Раушан БЕКСЕЙІТОВА: «Диссертацияның алғашқы тараулары ауылда жазылды...»

Жұмабай ӘБІЛ – қазақ драматургиясын арнайылап зерттеген аз ғалымдардың бірі. Ол 1993-1995 жылдары кандидаттық, 1998-2000 жылдары докторлық диссертациясын жазды. Айналасы 5-6 жылдың көлемінде  тың да  ауқымды тақырыпты игеру  оңай емес еді. Жұмабай аға ғылым жолында нағыз нар көтерер жүкті көтере алған ғалым еді. Оның  «Қазақ комедиясы» (2000), «Жазба комедиясының даму ерекшелігі» (2001), «Қ.Мұхамеджанов драматургиясы» (2004) атты монографиялары драматургия саласын зерттеуге қосылған сүбелі үлес деп мойындалды. Сондай-ақ, әдебиеттану ғылымына «Алашұранды әдебиет», «Этнодеформация» концепциясын енгізіп, ғылыми айналымға қосқан ғалымның арманы бұл тұжырымдарды болашақта докторанттарымен бірге зерттеу болған еді.   2007 жылы   жол апатына ұшырап, өмірден ерте кеткен Жұмабай ағамыздың ғылыми жолы жалғасын табатынына, «Ғалымның хаты өлсе де, аты өлмейтініне» сенімдіміз, әрине. 

«Жақсының жары» айдары аясында Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің іргесін қаласқан азамат, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы-ғалым, журналист-публицист Жұмабай Әбілдің жары Раушан Бексейітова бізбен сыр бөліскен еді.
– Ең әуелі оқырманға өзіңізді таныстыра кетсеңіз. Естуімізше, сіз Арқа өңірінің тумасы боласыз. Жұмабай ағамен қалай таныстыңыздар? 
– Иә, Сарыарқаның қызымын. Дәлірек айтатын болсақ, Орталық Қазақстанның Қарқаралы ауданында туып-өстім. Жезқазғандағы педагогикалық институтты орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп, қаладағы музыкалық училищеде жұмыс істеп жүргенде кездейсоқ Жұмекеңмен таныстым. Бізді ағаңмен қайыңсіңлім Роза таныстырды. Училищенің жоғары курсында оқитын Розамен құрбымдай жақын араласып кеткен едік.  Бір күні ол өзінің сүрбойдақ ағасының барын,  оқыған, білімді, парасатты жігіт екенін айтып, мақтауын жеткізді. «Менің ағама лайықты жан сіз ғанасыз» деп екеумізді таныстыруға асықты. Жұмекең екеуімізді тағдыр қосты. Қызылордадан ұшақпен ұшып келіп, менімен кездесті.  Кешке дейін сырласып, жұбымыз жазылмады. Жазған хаттарынан-ақ оның өте білімді, интеллектуал адам екені аңғарылатын. Бір көргеннен ол да, мен де бір-бірімізді ұнаттық. Жасандылығы жоқ, аузын ашса жүрегі көрініп тұрған ақпейіл жанға ықыласым оянды. «Бақытымды таптым!» дедім іштей. Қол ұстасып Қызылордаға жол тарттық. Сөйтіп, 1985 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Бірлік ауылына келін боп түсіп, босаға аттадым. Екеуміздің қосылуымызға дәнекер болған қайыңсіңлім кейіндеу жүрек талмасынан қайтыс болып кетті. Ол кезде Жұмекең тірі. Ол қатты қамықты, бұл өлім бәріміздің қабырғамызды қайыстырған ауыр қаза болды.
– Естуімше, Жұмабай аға жасынан оқуға құштар, білімділігімен көзге түскен, талапты шәкірт болған. Ол кездегі оқу бітірген көп адамның арманы Алматыда қызметте қалу болатын, не себепті аға Алматыда қалмады екен?
–  Жұмабай ағаң бүгінгі ҚазҰУ, ол кездегі КазГУ-дің журналистика факультетін бітірген. Иә, ол жасынан оқуға құштар, білімділігімен көзге түскен, белсенді, талапты студент болыпты. Оқуға кештеу, ересек тартқан 22 жасында түскен екен. «Ол кезде журналистік мамандық тек Алматыдағы КазГУ-де ғана даярланатын, конкурс өте жоғары болатын» дейтін Жұмекең марқұм. Сабақты үздік оқып, студент кезінен ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен ол  университетте Мұхаметжан Сералин атындағы әдеби бірлестіктің жетекшісі болған. Осы бірлестікте алғашқы шала-дүмбілез  жырларымен көрінген жас қалам иелері бүгінде белгілі журналист-публицист, жазушы болды. Бұл бірлестікте Жұмабек Кенжалин, Нұрғали Ораз, Жолтай Жұмат, Мұхтар ҚұлМұхаммед, сол кездегі бірінші курс студенті Алтынбек Сәрсенбаев тырнақалды туындыларын оқып, талқылаған көрінеді. Жұмекең осылай  көптеген дарынды жастардын қабілет-қарымын танып, талай «бұлақтың» көзін ашуға мұрындық болыпты. «Темірқанат» деген атпен студент қаламгерлер шығармаларының жинағын құрастырып, кітап  шығарады. Ортасы оның айтқан сөзіне тоқтайтын, сыйлайтын. Студенттер оны «біздің Белинский» деп атайтын. 
...Иә, сол кездегі көп адамның арманы Алматыда қалып, қызметке тұру  болатын. Бірақ, отбасы жағдайына байланысты Жұмекең ауылға қайтты. Алматыдан жұмыс табылса  да Жұмекең қарт анасының сөзін тастай алмай ауылға келеді. Алғашында аудандық газетте орын болмағандықтан бірер жыл мәдениет бөлімінде жұмыс істеген. Сосын  «Жаңақорған тынысы» газеті редакциясына алғашында корректор болып қабылданып, кейін  әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып еңбек етті.  
– Өз басым 1988 жылы Жұмабай ағаны Жаңақорған аудандық газетінің редакциясында кездестірген едім.  Ол кісі сол кезден әдебиет, өнер тақырыбына қалам тартатын. Сірескен  ресми материалдардың арасынан ағаның мақалалары оқырманға жылы леп, ерекше әсер беруші еді?
– Иә, әдебиет пен өнер ағаңның төл тақырыбы болатын. Театрды сүйетін. Студент кезінде Алматының екі театрының, әсіресе, М.Әуезов  театрының репертуарын түгел көріп шыққан. Кей қойылымдарды бірнеше рет көруден жалықпайды екен. Театр тақырыбына  қалам тартқан оның мақалалары сол тұстағы республикалық газеттерде жиі жарияланды. Қойылым, премьераларды былай қойғанда, театрдың тыныс-тіршілігімен танысамын деп олардың репетициясына дейін қатысатын көрінеді. «Солай репетицияларға дейін қуалап жүргенде дәрістерді жіберіп алып, декан Т.Қожакеевтен «таяқ жеп», оқудан шығып қала жаздағаным бар» деп еске алушы еді. Жұмекеңді оқу бітірген соң театрдың әдебиет бөліміне алып қалмақ болған, ғылым жолына шақырған ұстаздары да болған екен. Бірақ, өзінен үлкен ағасы қайтыс болып, отбасында дағдарыс болды. Ізінен ерген іні-қарындастарын, ағасының балаларын ойлап, анасына сүйеу болуды көздеп ауылға оралды. 
... Иә, «Жаңақорған тынысында» ол әдебиет пен өнер тақырыбына  көсілте жазды. Сыр өңірі өнерпаздары туралы сериялы мақалалар жазды. Роза Бағланова, Сәбира Майқанова, Әнуар Молдабеков,  Мәдина Ералиева, Оралхан Бөкей, Асанәлі Әшімов, Сағи Әшімов, т.б. қазақтың өнер тарландары туралы, олардың шығармашылықтары туралы көркем де ойлы дүниелер ұсынды. Сәбира апаймен хат жазысып тұрушы еді. Бірақ, сол редакция үйі өртке оранып, бүкіл архив жанып кетті дегенді естідім. «Қап, әттеген-ай, Жұмекеңнің жазғандарын кезінде көшірме жасап та алмаған екенбіз» деген өкініш өзегімді өртейді.    
– 1991 жылы Түркістанда университет ашылғаннан кейін ол кісі ғылымға келді ме? Ағаның ғылым жолына түсуіне кім себепкер болды?
 – 1991 жылы Жұмекең газеттен Жаңақорған аудандық «Қазақ тілі» қоғамына қызметке ауысты.  Сол жерде қызмет істеп жүріп, 1992 жылы Алматыда аспирантурада оқыды, ауылда жүріп кандидаттық диссертациясының алғашқы тарауларын жаза бастады. 
1993 жылы Түркістанға келіп Мекемтас Мырзахметұлына жолыққан екен. Ол кісі бірден қолдап, қызметке шақырған. Сөйтіп, Жұмекең профессор Мекемтас Мырзахметұлының қолдауымен Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті журналистика кафедрасына оқытушы болып қабылданды. Сейдолла Садықовпен бірге жаңа ашылған журналистика кафедрасының іргесін қаласты. Кейін қазақ әдебиеті қафедрасына ауысты. Осы кафедрада аға оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Екі жылда кандидаттық  диссертациясын жазып,  Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің диссертациялық кеңесінің ұсынысымен  қорғауға жіберілді. Ағаның ғылым жолына түсуіне себепкер болған  – атақты ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы.   Ал, академик Рахманқұл Бердібайды әкесіндей сыйлайтын. Профессор, белгілі алаштанушы, драматургия зерттеушісі  Рымғали Нұрғали, академик Зәки Ахметов, академик Зейнолла Қабдолов, профессор Дандай Ысқақов, әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаев сынды ғалымдарды ұстаз тұтушы еді Жұмекең марқұм.
– Отбасында қандай еді ағамыз? Қандай жар, қандай әке болды?
– Жұмабай ағаң адал жар, асқар тау әке, бауырларына өте мейірімді, қамқор аға бола білген керемет жан еді. Жұмекең туралы өткен шақта айту да, ойлау да  маған өте ауыр. Мені алақанына салып аялап өтті. Ол кісі тек  маған ғана емес, туған-туыстарына да, шәкірттеріне де, әріптестеріне де  сенімді серік, сүйеніш-тірек бола алды деп ойлаймын...
– Әдебиеттанудың ең бір күрделі жанры, кенже қалған драматургияны зерттеуге барған батылдығы, осы салада кандидаттық, докторлық диссертацияларын сәтті қорғап, ғылымға олжа салғаны кезінде жаңалық ретінде қабылданды. Ағаның ғылыми айналымға енгізіп кеткен теориялық  концепциялары жаңа өріске бастаған бетбұрыс еді. Жұмабай ағаның  осы еңбектері еленді ме, өз бағасын алды  ма?
– Расында, Жұмекеңнің  ғылыми айналымға енгізіп кеткен теориялық концепциялары жаңа өріске бастаған бетбұрыс болды. Ол жөнінде көптеген зерттеу мен еңбектерде жазылған. Жұмекең драматургия саласын зерттеуді ертерек, студенттік кезден бастаған. Ол сабақтан бос уақытында Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының репетицияларына қатысып, өзінің драма шығармалары туралы, әртістердің шығармашылығы туралы, режиссердің идеясы мен жаңашылдығы туралы, пьесалардың өмірмен байланыстылығы туралы ойларын дәптеріне түсіріп отыратын болған. Репетициялар қалай болды, актер режиссер сенімінен шықты ма, қойылымда ол қай дәрежеде рөлді алып шықты, бүге-шігесіне дейін зерттейді екен. Жазған мақалаларына сол тұстағы театрдың бас режиссері, көркемдік жетекшісі Ә.Мәмбетов талай рет ризашылығын танытыпты. Әзірбайжан Мәмбетовпен еркін пікірлеседі екен. Әзірбайжан Мәмбетовті қатты құрметтейтін. Көптеген әртістер жөнінде де, атап айтқанда, халық әртістері Хадиша Бөкеева, Сәбит Оразбаев, Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріповалардың шығармашылық портрет-теріне арналған мақалалары республикалық басылымдарда  шығып тұратын. Алматыда гастрольде болған МХАТ-тың  атақты әртістері И.Смоктуновскийден, А.А.Вертинскаядан да сұхбат алып,  ол мақаласы  «Лениншіл жаста» жарияланып, оқырмандар, театрсүйер қауым жоғары бағалаған. Негізі, Жұмекең драматургия саласын жетік білетін, түсінетін, осы салаға шынайы берілген жан еді. Халық драматургиясы мен қазіргі  драматургияны, шетел драматургиясы мен ежелгі грек драматургиясын да  салыстыра талдап, жіліктеп беретін. Осы бойындағы жиған бар білімін, театрға деген сүйіспеншілігін өзінің ғылыми еңбектерінде көрсете білді ғой деп ойлаймын. Қазақ комедиясына арналған докторлык диссертациясын аяқтағанда жетекшісі Рымғали Нұрғалиев «көңілім толған диссертантымның бірі де бірегейі өзіңсің, бек ризамын» деп шынайы алғысын айтты» деуші еді.
– Жұмабай ағаның шығармашылық лабораториясы, жұмыс істеу тәсілі қандай еді? Қысқа ғана ғұмырында осынша еңбек жазуға үлгергеніне қарағанда, аға күй талғамайтын, өнімді жазатын адам болған сияқты.
– Жұмекеңнің шығармашылық лабораториясы, жұмыс істеу тәсілі туралы бір сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Шабыт келсе, кез келген кезде қағаз бетіне өзінің керемет ойларын жазып, түсіретін. Жұмекең көп оқып, көп ізденетін. Қысқа ғана ғұмырында осынша еңбек жазуға үлгергеніне қарағанда, ағаң шынымен күй талғамайтын адам болғаны рас. Ол қашанда асығыс еді. Үнемі асығып жүретін. Өмірінің қысқа болатынын сезгеннен асыққан да болар... Аяқ киімінің екінші парын сыртта киетін, костюмін желбегей жамылып асығып шығып кететін. Асығулы болды... Өмірде өте қарапайым жан ғой, өзің де көзін көрдің. «Білдей  профессорсың, дұрыс киім алайық, дүкенге барайық» десең жай ғана жымиып, «қажеті не, бар ғой, болады ғой» деп жазу үстелінен тұрмай, жұмыс істеп отыра беруші еді. Қызы өскен соң ол да әкесінің киіміне мән беріп, екеулеп үгіттесек те дүкен аралауға көндіре алмайтынбыз. «Жарайды, қоймадыңдар ғой, міне, ақша, өздерің сатып алып келіңдерші»  деп қозғалмай қағазға шұқшиып отыра беруші еді. Өте еңбекқор болды, көп ізденетін. Бос әңгіме, қыдырыстан бір-екі бет болса да оқығанды құп көретін. Театрды, өнерді сүйетін, терең түсінетін эстет адам еді. 
– Ағаның әдеби, ғылыми мұрасының жайы, ендігі тағдыры не болмақ? 
– Жұмекеңнің әдеби, ғылыми мұрасы туралы айтатын болсақ, меніңше, ол өзінің ғылымда белгілі бір орнын алған сияқты. Оның мұрасына қазіргі талантты жастардың қызығушылығын байқауға болады. Жұмекең жол салып кеткен қазақ драматургиясы тарапында  қызықты зерттеулерді де кездестіруге болады. Әрине, Жұмекеңнің еңбектерін толық түсініп бағалау көп уақыт пен ғылыми талғампаздықты қажет етеді. Уақыты келгенде ол қолға алынады, әрі қарай жалғасады деп сенемін.  
Жұмекеңнің қызы,  жалғыз тұяғы –  Гүлзада Әбіл филология   ғылымдарының магистрі. Оның магистрлік диссертациясы тікелей әкесінің  шығармашылығымен байланысты болды. Әкесінің шығармашылығын зерттеді. Болашақта осы жұмысын жалғастырады деп үміттенемін.
– Мазмұнды әңгіме-сұхбатыңыз үшін көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан  Әтіргүл ТӘШІМ, 
журналист. Түркістан қаласы.
Пікір қалдырыңыз