Пайда ойламады, ар ойлады

Әдетте, судьялар іс қарарда көбіне ішкі түйсігіне арқа сүйеп жатады. Осы тұрғыдан келгенде олардың ішкі жан-дүниелері, ой-танымдары қай дәрежеде? Әлде заңның әрбір бабын жаттап, әрбір бабы үшін тістесіп, жан-дүниелері қатып қалған жандар ма? Саналы ғұмырын сот жүйесінің дамуына арнап, жақында ғана Қаратау аудандық сотынан құрметті демалысқа шыққан Момбек Әмірбековпен әңгімелескенімізде көңілдегі осы сияқты көп сұрақтарға жауап алдық.  
Президент Жарлығымен тағайындалатын судьялардың мәртебесі, ел алдындағы жауапкершілігі мен міндеті қашан да жоғары. Осыған байланысты шығар, олар көпшілік орындарда сирек көрініп, өздерін оқшаулау ұстап жүреді. Бірқатарының бұлай істемеске амалдары жоқ. Себебі, сотқа ісі түсетін адамдар болады. Солардың бәріне жылыұшырай қарап, еркін әңгімелесе берсе, ертең ол адамның «оны жақсы білемін» деп шаруа айтып келмесіне, онысы заңға қайшы болса, әлгінің сөз таратып жібермесіне ешкім кепілдік бермейді.
Момбек Сейітжаппарұлы өзінің өмір тәжірибесінде мұндай жағдайлармен  талай бетпе-бет келген. Бірақ, ол судья екенмін деп, адамдардан өзін аулақ ұстамай, өзінің қоғамдағы орнын, жауапкершілігін сыпайы түрде жеткізе біледі. Себебі, ол жастайынан ата-анасының «Адал бол, ешкімге қиянат жасама» деген ұлағатын көңілге тоқып өсті. 
1978 жылы Бөген ауданы, Қайтпас ауылындағы орта мектепті үздік бітірген ол сол жылдары Талдықорған қаласында жаңадан ашылған заң техникумына оқуға түседі. Ол кезде елімізде тек құқықтық білім беретін оқу орындары аздау болатын. Конкурс өте үлкен, қабылдау емтиханы да оңай болмайтын. Қазір ғой оқу ақысын төлесең, лезде «заңгер» дипломын қолтықтап шыға келесің. Сосын жүздеген «заңгердің» бірі болып сенделіп жүресің. Мәселен, АҚШ-та да екінің бірі заңгер. Бұл өркениетті елдердің барлығына тән жағдай. Себебі, бұл әр азаматтың өз құқығын қорғай білуі үшін қажет. Жасыратыны жоқ, бүгінде жұмыс берушіге құқығын білмей, құл болып жүргендер де аз емес. Мұны біздегі құқықтық тәрбиенің кемшіндігінен деуге болады. 
Ал, судьяның жөні бөлек. Ол – Қазақстан Республикасының атынан шешім қабылдап, үкім шығаратын жалғыз лауазым иесі. Қазір судьяларды іріктеу, жастарды тәрбиелеу ісіне ерекше көңіл бөлінуінің бір себебі осы. 
Момбек Сейітжаппарұлы әрбір қызметін ұқыпты атқарып, өз ісін жете білуге күш салады. Өмір жолына үңілсек, техникум бітіргеннен кейін ол алғашқы еңбек жолын Шымкент облыстық «Казхозторг» базасының заңгері болып бастайды. Бір сарынды жұмыс оны онша тарта қоймайтын. Жас кадр бұдан кейін Дзержинский аудандық халық сотының сот орындаушысы болып, сот ісіне тікелей араласа бастайды. Оның осы аудандық халық сотының судьясы болуына заңгер ретінде өз ісін жетік білуі себеп болды. Судья бола жүріп, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп алды.
Момбек Әмірбеков 1991-1992 жылдары Еңбекші аудандық сотының халық судьясы, 1992-1994 жылдары Шымкент облыстық сотының мүшесі, 1994-1996 жылдары Еңбекші аудандық халық сотының судьясы, төрағасы, 1996-1997 жылдары Шымкент қалалық сотының судьясы, 1997-2001 жылдары Абай сот учаскесінің аға судьясы, 2001-2005 жылдары Шымкент қалалық №2 сотының судьясы, 2005-2015 жылдары Абай аудандық сотының судьясы қызметтерін абыроймен атқарды. Оған аудандық және қалалық сотта судья болған кезде бірінші, апелляциялық және қадағалау сатыларына түскен қылмыстық істерді қарауға тура келді. Ол сот шешімінің сапалық деңгейін көтеруді бірінші орынға қойды. Соның арқасында ол қараған істе бұзылған шешім болған жоқ, іс қарау мерзімдері де қатаң сақталды. Оның атына ешқандай шағым түспеуінің бір себебі осы. 
Судьяның алдына кейбір адамдар ең соңғы үміттері таусылып, жүйкелері жұқарып келеді. Оларды тыңдай білу, өтініштеріне құлақ асу, дұрыс жауап беру үлкен сабырлылықты талап етеді. Осындай сәттерде ол ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла...» деген сөзін ұдайы жадында ұстайды. Қаратау аудандық сотында 7 жыл судья қызметін атқарған білікті заңгер, Момбек Сейітжаппарұлын жақында әріптестері құрметті демалысқа шығарып салды. 
Ол осы жылдар ішінде облыстық және қалалық сот төрағаларының Алғыс хаттарымен, облыс әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен, «Судьялар одағының құрметті мүшесі», «Үш би» төсбелгілерімен марапатталған. Осыдан екі жыл бұрын оның шығарған шешімі «Үздік сот актісі» байқауында ең үздік деп танылды. 
Ол судьялыққа кездейсоқ келмеген, өз қызметін құрметтейтін, білімді де білікті азамат.

Самал БЕЛГІБАЕВА,
Шымкент қалалық сотының ақпараттық 
қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.
Пікір қалдырыңыз