Ақша жымқырған алтау

Күні кеше Арыс қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің алты қызметкеріне сот үкімі шықты. Оларға пандемия кезіндегі төтенше жағдай мен шектеу шараларына байланысты азық-түлік пен тұрмыстық қажеттілікке бөлінген қаражатты жымқырды деген айып тағылды.

Айыпталған алты адамның қатарында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, оның орынбасары, көмек секторының бас маманы, есепшісі және есепшінің 2 көмекшісі бар. Олар тұрмысы төмен тұрғындарға бөлінген 120 млн. теңгені талан-таражға салған. Сот отырысында шенеуніктердің пандемия кезінде 29 азаматқа көмек ретінде бөлінген 2 900 400 теңгені заңсыз аударып алғаны анықталған.
Арыс қалалық сотынан келген ақпаратқа сүйенсек, олар өздерінің туыстары мен таныстары болып келетін қаланың 138 азаматына ақшаларды негізсіз аударған. Сөйтіп, мемлекетке жалпы көлемі 123 493 688 теңге материалдық залал келтірген.
Сот үкіміне сәйкес, бөлім басшысы мен оның орынбасарына Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы «Аса ірі мөлшердегі сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оларға өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Сондай- ақ бөлімнің бас маманы үш бап бойынша кінәлі деп танылды. Ал, есепшінің көмекшісі 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 28-бабы 5-бөлігі, 190-бабы 3-бөлігінің 2,4-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алайда, есепшінің көмекшісі қызметін атқарған айыпталушы Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, яғни жүкті немесе жас балалары болуына байланысты жазасын тек 5 жылдан кейін өтейтін болды. Ал, оған дейін пробациялық есепте тұрады. Сонымен қатар, есепшінің тағы бір көмекшісі мен бөлімнің көмек секторының бас маманы да Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылды. Оның біріне – 7, екіншісіне 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олар да жазасын бес жылдан кейін өтейтін болды. Жұмыспен қамту бөлімінің басшысы, орынбасары және есепші жазаларын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Д.ЖҮСІПОВ.
Пікір қалдырыңыз