Аңыз адам

 1984 жылдың тамыз айы еді. Отырар ауданына қарасты «Балтакөл» қаракөл қой кеңшарында аға прораб қызметін атқарып жүргенімде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ұланбек Арғынбеков бюрода мені «Балтакөл» кеңшары партия комитеті хатшылығы қызметіне ұсынып, облыстық партия комитетіне хат берді.

Облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің кадр ісі бойынша бас инспекторы Розақұл Халмұрадов мені және мен сияқты кандидаттарды обкомның екінші, үшінші хатшыларымен қатар, бөлімдердің қабылдауынан өткізіп, ең соңында обкомның бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың қабылдауында берілетін сұрақтардың жобасымен таныстырып, қайта-қайта пысықтаудан өткізді.
Сонымен, обкомның бірінші хатшысы қабылдайтын күн де келіп жетті. Асанбай Асқаров кіріп төрдегі орындыққа жайғасқаны сол, Халмұрадов мінбеге шығып, кадрлардың өмірбаяндарымен таныстыра бастады. Бюро мүшелері сұрақтар беріп, қорытынды шешімді Асанбай Асқаровтың өзі шығарып отырды. 
Кезек маған да келіп жетті. Таныстырудан соң бюро мүшелері партия құрылысы мен жарғысынан сұрақтар беріп мені шатастыра бастағанда Асанбай Асқаров оларды тоқтатып, «ата-бабаң, әке-шешең не жұмыс атқарған?» деп өзі сұрақ қойды.  «Атам Тәтібай малға бай болған, кәмпескеде малын өз еркімен берген, ал, әкем Ибадулла колхоздың қойын, сиырын баққан» деп жауап бердім.  «О, бұл Серікбай нағыз шаруаның баласы екен ғой» деді Асқаров көңілденіп. 
– Бүгінгі таңда Қызылқұм жайылымы қалай? – деп сұрады сосын.
– Жақында ала бұлт келіп біздің совхоздағы 10 шақты құдық айналасының жусанын күйдіріп кеткені болмаса, – дей бергенім сол екен, «сонда ол құдықтарға енді мал жаюға болмай ма?» дегені.
– Жоқ, жусан қайта көктейді, бұл уақытша залал, сосын әр айдың оты бөлек, – дегенде ол кісі облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы Уәлихан Сүлейменовті тұрғызып, біраз анықтама жинау жөнінде тапсырма берді.
Сосын маған қарап «міне, осындай шаруаны жақсы білетін жастар ел басқаруы керек» деп қорытынды жасады. Ол кісінің байсалды мінезі, жылы жүзі әлі көз алдымда. 
Сонымен, «Балтакөл» қаракөл қой кеңшарына партия ұйымының хатшысы болып тағайындалдым. 
1985 жылы наурыз айында «обкомның бірінші хатшысы Асанбай Асқаров Қызылқұмды аралайды» деген хабарды естіп, кеңшар директоры Мырзахмет Темірбеков бастап, дайындық жұмысына кірістік. Облыс басшысын кеңшардан 120 шақырым жердегі «Босаға» фермасында күтіп алуды жоспарлап қойдық.
Айтылған уақытта ол кісі қасындағы 4-5 жауапты қызметкерімен бірге «АН-2» ұшағымен  ұшып келді. Содан автокөлікпен шопандарды араладық. Тақырдағы үш отарды аралап келген соң «Босағадағы» қонақүйге жайғастырдық. Мен жол бастап жүру мен ас-ауқатқа жауапты болатынмын. 
Ас-ауқатқа отырған кезде төл алуға даярлық барысы жайлы кеңшар директорлары – «Балтакөлден» Мырзахмет Темірбеков, «Овцеводтан» Жарылқасын Төлбасиев, «Ақтөбе» кеңшарынан Қожахмет Құдайбергенов қысқа-қысқа баяндады. Ортаға салынатын мәселелер аз емес. Әсіресе, жем-шөп қыстау басына жеткізіліп қойылуы қажет. Себебі, көктемгі жауын-шашын кезінде жүгі бар көліктердің батпақта жүруі қиындап кететіні белгілі.
Мен далада бірнеше қазақы ошақта дайындалып жатқан ас-ауқаттың айналасында жүрген болатынмын. Асанбай Асқаровтың көмекшісі, ұзын бойлы, аққұба реңді, аяғында лакталған туфлиі бар, үстіне костюм-шалбар, аппақ көйлек киген, қып-қызыл галстук таққан жас жігіт мені шақырып, бірталай кемшілік айтып, «мына тамақты беруді тоқтат» деді. Ошақтар әктеліп, ақ матамен қоршалуы керектігін, ағаш емес, темір ожау болуы керектігін айтып, сонымен қатар қазанда қойдың басы мен жылқының басы неге бірге салынып асылып жатқанына дейін сұрады. «Мына поварларыңның халаты, санитарлық кітапшасы қайда?» деп мені жерден алып, жерге салып, «ертеңнен бастап сен жұмыстан кетесің» деп үрейімді ұшырмасы бар ма?!
Не керек, директор Мырзекең бірінші хатшының көмекшісі Жеңісбекпен сөйлесіп, әупірім-тәңірмен кісілердің кешкі ас-ауқатын бердік. Қазақша ет тағамын берерде тайдың шекесін кіргізіп, артынан тайдың жамбасы, тоқпан жілігі, тағы басқа сыбағалардың әрқайсысын бөлмей, жал-жая, қазы-қартасымен алдарына легенмен қойғанда Асанбай Асқарұлының көңілі бір көтеріліп, керемет тілек айтты. «Елдің құрметіне рахмет! Мынадай сыбаға жіліктерді бүтін қоюды алғаш рет көруім. Бұл құрмет бізді өмір сүруге, елге қызмет етуге жетелейді» деп біраз сөйледі. Мен болсам «енді не дейсің?»  дегендей, Жеңісбекке қайта-қайта қарап қоямын.
Дастарқан басында ұзақ әңгіме-дүкен болды. Түнгі 11-де ол кісі  «демалайық, менің қасымда партком хатшысы қалсын, қалғандарыңызға рұқсат. Жеңісбек, саған да рұқсат» деп сыртқа шықты. Мен жатын бөлмеге көк шай, сусын, жеміс-жидек әкеліп, кереуетін реттеп бердім де, өзіме залдағы диванға төсек салып ыңғайлап қойдым. 
Асанбай Асқарұлы киімін ауыстырып жатып, менен ананы-мынаны сұрап қояды, қысқа-қысқа жауап берудемін. Негізгі сұрақтары елдің тұрмысы, осы аймақтан шыққан азаматтар жайлы. Ол заманда ру туралы әңгіме болмайтын. Бірақ, мен бұл жер негізінен Қоңырат руының Көтенші атасынан Бес-ата Жаманбай ұрпақтарының өмір сүріп келе жатқан жері деп ежелеп айтқанымда қарқылдап күліп алды. 
– Негізі «Балтакөл» Жаманбайдан тарайтын Қыл белбеу – Құрбан аталардың Құрбан ата ұрпағы Көтен руының жері, – дегенімде қайта сұрады.
 Елден шыққан белгілі азаматтар жайлы сұрағына «Социалистік Еңбек Ері Мұсахан Әжіғабылов, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болған Құттыбай Әжітаев, озат шопан, «Октябрь Революциясы» орденінің иегері Тұрлыбек Тәтібаевтың ауылы» деп енді баяндай бастағанымда жәй тоқтатып «Серікжан, мен бұл елден шыққан тарихи тұлғаларды сұрап отырмын» дегені. Ойланып үнсіз қалып едім, «жарайды, бағана дастарқанға тайдың жіліктерін «сыбаға» деп шақпай әкеліп қойдыңдар, мұның да сыры бар ма?» деп сұрақты өзгертті.
Тайдың жіліктерін ел басқарған ағаларға «сағы сынбасын» деп шақпай қоятынын аталарымыздан естігенімді, қандай жілік кімдерге қойылатынын, тайдың, қойдың бастарын қалай жағалату керек екенін ежелеп айтып бергенімде, «сен өзі жас кезіңде үлкендердің арасында көп болған құйма құлақ жігіт екенсің» деді мейірленіп.
Таңертең таңғы астан соң жолға шықтық. Бес «Уаз» автокөлігімен қалың құмға кіріп, небір асулардан асып келеміз. Біздің кеңшардың екі шопанының, «Овцеводтың» екі шопанының қыстауын көріп, соңғысынан түскі ас ішу жоспарланған екен. Сол жерден түстендік. Киіз үйдің ортасына пәс шәй стол қойып, айнала көрпеше төселген. Ортаға төрт-бес легенмен ет әкелінді. 
Асанбай Асқарұлы сол «Овцевод» кеңшарындағы шопанның үйіндегі дастарқанда бір сөзінде «Ұланбек Алдиярович, мына «Балтакөлдің» партком хатшысы нағыз қазақы бала екен, шаруаны да, шежірені де, кісі күту қызметін де жақсы білетінін байқадым» деді. Ұлекең де бір-екі ауыз жақсы сөзін жеткізді. Ас-су ішіп сыртқа шыққанда кеңшар директорларынан басқа азаматтар қайта берсін деген соң Асанбай ағамыздың қолын алып қайырластық. Автокөлікке мініп жатқан Мәуленқұловтың қолын алып, жолына сәттілік тіледім. Ол қолымды ұстап тұрып, «сен аудан, облыс басшыларының жақсы деген бағасын алдың» деді күліп. Мен «жұмыс» дей беріп едім, «сен қызметіңде қалдың. Осылай жұмысыңның шаңын шығарып істей бер» деп қолымды сілкілеп барып босатты.
Міне, сол Жеңісбек Мәуленқұловпен бүгінге дейін сыйласып, қатар өмір кешіп келеміз.   
Сол 1985 жылдың шілде айы болуы керек, Асанбай Асқарұлы істі болып жұмыстан кетті. Артынша көп ұзамай Ұланбек Алдиярұлы да істі болып кете барды. 
Міне, осы екі кісінің бастарына іс түскенде ішім ашып, сол кездегі биліктің кейбір саясатына қапа болдым. Қолдан келер шама жоқ. Кейіннен Асекең де, Ұлекең де ақталып шығып, төбеміз көкке жетті.
Асанбай Асқарұлының сол баяғы маған деген ықыласынан қайраттанып, кеңшар директоры, аудандық қаржы бөлімінің бастығы, қала әкімінің орынбасары, аудан әкімі, облыстық басқарма басшысы қызметтерін «шаңын шығарып» атқардым. Облыстық мәслихат депутаты болып сайландым. 
2009 жылы ерте көктемде облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов шақырып, «Сәке, мына дендросаябақты қалпына келтіруіміз керек. Штаб құрдым. Қала әкімінің бірінші орынбасары бар, облыстық мекемелерден 
15 адам бар, сол штабты сіз басқарасыз» деп өкімді қолыма ұстатты.
Мен штаб мүшелерін жинап іс-шара кестесін жасадым.  Күніге 20-30 көлік қоқыс шығарамыз. Бір жағында құрылысшылар тротуар, бордюр төсеп, арка орнатып жатты. Тамыз айында ашылу салтанатына Асанбай Асқарұлының үйіндегі жеңгемізді Алматыдан шақырып, үлкен іс-шара өткіздік. 
Асанбай Асқарұлының ықыласы ауған Исмат Тұрсынқұлов, Сұлтан  Сүгірбаев, Жеңісбек Мауленқұлов сынды азаматтардың ел басқару ісінде еңбектері шексіз дер едім. 
Биыл – Асанбай Асқарұлының  100 жылдық мерейтойы. Ол кісі елдің есінде тарихи тұлға, аңыз адам болып қалары сөзсіз.

Серікбай ИБАДУЛЛАЕВ, «Құрмет» орденінің иегері.
Пікір қалдырыңыз