктеп, әуеде қалықтайтын киім ойлап табады. Оқиға жас ғалымның осы жаңалығын ары қарай жетілдіру жолындағы ізденістерімен өрбиді.

 Ал, «Кеңістік көшпенділері» деп аталатын туындыда ғарышкер Есенмұрат өзі жастайынан армандаған аквонавт мамандығына ауысады. Кейіпкер мұхиттың түбіне өзге ғалым-аквонавттармен бірге ғылыми-зерттеу  жұмыстарын жүргізіп, құпия кеңістікке тап болады.

Жүніс Сақұрпағы жыл өткен сайын уақыт ағымымен үндесіп, жаңа қоғамға өзінің жаңаша бағытта жазылған дүниелерін ұсынып келеді. Қаламгердің еңбектері жас ұрпақты болашақтың техникалары мен технологияларын меңгеруге жетелей түсетіндігімен құнды.

Пікір қалдырыңыз