Ұлттың ұлы ұстазы

Ахмет Байтұрсынұлының халқы үшін істеген игі істерінің ішіндегі ең маңыздысы – араб жазуына өзгерістер енгізіп, қазақ әліпбиін (алфавит) құрастыруы. Осы арқылы ғалым қазақ халқының тез сауаттанып хат тануына, оқу-білімге деген құштарлықтарының оянуына ерекше ықпал етті. Ахмет Байтұрсынұлы жазуы дамымаған ұлттың артта қалатынын, алфавиттің қоғамдағы қажеттілігін және адам өміріндегі маңызын өзінің еңбектерінде үнемі ескертіп отырады. Жазу дегеніміз – шын мәнінде, кез келген халықтың рухани деңгейі мен мәдени дамуын көрсететін негізгі құрал. Ғалым осы құралды ұлттық деңгейге көтеру жолында жан аямай еңбек етіп, тер төкті.
Ғұлама ғалым ұзақ ғасырлар бойы өзгеріссіз қолданылып келе жатқан араб графикасын қазақ халқының игілігіне айналдыру идеясын көтеріп, оны іс жүзінде реформалады.
Ахмет Байтұрсынұлы 1910 жылдан бастап араб жазуын қазақ тіліне ыңғайластырып, жақындатуды қолға алады да, оны 1912 жылдан бастап қолданысқа енгізеді. Ғалым бір халықтың әліпби (алфавит) жүйесін екінші бір халық қабылдағанда, оны өз тіліне «икемдеп, үйлестіру» қажеттігін, олай етпеген жағдайда әріп мәселесінің дұрыс шешім таппайтынын 1924 жылы өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінде» ашып айтқан еді. Ғалым сиезде сөйлеген сөзінде: «Осы күнгі жұрттардың бәрі де өзі шығарған әліпбиін тұтынып отырған жоқ. Бәрінікі де өзгеден алған әліпби. Еуропа жұрттарының тұтынған әліпбиінің түбі көне семит әліпбиі. Көне семит әліпбиін өз тіліне үйлестіріп, финикий жұрты алған, одан грек алған, гректен латын, Еуропа жұрттары алған. Түркі әліпбиінің түбі де көне семит әліпбиі, олардан куфалықтар алған. Куфалықтардан араб өз тіліне үйлестіріп алған. Арабтан Иран, Түрік және басқа мұсылмандар алған. Солардың қайсысы да бірінің әліпбиін бірі алғанда тұрған қалпында алмаған. Өз тілдерінің дыбыстарына қарай өзгеріс кіргізіп алған. Тіліне әліпбидің артығы болса алып тастаған, кемтігі болса әріп қосып толықтырған» дейді. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуына өзгеріс енгізгенде, «ежелеусіз төте оқу» қағидасын басты принцип ретінде ұстанып, оны қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына икемдеді.
Ахмет Байтұрсынұлының 1912 жылы «төте жазу жүйесімен» «Оқу құралы» деп аталатын тұңғыш кітабы жарыққа шықты. Бұл қазақ халқының рухани-мәдени өміріндегі үлкен жаңалық болды. Өйткені қазақ балаларына өз ана тілінде хат танып, ана тілінде жазуға жол ашылды. Жалпы Ахмет Байтұрсынұлы күллі қазақ балаларын жазуға үйрету, хат таныту мәселелерін үнемі көтеріп, қазақ халқын сауаттандыру жолында қыруар қызмет атқарды.
1912 жылдан бастап қолданысқа еніп кеткен Ахмет Байтұрсынұлының алфавиті тек 1924 жылы Орынбор қаласында өткен сиезде ғана ресми түрде бекітіледі. Бірақ бұл қазақ білімпаздарының сиезі жай ғана «жиылыс» емес, «ұлт тағдырын» шешуге арналған үлкен мәні бар «жиын» екенін ескерсек, Ахаңның жазуының ресми түрде қабылдануы халық үшін істелген «игі істің биік шыңы» болып табылады.
Ахаң өз әліпбиінің балалардың ана тілінде сауат ашуына лайықталған «ұлттық жазу» екендігін Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінде де (1924, Орынбор), түркітанушылардың құрылтайында да (1926, Баку) жасаған баяндамаларында ғылыми тұрғыдан жан-жақты негіздеп, нақты мысалдар арқылы толықтай дәлелдеген болатын. Сондықтан да Ахаң түзген әліпби халықтың мәдени-рухани деңгейінің көтерілуіне, халықтың тез әрі оңай сауаттануына, баспа ісінің жандануына зор ықпал етті.
Ахмет Байтұрсынұлының қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсаған тұлға болғандығына оның қаламынан шыққан қыруар еңбектері дәлел болады. Мәселен, «Оқу құралы» (Қазақша әліппе) атты кітабы алғаш рет 1912 жылы Орынборда жарыққа шықты. Бұл еңбегі 1912-1925 жылдар аралығында 9 рет қайта басылып, қазақ қоғамында ұзақ қолданыста болды. Сондай-ақ «Оқу құралының» (Әліппеге жалғасы) 2 кітабы 1913 жылы жарық көріп, 1924 жылға дейін 4 рет басылып шығады. Одан кейінгі «Оқу құралының» (Әліппеге баяншы) 3 кітабы 1913-1921 жылдар аралығында 2 рет жарық көреді. Ал, ғалымның тек оқушыларға ғана емес, ересектердің сауатын ашуға арналған «Оқу құралы» 1921 жылы, «Сауаташқыш» 1924 жылы басылып шықты. Методикалық құрал «Баяншы» 1920 жылы жарыққа шыққан. Сонымен қатар «Әліппе астары» 1924 жылы, ал, «Жаңа әліп-би» атты жаңа оқулықты 1926 жылы ұсынады. «Тіл жұмсардың» бірінші бөлімі 1928 жылы, екінші бөлімі 1929 жылы жарық көрді. Ғалымның «Тіл – құрал» атты үш кітаптан тұратын еңбегі қазақ мәдениетінде бұрын болмаған тың дүние болды. Себебі бұл кітап – қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық құрылымын талдап, жүйелеп, танытып берген, қазақ тіліндегі тұңғыш ғылыми еңбектің басы еді. «Тіл – құралдың» фонетикаға арналған І бөлімі алғаш рет 1914 жылы жарық көріп, 1927 жылға дейін 7 рет басылып шығады. Бұл кітаптың морфология саласына арналған ІІ бөлімі 1914 жылы баспадан шыққан. Ол да 1927 жылға дейін 8 рет басылып шығады. Синтаксиске арналған ІІІ бөлімі де 1923 жылы жарыққа шығып, 1928 жылға дейін 6 рет қайтадан басылады. Қазақ халқы үшін осыншама қыруар еңбек еткен ұлы тұлға есімін артында қалған ұрпақтары мәңгілікке ұмытпайтыны анық.

Бауыржан СЕЙДЕЛХАНОВ,
Т.Бердияров атындағы №20 жалпы орта мектебінің мұғалімі.

Ұшқын ауылы, Келес ауданы.

Пікір қалдырыңыз