Көкірегі ыстық дүние

Сүйем мен сені, сүйем мен сені
Көкірегі ыстық дүние –
Тұратын ылғи сағыну менен аңсаудан...

Төлеген Айбергенов.

Тәте
Аға сұлтан, қалың қазақ қарадан шыққан хан деп әспеттеген жайсаңымыз, асыл Құнанбайды да айналасындағы жастар, балалар жағы Тәте деген, даңқты жырау Жамбылды да талайлар Тәте депті, ақын Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай да, әпке-қарындас, інілері де әкесін Тәте деді, менің апам Күлжан, нағашым Ажымахан да әкесін Тәте дейтін. Яғни қазақта ер адамды да Тәте дей береді. Ал, әпкелері мен апаларын Тәте деу – болса да үйреншікті құбылыс. Біздің Ғалым да әкесінің ағасы Ысқақты Тәте дейді екен. Тәтесі – Созақ аймағының перзенті. Қасиетті Қазақ жерінің талай өңірін араладым. Жетісудағы Нарынқол аймағы, Оңтүстіктің Теріскейіндегі Созақ аймағы – осынау екі өңірдің табиғатында да, адамдарының болмыс-бітімінде де өзіндік ерекшеліктер, аңдап қарасаңыз, мен мұндалап тұрады. Кәдімгі өзіміздің қазақ. Ал, мынадай сипаттарын бірден байқайсың. Ынтымақшыл. Бауырмал. Кеудесі жоғары. Қазақылығы күшті. Өнер мен білімге ұмтылысы қандай! Аса ұйымшыл. Тектерінде де, тәрбиесінде де бір жасампаздық бар. Арасы үзілмеген, жалғасты жасампаздық.  Кейде былай ойлайтыным бар: осы Созақ пен Нарынқолдың жасампаздық қасиетін күллі жер бетіндегі қазақ атаулыға мінез-болмыс қып берсе ғой деп.  Осылай армандағаннан ба, бұл екі аймағымыздағы ағайындарға әрдайымда бүйрегім бұрып тұрады. Ал енді сондай ортада  туып, қанаттанған, қызығы мен шыжығы мидай араласқан қым-қуыт өмір бәйгесінде талай қиқуды бастан кешкен   Ысқақ Тәте жайында, Құдай сәтін салып тұрғанда сөз сабақтайын.  Ғалымның бір арқасүйері. Жанашыры. Ғалымды білесіздер, «Қазақстан» Теледидары мен Қазақ радиосында табан аудармай қырық жылға жуық қызмет істеген майталман журналист, екеуіміздің  достығымызға да отыз жеті жыл болыпты-ау,замандастар өмірін өзек етіп жаза бастаған кітабымның ең басты кейіпкері. Ғалым Смағұл- ұлы Есенсариев. Менің де,  осынау  Ғалымның да мамыражай заманда оқып, білім алуымызға, қызмет қылуымызға Ысқақтай жасампаздардың ықпал-әсері аз емес еді ғой. Алдыңғы буын жанашырлық қылмаса, алғы күнге ақтілекпен, өршіл үмітпен ұмтылып отырмағанда біздерге, мына кейінгілерге бүгінгідей күн қайда. Айналып келгенде, біздерді  бүгінге жеткізген Ысқақтай жасампаздарға рахмет дейміз. Ырзашылығымызды айтамыз. Атын ұлықтаймыз. Еңбегі мен есімін мақтан тұтамыз. Егер бұлай етпесек, елдігімізге сын..
Ал, енді Ысқақтың негізінде, табиғатында бар еді. Әкесі арабша оқыған, төтеншемен жұртты оқытқан, сөзге жүйрік, кезінде айтысқа да түскен, бұл дүниенің сырына көп бойлаған ойшыл қазақ еді ғой. Кириліңде де қамшы салдырмайды.  Білімдар адам. Мұсылманша  сауатты, ұлттық салт-жоралғыға да, шариғат жосықтарына да жүйрік болатын.  Заманында күллі Күнгей-Теріскейге билік айтқан, алыстарға   аты кеткен даңқты Шойынбет би өзінің жаназасын шығаруды қалың елдің ішінен осы Есенсарыға ғана арнайы тапсырып кеткені тектен-тектен емес қой  (Шойынбеттің жаназасын шығарудан талай жайсаң дәмелі еді ғой). Осы Есенсарыдай жақсыдан туған бір із – Ысқақ.

Құдай  сақтаған  әулет
Бір әулеттен үш бала бірдей екінші дүниежүзілік соғысқа араласқан. Және бірнеше реттен. Небір аламан-тасырды, қаншама қиямет-қайымды бастан кешеді. Шынында да, әулетті Құдай сақтаған: үшеуі де тірі оралған. Жараланған, ауыр жарақат, от пен оқтың арасында жүрді, небір қатерлі сәтті бастан өткерді. Әйтеуір мейірімі шексіз Жаратқан иеміз  аман сақтады. Тірі келді.
Тірі ғой. Ең бастысы: тірі! Құттықтаушы ағайынның да, бұлардың да көңіліне демеу болғаны – сол: перзенттің тірілігі! «Сондай да күндер өтті ғой!...» деп күрсінеді екен Есенсары ақсақал.
Біздің бауыр-жұртымыз нендей тауқыметті бастан кешпеді. Сынып кетпей, біржола жүнжіп кетпей, құрып кетпей, өзін сақтады. Соған шүкір дейміз.

* * *
Жаңабайдың жары – Тотай. Жаңабай – үлкен кісі, Тотай да – үлкен, балалар жағы әже десе,  кеюана ашуланып, «Мені әже демеңдер, апа деңдер» дейді ғой. «Балалар ренжіп қалды ма» деп, сол екі арада келіні Сәндігүл «Мені әже деңдер» дейді ғой. Содан Сәндігүлді әже деседі балалар жағы. Жаңабай дүниеден өткен соң, әмеңгерлік жолымен інісі Есенсары алады да, одан  Ысқақ пен Смағұл туады. Жаңабайдан Нәлкен  бар. Көзіқарақты жұрт оқулықтардан жақсы біледі, «Жауға атылған он оқтың тоғызы Шымкенттің қорғасынынан жасалды» деген тұжырым бар. Шымкент облыс орталығы ғой. Нақтысы – кәдімгі Ащысайдың қазба байлығы. Осындағы   шахтер  ағасы Нәлкеннің қолында жүріп Ысқақ оқиды,  жетінші класты бітіреді, сонымен қанаттасып шахтада еңбек етеді. Не керек, жастайынан еңбекке пысып өседі.  Бір жыл жұмыс істегенде, соғыс басталады да,  сұранып соғысқа  аттанады, Буденныйдың атты әскеріне алынады ғой. Жамбылда біраз дайындықтан өтеді. Содан соғысқа кіреді. Алайда, екінші дүниежүзілік соғыс – бұрынғы Азамат соғысының кезеңі емес, техникалардың соғысы. Сақылдаған пулемет, зеңбірек, автомат  деген тажалдарың атты әскердің жанын қоя ма. Қырып салады. Содан атты әскерді тарқатады ғой.Енді артиллеристерге қосылады. Қосылғанда, бұйрық қой. Техниканың қат кезі, сонда артиллерияны атпен сүйреп жүреді. Сталинград майданының қайнап тұрған кезі. Совет-герман  соғысының ғана емес, күллі екінші дүниежүзілік соғыстың тағдыры шешілетін ең шешуші майдан. Ысқақ осы қандықасапқа қатысады. Ақыры жараланып, жараланғанда да, тым ауыр жарақат: жеті ай емделеді. Сол кезеңде ғой, ауылдағылардың ішкені ірің, жегені желім болатыны. Хабар-ошар жоқ. Екі күннің бірінде «қара қағаз» келіп, елдің еңіреп жүрген кезі. Мұқағали ақынның аһ ұрып шерленгеніндей, Отанымыз жылап жатқан аса алмағайыпты тұс. Үрей мен қорқынышқа бөккен қамкөңілдер... Дос түгілі, дұшпанның да басына бермесін дейтін тым ауыр сынақ еді!
Екі-үш ай шамасында есін жинап, жараланғанын, госпитальда екенін, амандығын айтып елге хат жазбай ма. Сол хабарды естіген ауылдастары үйге құтты болсын айтып келе береді ғой. «Оқ тиген адамға да құтты болсын айтқан күнді де көрдік..» деп күрсінетін Есенсары ақсақал. Оқ тиген! Және сызып өткен бірдеңе емес. Оқ! Құдай сақтағанда, сол оқтан аман қалады. Тірі! Елге керегі де – осы. Тірі болғаны. Үміт дүниесі. Шүкірлік қылары да сол еді.

* * *
Күллі адамзатқа түскен ауыртпалық та, тағдыр да осы еді. Соғыс-тағдыр. Бейбіт, тыныш заманда туып, оқып, қызмет етіп жетілген мына біздер мұндай тым қорқынышты тағдырды өз дәрежесінде пайымдай да алмайтын шығармыз. Қан кешкен заманды көрмедік. Сол қан кешуді бастан өткергендерді көрдік, кей сөздерін естідік. Соның өзіне жанымыз түршігеді. Ал, сол тозақы өткелектен өткендердің өздері ше? Сондай қасарыспа, қайсар қазақтың бірі Ысқақ еді ғой.
Ысқақ есімі дегенде еске түседі. Құдайдың сәтін салған иінді тұстарда ежелден бүкіл қазақтың қара шаңырағы болған Созақ аймағын, Аққолтық өңірін шама-шарқыма қарай біраз күн великпен аралағаным бар. Қаратаудың етегінде жатқан қазақ ауылы. Құтты қоныс. Қалың елді ұйыстырған, кейіннен талай жасампазды қанаттандырған, әлі күнге қанаттандырып келе жатқан жерұйық. Айналадағы ел жарықтықтың осынау жерұйыққа ту тігіп, ынтымақпен ұйысуына бастаған ең алғашқы дәнекер – осы өзіміздің Ысқақ қазақ екенін қазіргілерден біреу білсе, біреу білмейді. Ал, мұндай ізашарлық, дәнекерлік қызмет ұмытылуға тиіс емес. Бұл сауапты қызметтің түп-төркінінде Ысқақтайын жасампаз қазақтың бауыр-жұртына деген қарлығаш көңілі тұр. Еміреніп. Елжіреп. Халық деп соққан ақжүрегі тұр.

Сыпа
Қазақта сыпа деген ұғым бар. Кірпияз, іші де, сырты да таза, иман-сеніміне берік,адалдыққа бүйрегі бұрып тұратын замандастарына халық жарықтықтың кейде сыпа деп сүйінетіні бар. Менің пайымдауымдағы Ысқақ қазақ сондай сыпалардың санатынан еді ғой. Үсті-басын да, арын да таза сақтаған жаратылыс. Соғыс туралы көп айта да бермейді. Бір-ақ ауыз сөзбен «Арым – таза» дейді. Иманына беріктігі осыдан да байқалатындай. Жау шіркін пенде болып қолға түсті. Жеңілді. Жау делінсе де, адамның баласы. Құдай жаратқан. Осы өздеріндей адам. Саясаттар мен мүдделер қайшыласты да, адамдарды бір-біріне айдап салды. Осы арпалыстың шын астарын Ысқақ қазақ;  жас та болса соншалықты білгірлікпен пайымдай алды. Зеңбірегін сүйреткен атымен кетіп барады. Қолға түскен  немістер. Отыр, жүр, біреулері тұр. Солардың біреулерін кейбір қағынған, қанына қарайып өштескен біреулер, әсіресе орыстар жағы кейде атып кетеді екен.  «Мен бірде-бір немісті атқан жоқпын. Арым – таза» дейтіні де содан еді. Ысқақ қазақтың сол болмысы Қасым Қайсеновтың сөзін еске түсіргені. Ол кісі де  жасы ұлғайған шағында, «Соғыста талай адамның қанын жүктедік мойнымызға. Жау дегенмен, адамның баласы ғой, соның жауабын береміз ғой о дүниеде» деп толғанады екен. Іштегі бір шері есепті. Шын адамдық тәубе де, арға жүгіну де осылай болса керек.

Айқайлауық  кемпірдің  айтқаны келді
Бұл әулеттің нағашылар жағында Манат әже болды ғой. Қасиет қонған, арқасы бар кісі екен-ау. 
Киізүйдегі жедбаудан ұстап, секіріп, шаңыраққа шығады. Арқасы ұстағанда. Сол шаңырақтың үстінде отырып айқайлап сөйлейді ғой. «Есенсары, үш балаң да аман. Қорықпа. Ысқақ қара қасқа бие мініп жүр. Әйел ап келеді» дегенді де айтқан ғой. Құдай аузына салған шығар. Айнала жұрт «Айқайлауық кемпір» атаған бұл кісінің сөзіне біреулер сенеді, біреулер соншалықты сене де қоймайды. Құдайдың құдыреті, сол кісінің айтқаны айдай келген ғой.  Соғыстағы күндерінде Ысқақ шынында да бір қара қасқа бие мініп жүреді екен. Ал, госпитальден шыққанда, ауылға екі дәрігер әйел ертіп келеді ғой. Толық жазылмаған. Науқасқа қарау үшін. Біреуі  екі-үш аптадан соң қайтып кетеді де, екінші дәрігер әйел Ысқақтың жанында болып, екі-үш ай қамқорлық жасап, қарайды. Жаралы майданггерге дәрігер-шипагер ретінде өбектеп қарауы   өз алдына бір міндет десеңіз,  сол уақыттарда екі жастың арасында қандай жақындық болғаны – әуелі Аллаға, сосын екеуіне ғана анық жай. Есімі – Зина екен-ау. Сол жанашырдың құрметіне Ысқақ пен Сәндігүл бір қыздарының атын Зина деп қойған ғой. Тағдыр шығар, өкініштісі сол, Зина  қыздары жастай үзіліпті.

Ұйытқы
Оқу, жұмыс, соғыс, ауыр жарадар, тағы жұмыс, оқу, іздену, ұйымдастыру-ұйыстыру шаруалары. Көпшілікпен тіл табыса білу. Тоқтап-тоқырау табиғатына жат еді. Ортақтың жұмысына, көптің үдесінен шығуға ұмсынып тұратын ішкі тілегі бар. Ұмтылыстан ұмтылыс. Ағынды судай тынбастан, талмастан өз арнасын тауып, сол арнамен аға беру керек. Маңдайға жазылғаны сол еді. Айнала ел бірнеше ауыл болып шашырай жайғасқан. Әр ауыл өзіне тартатыны – табиғи жай. Алайда, бір жерге, бір орталыққа ұйысу – өмір қажеттілігі, заман талабы. Ал, енді өмірлік мүдде жеке адамдардың әр жаққа тартқан талғам-таразысымен де, артық-кемді өзімшілдігімен де санаса бермейді. Мұндайда ақылға жүгініп, көптің көкейіне қонатын әділ шешім табуың керек. Сол талаптың үдесінен Ысқақтың шыққанына – ел куә. Көпшілік  соның пәтуасына тоқтап, ақыры ел жарықтық Аққолтық ауылы болып ұйысты ғой. Айтуға ғана оңай демесеңіз, алғашында өз сайы мен өз қырқасына ғана  тартқан ағайын жұртты бір пәтуаға келтіру оңай болған жоқ. «Талап», «Үштөбе», «Бірінші май», Сталин. Бақандай төрт ауыл. Әрқайсысының да өзіндігі бар елді мекен. Әр ауыл да өздерін Орталық қып мойындатқысы келеді, әрине. Бұл – табиғи да орынды жағдаят. Сол кезеңдегі игілікті істің орайын келтіруде: ақниетін қостап-қуаттап, қанаттаса жүрген Әлтек Иманқұлов,  Айқожаев Бұзау, Рақышев Асқар,  Мықтыбаев Жұмабек, Есенсариев Ысқақ  секілді азаматтарға қалың әлеумет те риза еді.  Төрт ауылдың  ыстығына  күйіп, суығына тоңып,  басиесі болып отырған Жұмабек, Бұзау, Асқар, Ысқақтардың жүрдім-бардымға салынбай,  көптің мүддесіне шын жанашырлықпен қарай білгендері, парасат пен ақылға жүгінулері – талайларға  өнегелік жол еді ғой. Соғыстан кейінгі тұралаған кезең. Ақыры елу екінші жылы  орталығы Аққолтық ауылы Сталин колхозы болып іріленді. Сөйтіп Аққолтықтың негізін салған Әлтек, Жұмабек, Бұзау, Асқар, Ысқақтар жасампаз еді ғой. Шымкентке оқуға барды. Басшы кадрларды дайындайды. Әуелі фермаға жетекшілік жасайды. Ырғалып-жырғалып жүруді көтермейтін уақыт. Кадр біткенді тез дайындау керек дегендей. Осы дайындықтан соң колхозға басшылыққа кіріседі ғой.

* * *
Ысқақтай ақнекелі жарының фермаға басшы болып жүрген күндерін еске алғанда Ғалымның Сәндігүл әжесінің күліп айтатын бір иірімі бар. Сәндігүл озат колхозшы болған. Тоғыз рет стахановшы атағын еншілеген дегендей. Еңбегіне лайық басшы-қосшының да, айналасындағылардың да кеу-кеуін көріп жүрген еңбекшіл жан. Тағдырын Ысқаққа теліді. Баяғы сол жұмыс. Сол қарқын. Бірақ  ендігі жерде марапат та алыстады, мақтау да ести алмайды. Өзгелер мақталып, марапатталып жүр. Ал, бұл – ферма бастықтың әйелі. Озат болса да, еленбейді. Соған бір күні Сәндігүлдің жыны келгені де бар. Бүгіндері сол күндерін күліп айтады ғой. (Сонда елемей жүрген – өзінің Ысқағы. Негізі, Ысқақ қазақтың бұл қылығының астарында шынайы әділдік жатыр еді. Басшының отбасы мүшелеріне дейін ортақ іске жанын салып істесін, солай етуге міндетті деген ұстаным тұр ғой.)
Биыл Ысқақтың туғанына жүз жыл болса, ал, Сәндүгүл  – тоқсан тоғызда.  Алматы, Астана, Ел жақтағы жақын жанашырлардың басын қосып, Ғалымекең  алпыс үш жасында дүрілдетіп той жасаған. Сол той салтанатын, сол қызықшылықты  Сәндүгүлдей  асылдың  жүрек жылуы әлдилеп тұрды ғой. Той болады хабары естілгеннен-ақ, сонау жер түбіндегі Созақта жатқан асыл ананың алыпұшқан көңілмен «Шешесі болса  барар еді-ау!..» деген лебізі мен ықыласының өзі не тұрады. Дүниенің пұлын беріп сатып ала алмайтын сөз. Дүниенің пұлын берсең де, кез-келгеннің көкірегіне ұяламаған ыстық ықылас пен өзгеше мейірім. Кім біледі, мына дүниені ұстап тұрған бір қарлығаш көңілдер – осы Сәндүгүлдей асылдардың осындай болмысы шығар-ау. Татулығы мен жарасымы әулетті айрандай ұйытқан қос абысын – Сәндігүл мен Ақболтай аналардың заманы! Біз бүгіндері сол жарасымға тамсанамыз. Аңсаймыз. (Ғалым, мен жылап отырмын.)

* * *
Ысқақ қазақ табиғатынан зерек еді. Әсіресе  матеметакика, физика, химия секілді нақты ғылымның пәндеріне жүйрік болды. Оқуын да жақсы бітірген. Кейінгі балаларға осылардың формулаларын көрсетіп, «Осыны да шығара алмайсың ба. Оп-оңай ғой. Былай ғой» деп ескертіп отыратыны да күні кешегідей еді. Мына қоғамға  бір кісідей-ақ еңбек сіңіріп, қызмет қылған Ысқақ қазақ соншалықты ұзақ жасаған жоқ. Алпыс үшінде қайырылмас сапарға аттанып жүре берді. Соңында жақсы аты, ұрпағы қалды. Құдайға шүкір,  көзі тірісінде балаларын оқытты, жетілдірді. Жақсы тәрбиеледі. Еңбекке шыңдап, білімге құштар қып өсірді. Бүгіндері немерелері де жетіліп, ел аузына іліге бастады дегендей.
Алматыда ауруханада жатты. Көңілін сұрап Елдегі жақындар, жанашырлар кеп жүрді. Өте таза адам. Сол ауруханаға барғанында, «Ғалым, тырнағымды ап берші» депті-ау. Бір тырнағын алып үлгеріпті. Екіншісіне келгенде, системаға алып кетеді. Кейін құда бала Беркінбай тырнағын алып беріпті. Соған айтыпты: «Ай, осы жолы жағдайым қиын болатын шығар...»  деген күдігін. Қайран қазақ ақырғы сағаты соға бастағанын сезіп жатты ма екен.

Ізденімпаз
Табиғаты ізденімпаз. Қызметтен қол үзбей жүріп Ауыш шаруашылық институтында оқып шықты. Білдей аграном. Дихангершіліктің кәсіби маманы. Әкесі Есенсары болса –  кәнігі бағбан, ұлы Ысқақ – аграном,  содан барып әулеттің бау-бағы да айта қаларлықтай еді. Ысқақ қазақтың алыс-жақыннан ылғи да жеміс көшеттерін әкеліп жүруі – өзінше бір жыр.  Ысқақ шаруашылықта әуелі – кіші аграном, кейін бас аграном болым қызмет етті.  Бұл орайдан да көптің көңілінен шыға білді. Жұмысын тасқаяқтай қағыстырды.
Алматыда сырттай оқуда жүргенде,  Ысқақекеңнің ауылға оралар күні ағайын-ел үшін кәдімгі базар еді. Әулеттің үлкен-кішісіне түгел сыйлық әкеледі. Негізі, сол уақыттағылардың қауымшыл, көпшіл, бауырмал көңілі қазіргілерде кемшіндеу көрінеді. Күллі әулеттің үлкен-кішісін ойлай жүру, елеп-ескеріп, базарлық, сыйлыққа қарқ қылу – бүгінгілердің бәрінде де бар қылық қой деп айта алмаймыз. Асса, өз кіндігінен өргендерге әкелер сонау жер түбінен. Ал, немерелес, шөберелес ағайын-туыстың өрен-жаранын ойлап, қуанта жүру... Бүгінгі көбіміздің бұл жағынан кейде ақсап жататынымыз өтірік емес қой. Салқын тартып барамыз ба... Аға буынның, әке буынның, аналар мен әжелердің қауымшылдығы мен үйірсектігі, бір-бірі дегендегі жанашырлықтары, балаларға да, үлкендерге де, замандастарына да ыңғайына қарай ықылас танытуы – ертегіге айналып бара жатқандай. Ысқақтардың болмысын ойлай келе,  кейде өстіп бір күрсінесің.

Ауданда  бірінші  болып...

Облысқа депутат болды. Ауылдарды, шаруашылықтарды ірілендіріп жатқан тұс. Депутат ретінде де, басқа да ұйымдастырушылық қырымен  де көзге түскені бар, содан не керек, «Октябрь» колхозының Абай бөлімшесіне жіберіледі. Мұндағылар да – ағайын-туыс. Ол кездері ағайын-туыс, рулас, құда-жекжат болып қауымдасып, тұтасып ауыл болып отырады. Өңшең ағайындар. Алайда, бір пәтуаға келе алмай жүре ме, қалай. Ысқаққа да ағайын болып келеді. Шамасы, жоғары жақ Ысқақекеңді арнайы жіберген секілді. Дәнекерлігіне сенгендей. Содан Абай бөлімшесін орталық етіп, қазығын алғаш қаққан да осы Ысқақ қой. Көнекөз қариялар «Ысекең сөйтіп еді-ау» деп әлі күнге дейін  еске алып, ризашылықтарын айтып отырады.
Шаруасы дөңгелеп жүре берді. Еңбегі бағаланды. Бағаланғаны  ғой, күллі Созақ ауданы бойынша қызметтік «Победа» машинасын да   осы Ысқақ мінді ғой. Ол кезде «Победа» дегеніңіз – машинаның төресі. «Кезінде Ысқақ «Победа» машинасын да мінді ғой» деп көнекөздердің кейде  аңыз қылатыны  да бар.

Әуелі Ысқақты ұлықтаңдар
Туғанына жүз жыл толу – елеусіз қалдыратын дата емес, әрине. Еске алып, құран оқытылады, ас беріледі, алыс-жақынның басын қосып, мағыналы жиын жасайды, әртүрлі жарыс, бәйге ұйымдастырса да жарасады. Құдайға шүкір, артында қалың елі бар, жетілген ұрпағы бар. Осы орайдан келеді де, «Екі атты қоспаңдар» депті-ау Сәндүгүл әже. Екі ат дегені – ақнекелі жары жүзге толды.  Алла жазса, өзі келер жылы бір ғасырдың дәмін татпақшы. Айтулы екі датаны қабаттастырмай, әуелі Ысқақтың атын жақсылап  ұлықтаңдар деп қадап айтқаны ғой. Қалың әлеуметке ресторанда мелдектетіп тамақ берерсің, ал күрес, жарыс, бәйгесі қалай өтпек? Осы жағын да елден бұрын Сәндігүл әже ойлап жүріпті. Бұл-дағы арыдан ойлаудың  бір көрінісі ме.

Жанашырлар
Пәленбай жыл астанамыз болған даңқты Алматының түбінде Тұздыбастау деген ауыл бар. Бүгіндері шағын кент десеңіз де болады. Бүкілодақтық староста Калининнің осында келген құрметіне әуелгіде Калинин аталған. Жақсы-жаманның парқын білетіндер «Бұл ауылды ел қылған – Жылқыбай!» деп әлі күнге тамсанып отырады. Сол Жылқыбай Абайұлы деген жасампаз қазақтың небір ғажап істері мен қылықтарын, әсіресе қауым тірлігіне ерекше жанашырлығы мен айырықша адалдығын талай рет естіп, таңғалдым. Риза болдым. Бұл тақырыпқа қалам тербедім. Сол жайсаңның көп қылығының бірі: айдалған жерді, суғарылған егістікті ағашты сұғып өз қолымен тексереді екен. Ойындағыдай болмаса, қабылдамайды. Қайта істетеді. Қызметіне адалдардың бір парасы осындай сипатта болып келеді ғой. Ысқақ  Есенсарыұлы да – осындай саңлақтардың сойынан екен-ау. Ғалым досымыздың айтқаны ғой: «Тәтеміздің тұсында біз де сопхозда істеп жүрдік. Сонда Тәтем жыртылған жердің тереңдігін  сантиметрлеп өлшейді. Бидай қанша сантиметрге, басқа қанша сантиметрге егілу керек? Бәріне тап-тұйнақтай. Кейбір тракторшылар ауырдың үсті, жеңілдің үстімен жүргісі кеп, бұра тартқысы келсе де, ондайға бара алмайтын. Тәтем бәрін қадағалап жүр. Аграном болғанда да, анау-мынау емес, өте білгір аграном болды ғой.»
Айналып келгенде, қоғамды алға сүйрейтін де, көпшілікті ізгілікке үнсіз ғана шақырып тұратын да – тірлігіне мәттақам, міндетіне адал осындай адамдар ғой. Сол асылдардың өмірге деген құштарлығы мен айналасына қамқорлықпен қарайтын қарлығыш көңілдері.
Біз бүгіндері осындай асылдарды сағынып жүрміз...

Темірхан Момбекұлы,
Түркістан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қасиетті Қазақ жері тақырыбының аясында күллі Қазақстанды белесебедпен алғаш аралаушы қаламгер. 

Пікір қалдырыңыз