Ғасыр қолтаңбасы көзден ғайып болмасын

Пернебай САПАР, «Ońtústik Qazaqstan».

Құпияға толы үңгірлер
Арыс ауданына қарасты Қожатоғай елді мекенінен оңтүстік-шығысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан Дастарбасы тауында 15 үңгір бар. Ол жерден неолит-энеолит дәуірінің шақпақ тас қарулары мен қола дәуіріндегі қыш бұйымдарының қалдықтары, тасқа салынған тең төртбұрышты крест, тоғызқұмалақ ұялары, төртбұрышты және сегіз бұрышты жұлдыз, күн бейнесін ойып түсірген науа, аузын ашып тұрған қолтырауын, ұшуға даяр тұрған құстың суреттері мен қыш бұйымдар, тас дәуіріне жататын құралдар, қола дәуірге жататын керамика сынықтары мен тас болып қатып қалған белгісіз жануарлардың сүйектері мен тістері табылған.

Сүйектер де сөйлейді
– Арыс ауданының кең жазирасы тарихи, табиғи туризмнің орталығы болуға әбден-ақ лайықты. Ол үшін көне тарихи-мәдени мұраларды тиімді пайдаланып, оларды қорғау, сақтау, зерттеу, құжаттау жұмыстары атқарылуы керек. Алғашқы зерттеулер бұл өңірдің әр дәуірдегі археологиялық ескерткіштерге толы екендігін растайды, – дейді археолог Серік Зарапұлы.
Қожатоғай жеріндегі тасқа қатқан сүйектер туралы Б.Қо­жам­құлова мен Т.Нұрымов «Шымкент облысының омыртқалы қазба жануарларына қысқаша шолу» атты ғылыми мақаласында кеңінен тоқталады. 
Айта кетейік, 1924-1926 жылдары В.Д.Принада, 1938 жылы А.Н.Рябинин секілді ғалымдар Сарыағаш, Түлкілі сай, Айғырұшқан, Әлімтау, Қырыққұдық маңдарына палеонтологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, мезозой дәуірінде өмір сүрген велоцираптар, монголнензис, орнитомимус, азиатикус, годрозавр, бантрозаврлардың, динозаврдың толық сақталмаған бас сүйектері мен анкилозаврдың сүйектерін тапқан болатын.
Ал, Қожатоғай ауылдық мектебінің сол кездегі директоры Еркебай Бүрлібаев Дастарбасы маңынан белгісіз жануардың ірі сүйегін тауып алып, мектептің музейіне қойған. Өкінішке қарай, бертін келе ол сүйек жоғалып кеткен.
Археолог Серік Зарапұлы «бұл үңгірлердің пайда болу кезеңі өте әріден басталады. Олар Нұра тауы мен Мұрынқарақ тауының етегінде, Жарсуат жерінде, Дастарбасы, Айғырұшқан, Тасқотан, Керегетас, Қотырқойлық, Аққойлық секілді тау сілемдерінің қойнауларында жатыр. Ең көп үңгірлер Дастарбасы тауында кездеседі. Бұл жер әсем табиғат көрінісімен және жыралы қойнаулардың көптігімен ерекшеленеді. Біз осы үңгірден тасқа біте жабысып қалған омыртқа сүйектің жартысын, кішігірім қабырға сүйегін таптық. Сүйектің ұзындығы 40 см, жалпақтығы 10 см. Күнделікті көріп жүрген омыртқа сүйекте екі қабырға жалғасса, біз тапқан омыртқа сүйегінің екі жағында және үстіңгі жағында ұзын келген үшінші қабырға бітесе біткен. Сондай-ақ, осы үңгірден қоңыр түсті тіс, омыртқа, жамбас сүйектерін тауып алдық» дейді. Бұл сүйек қаңқалары Арыс өңірінде кенжелеп қалған палеонталогиялық ескерткіштерді зерттеу мәселесін қолға алуды сұрап тұрғандай. Бірнеше миллиондаған жыл бұрынғы табиғат әлемін, жан-жануарлар дүниесінің қандай болғанын зерттеу – алдағы уақыттың еншісі.

Адам атаның ізіндей...
Ғылымға көз жүгіртсек ертеде алып адамдардың өмір сүргеніне дәлелдер өте көп кездеседі. Ұлыбританияның Уилмингтон аумағынан (Суссенс графтығы) 70 метрлік, Цернод (Дореет графтығы) жерінен табылған 50 метрлік алып адамдардың сүйектері, АҚШ-тың Огай, Висконсин штаттарынан салмағы 30 келі келетін мыс балта, 1960 жылы Сібір жерінен табылған үлкен жебенің ұшы, АҚШ-тың Невада штатынан, Мексикадан табылған табан іздер сөзімізге нақты дәлел болады. Ғалымдардың есептеуінше Невада штатынан табылған іздің жасы 248 млн. жыл, ал, Түркіменстаннан табылған іздің жасы 150 млн. жылға тең.
«Осындай алып адам Арыс өңірінде, Дастарбасы тауында да өмір сүрген» деуге толық негіз бардай көрінеді. Себебі, Дастарбасы тауында алып адамның тас бетіне түскен жалаң аяқ ізі жатыр. Бажайлап қараған адамға іздің тауға шығып бара жатқаны аңғарылады. 1972 жылы археолог Х.Алпысбаев ежелгі адамдар тұрған жайды тапқанын ескерсек, бұл тарихи дәлелдің шындыққа жақын екенін байқаймыз. Тас бетіне терең ойылып түскен із адамның оң аяғының ізіне өте ұқсас, одан адамның бес саусақ ізі, табанының жартысы ап-анық білініп тұр.

Киелі жерге де күтім керек
Дастарбасы тауындағы таңбалар, белгілер мен обалар бұл жердің VІ-VІІ ғасырларда Сыр өңірін мекендеген түркі халқының киелі де қасиетті жері болғанын айғақтап тұрған сыңайлы. Оны Дастарбасы тауының шығыс жағындағы аласа үңгірге қатарынан екі жыл (1835–1836 ж.ж) келіп, өз атын және қай жасқа толғанын жазып қалдырған молда пір Мұхаммад Алтайұлының қолтаңбасынан да аңғаруға болады. Классик жазушы Төлен Әбдіковтің «Алатау батыр» кітабында Сапақ датқа, Жаманқара батыр мен Майлықожа ақынның Дастар қобаға зиярат жасап, құрбандыққа мал шалып отырғаны айтылады.

Р. S. Өңір тарихы туралы алғашқы деректемелерді жазған Еркебай Бүрлібаев. Кейінірек аудандық және облыстық баспасөз беттерінде С.Ахмет, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің деканы Ж.Таймағамбетов және Шымкенттегі «Археология және этнология» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі З. Исабеков ғылыми-танымдық мақалалар жариялады.
Алайда, ежелгі тарихи ескерткіштерге бай өлке қараусыз, күтімсіз жатыр. Қызықтап келушілер киелі жерді қазіргі заманның жазу-сызуына толтырып тастаған. Үңгірлер топырақпен көміліп барады. Беймәлім адамдар тастарын сындырып алып кетіп жатыр. Дастарбасы шөлейтте орналасқандықтан жол қиындығы мен су тапшылығын сылтау еткендер ғасырлардың куәсін қолдан жойып отыр. ХХ ғасырдың археологтары бұл мәселені жан-жақты зерттеуге белсене қоймаған. Сол бойкүйездік бүгінгі ғасырға да тән болып тұр. Тарихи және табиғи ескерткіштерді қорғап күтудің барлық шарт-ережелері сақталса, Дастарбасы қазірдің өзінде төтенше құбылыстарды жақсы көретіндердің, тарихи және табиғи туризммен айналысатындардың сүйікті орнына айналар еді.
Пікір қалдырыңыз