Руханият ошағы немесе Отырар кітапханасын іздеу

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Әлем жұртшылығы 10 мамырды «Кітапты өртеу күні» деп есептейді. Өйткені, 1933 жылдың 10 мамыры күні нацистік Германияның жастары билік «кесірлі», «зиянды» деп тапқан кітаптарды отқа лақтырған еді. Ол, әрине, адамзаттың жанын түршіктірді. Өркениетті өлшемде кітап өртеу үлкен күнә саналады. Бұдан кейін кітап өртеу қайталанбастай көрінген. Дегенмен, өткеннен сабақ алу дегенді ұмытқан қоғам өзінің жеке мүддесі үшін, өзгені жерге қарату үшін небір сұмдықтарға барады. 1981 жылы Шри-Ланкадағы Джафне кітапханасының өртенуінің соңы жиырма бес жылдан астам уақытқа созылған азаматтық соғысқа ұласты. Кітапхана Азиядағы ең ірі кітапханалардың бірі еді. Онда 100 мыңға жуық кітап қоры болған. Бір таң қаларлығы, осы соғыста жүз мыңға жуық адам қаза тауыпты. Испан инквизициясы Құранның өзін өртеген ғой. Сонда Гейне күңіреніп, «кітап өртеген жерде түптің түбінде адамдар да отқа оранады» депті. Джафне кітапханасының өртенуі осы сөзді расқа шығарады. 
Айтпақшы, аты аңызға айналған Египеттегі атақты Александрия кітапханасы да өртеніп еді-ау. Бүкіл христиан әлемі Александрия кітапханасының өртенуін мұсылмандарға жаба салды. Оны Халиф Әмір өртеді деген қауесет таратты. Шын мәнінде кітапхананы христиандардың өздері өртеді деген күмән бар. «Кітапхананы өртеген Рим императоры Аврелиан еді» деседі Британ энциклопедиясында.
Қазақ та кітапты киелі санайды. Әсіресе, Құранды ерекше құрмет тұтты. Ең асыл заты ретінде күтіп ұстады, оны үнемі биік жерге қойды. Алайда, рухани жан азығы алдында кінәміз де аз емес. Кешегі кеңес өкіметінің кесапатты саясаты талай алыптарымыздың кітаптарын да, өздерін де жоқ етті. Қызыл коммунистер мешіттердегі, медреселердегі, дін адамдарының үйлеріндегі кітаптарды үйіп қойып өртегенін тарихтан білеміз. Сол кітап өртегендердің тағдырларынан да там-тұмдап хабарымыз бар. Коммунистерден күдіктенген дін адамдары қасиетті кітаптарын киізге орап, жерге көмгені де белгілі. Тіпті, қабірлерден де табылып жатқан кітаптар бар. 
Тоқсаныншы жылдары Отырар ауданында бұзылған үй қабырғасы арасынан Ілияс Тастанбековтің қолжазбасы табылды. Ол қолжазбаны өрттен, адамдардың құртып жіберуінен қорқып, дуал арасына жасырғанын жазып кеткен. Күнделік 1933 жылдан басталып, 1967 жылға дейін жалғасыпты. Күнделік арасында әр жылдары шыққан газет қиындылары да бар. Күнделік деректерге бай. «Абылай ханның тарихы», «Асан Қайғы атамыз туралы аңыз», Майлықожа, Мәделіқожа, Молда Мұса, Құлыншақ ақындарға қатысты өлең-жырлар, әңгімелер, шежірелер жиналыпты. Тіпті, елуінші жылдары Нұртас Оңдасыновтың оңтүстікке жасаған сапары туралы қызықты дерек кездеседі. Ілияс Тастанбековтің өз өлеңдері де, көрген-білгендері де, колхоздастыру дәуірінен естеліктері де қызғылықты оқылады. Сол дәуірге саяхаттап қайтқандай күй кешесіз. Осы қолжазба Отырардағы Руханият Әбу Насыр әл-Фараби мұражайында қолжазба күйінде сақтаулы тұр. Шіркін, бір демеуші табылып, осы қолжазба жеке кітап болып жарық көрсе, оқырмандар қоржынына тағы бір олжа салынар еді-ау. Кітап көрсе кірпияздана қалатын мына заманда ондай меценат табыла қояр ма екен?
Жуырда Түркістаннан Қ.А.Ясауи бабамыздың жиені Жүсіп атаның тарихына қатысты шежіренің бір бөлігі мен арнайы мөрі табылды. Құжатта ХІІІ ғасырдан қалған тарихи мәліметтер бар. Шағатай тілінде жазылған шежіренің ұзын-дығы – 3,5 метр. Тарихи құжат ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, оны Қожа Ахмет Ясауидің жиені Жүсіп атаның немерелері сақтап келген. Құжатта Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген кезеңге жататын тарихи шешімдер, жер атаулары, шекара туралы мәліметтер, адамдардың өмірі мен күнделікті өмір туралы ақпарат қамтылыпты. Ал, сақталмағандары ше?
Көнекөздердің айтуынша, Арыстанбаб кесенесінің бір бөлмесінде XV-XVІІІ ғасырларда басылған діни кітаптар, Құрандар жинаулы тұрады екен. Осы кітаптардың бір бөлігін аласапыран заманда сырт көзден жасыру үшін Мүсәпір қожа Түркістаннан Өзбекстанға алып өтіп кеткен деседі. Мүсәпір қожа өлерінде аманат айтып, «ұрпағыма зияны тимесін» деп сол кітаптарды өзімен бірге көмдірген көрінеді. Сол кітаптар табылар ма еді деп те армандаймыз. Руханият Әбу Насыр әл-Фараби мұражайының директоры Абдолла Жұмашев кезінде өзбек жерінен Арыстанбаб кітапханасына тиесілі кітаптарды іздестіріп, тауып әкелгенінен де хабардармыз.
1220 жылы Шыңғыс хан Отырарды отқа орады. Халықтың кітапхананы қорғап қалуға барын салғаны айтылады. Олар бастарына қатер төніп тұрғанына қарамастан, кітаптарды жер астындағы құпия үңгір-қалашыққа (катакомба) тығып үлгерген. Бұл үлкен ерлік еді.
Содан бері Отырар кітапханасының қай маңда көмілгені жұмбақ күйінде қалып келеді. Осыдан қырық жыл бұрын шамасында Нұрмағанбет деген шопан сырты терімен қапталған араб тіліндегі кітап тауып алады. Кітап Отырар қаласы көне жұрты маңынан табылған. Кітаптың Отырар кітапханасына тиесілі болуы әбден мүмкін. Ғалымдар кітапханада Вавилонның қыштан күйдірілген кітаптарынан бастап, түрік, парсы, қытай тілдеріндегі кітаптар болуы мүмкін деп болжайды. Арабтар өз тіліндегі кітаптарды ала келген. Қытай тіліндегі кітаптарды ғұндар оқи алған және ғұндардың өздері де ежелгі түрік, яғни ғұндардың тілінде кітап жазып, географиялық карта сызған. Ғалымдар жер асты көмбесінде кемінде 55 мыңдай кітап бар деп болжайды. Демек, Отырар кітапханасы Александрия кітапханасынан да бай болып тұр ғой.
Ендеше, Отырар кітапханасы қай жерде? Бір жылдары жергілікті тұрғын  Мұхтар Тұрдалиев деген азамат түс көріп, Әбу Насыр әл-Фарабимен жолығады. Бабамыз кітапхананың қазылып алынуына сен мұрындық боласың деп аманаттаса керек. Бірақ, Мұхтар оны түс қой деп елемей жүріп, көп қиындықтарды басынан өткереді. Соңында академик, археолог Карл Байпақов мамандарымен келіп, көрсеткен жерді біраз қазады да, қаржыландырудың жеткіліксіздігінен жұмысын тоқтатады.
Осындай түсті шымкенттік Торғын Амангелдиева да көреді. Оған Қайыр хан жөн сілтепті. Бірақ, Мұхтар көрсеткен жер басқа да, Торғын айтқан маң мүлде басқа тұста. Карл Байпақов ғалым адам, кітапхананың дәл сол жерге көмілгенін білсе, қаржысыз-ақ жұмысын тоқтатпас еді-ау деген ой келеді. Ғылыми тұжырым, негіз болмағандықтан, екі адам түс көріпті деп тиісті министрлік қаржы бөле алмайды. Не істемек ләзім?
Шіркін-ай, Отырар кітапханасы ғайыптан табыла қалса, бұл тарихымызға, әдебиетімізге, мәдениетімізге, өнерімізге, медицинамызға, географиямызға, руханиятымызға, басқа да толып жатқан ғылымымызға қосылған үлкен олжа болар еді-ау. Әмір Темір мазараты ашылғанда соғыс өрті бұрқ еткені тарихтан белгілі. Егер Отырар кітапханасы ашылса, рухани байлығымыз одан әрі кемелденіп, жамандық атаулы сап тыйылар ма еді деп те қиялдаймыз.
Адамдар жан дүниесінің баюы жолында руханият ошағын іздеуден әсте жаңылмаған. Біз де жаңылмайық, жалықпайық, жамағат!

Пікір қалдырыңыз