«Мақтааралдың» алғашқы жеңісі

Футболдан ел чемпионатында Түркістан облысының намысын қорғайтын «Мақтаарал» клубы өзінің осы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Премьер-лиганың 6-турында павлодарлық «Ақсуды» қабылдаған атакенттіктер 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Ойынның небәрі 8-минутында Павлодардан келген қонақтар есеп ашып үлгерген. Гол соғып, көзге түскен – Айбол Әбікен. Алайда, қонақтардың қуанышы ұзаққа созылмады. Арада 11 минут өткенде Рамазан Кәрімов таразы басын теңестірді. Ал, ойынның 37-минутында Артем Розгонюк атакенттік клубты алға шығарды. Осы есеп ойын соңына дейін өзгерген жоқ.
Осы маусымдағы алғашқы 3 ұпайын еншілеген «Мақтаарал» турнирлік кестедегі соңғы орыннан 1 саты жоғары көтерілді. Ал, соңғы орынға түркістандық өзге клуб «Тұран» сырғып кетті. «Тұран» бұл турда өз алаңында шымкенттік «Ордабасыны» қабылдап, 0:0 есебімен тең түсті.
Турнирлік кестенің көш басында ақтаулық «Каспий» келе жатыр. Оның ізін ала былтырғы және алдыңғы жылғы ел чемпиондары «Тобыл» мен «Қайрат» жайғасқан.

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз