Кәсіпкерлерге қолдау көп, тек оны тиімді пайдалана білу керек

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Жалпы, жеңілдетілген жолмен несие алу – кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Бизнес бастағандар қаншама адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, ел қазынасына қыруар салық төлеп отырғанын ескерсек, олардың өз еліне қаншалықты пайда келтіріп отырғанын бағамдау қиын емес.

Жұмысы қызған сайын өмірге деген қызығушылығы артып, бизнес саласындағы соңғы жаңалықтармен сусындап жүрген кәсіпкерлердің тың идеялары кейде бізді де таң қалдырады. Айталық, әжетхана ашуды көбіміз ар санаймыз. Бірақ, тек осы бизнестің арқасында айына миллион теңге тауып отырғандар бар. Сондай-ақ, түйме шығарып-ақ миллиардер атануға болады екен. Бүгінде мырыш-мырыш ақша ұстап, алыс-жақын шетелдерді шарлап жүрген бизнесмендердің басым бөлігі өз бизнесін мемлекеттің қолдауы арқасында жолға қойып алғандар десек қателеспейміз. Әсіресе, «Даму» қорының қамқорлығын көріп отырғандардың қатары көп. Солардың бірі – Нәзира Оңдағанова. Ұзақ жыл Шымкент қалалық №1 емханасында қызмет атқарған оған емделуге келетін балалардың көптігі ой салады. Сал ауруына шалдыққан балаларға массаж жасап, түрлі ем арқылы айықтыруға болатынына көз жеткізген ол, өз алдына орталық ашуға бел буады. Бірақ, бір айлықпен жан бағып отырған қарапайым дәрігердің оған мүмкіндігі жоқ еді. Банктен несие алайын десе, кепілдікке қоятын мүлкі болмады. Қоғамға қажетті жұмысты қолға алып отырған кәсіпкердің ойын қолдап, жәрдемге «Даму» қоры келеді. Аталған қордың кепіл болуымен Н.Оңдағанова «АТФ Банктен» 28 миллион теңгеге несие алып кәсібін бастайды.
«Біз күніне 25-30 балаға ем жасаймыз. Мұнда сегіз маман тұрақты жұмыс істейді. Невропатолог, логопед, дефектолог, психолог мамандар балалардың ертерек айығып кетуіне күш салады. Нәтижесі жаман емес, балалар екі-үш курс емнен кейін сауығып кетіп жатыр. Біздегі баға да қымбат емес, бір ем алу курсы 35 мың теңге» дейді «Я Сам» емдеу орталығының директоры Нәзира Жұмабекқызы.
Кәсіптің нәсібін көріп, рахатын сезінгендер өз бизнесін одан әрі дамытқысы келетіні белгілі. «Даму» қоры мұндай мақсаттағыларға да көмектеседі. Осыдан он жеті жыл бұрын ашылған «Shuǧylakitap» серіктестігі заман талабына сай жаңа техникалар сатып алу үшін жеңілдетілген жолмен «Bank RBK» АҚ-дан 38 миллион теңге несие алады. Бастапқыда 14 пайызбен берілген несиенің 8 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонда кәсіпкер жылына бар болғаны алты-ақ пайыз үстеме төлейді. Жеке кәсіпкер мұның өзі үлкен көмек екенін айтады. «Бізде идея көп. Мысалы, қазіргі карантиндік кезеңде балалардың білімін жетілдіру мақсатында телеарнадан көрсетілетін түрлі танымдық бағыттағы дүниелер жасап жатырмыз. Сондай-ақ, мектеп жасына дейінгі балалардың оқу құралдарын да осы жерден табасыз. Бұрын тек шағын кітаптар шығарумен ғана шектелсек, бүгінде мемлекет тарапынан берілген көмектің арқасында жұмысымызды ұлғайттық. Белгілі жазушылармен келісіп, кітаптарын көбейтіп басамыз. Сұраныс жаман емес. Алушылардың көптігі сонша, кейде басып үлгере алмай жатамыз» дейді серіктестік директоры Людмила Кирилинская.
Индустриялық аймақта орналасқан «Тақтай» ЖШС де мемлекеттік қолдаудың арқасында жұмысын жолға қойып алған өндірістік кәсіпорындардың бірі саналады. Кәсіпорын басшысы Кәмілжан Шүкіровтің айтуынша, мұндағы цех айына 300-400 орындық құрастыруға қауқарлы. Қазіргі карантиндік жүйеге байланысты жұмысы біршама баяулап қалғаны болмаса, әлі де тұтынушыларын сапалы жиһаздармен қамтамасыз етіп келеді. 
Жеке кәсіпкер бастапқы жұмысын шетелдерден жиһаз әкеліп сатудан бастаған екен. Сауда саласын жетік меңгерген ол бертін келе өз бизнесін бастайды. «Отандық өнім шығарушыларға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Біз сол мүмкіндікті пайдаланып, жиһаз жасайтын цех аштық. Бір жақсысы, бізде шикізат қоры мол. Мысалы, қараағаш, шынар, жаңғақ ағаштарын тереңірек өңдеу арқылы түрлі жиһаздар жасаймыз. Соның ішінде асхана, қонақ бөлмеге арналған орындықтар мен үстелдерге сұраныс көп. Бағасы да қолжетімді. Айталық, бір орындықтың нарықтағы бағасы 25-30 мың теңге болса, біз бар болғаны 12-18 мың теңгеден сатамыз. Осылайша тұрақты тұтынушыларымызды қалыптастырамыз. Бүгінде біз шығарған бұйымдарға еліміздің барлық облыстарынан сұраныс бар» дейді кәсіпкер.
Кәсіптің көзін тапқандар осылайша өз бизнесін өркендетіп отыр. «Даму» қорының Түркістан облыстық филиалы, осылайша көптеген кәсіпкерлік нысандардың өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Бір сөзбен айтқанда, бизнес бастаймын деген адамға мүмкіндік мол. Оның нақты дәлелі ретінде жоғарыда сөз болған кәсіпкерлердің іс-әрекетін айтуға болады. Демек, нақты жобаңыз бен дұрыс бағытыңыз болса, бұл мүмкіндіктердің игілігін сіз де көре аласыз. 

Пікір қалдырыңыз