Жетістіктер баршылық, әттеген-айлар да аз емес

Сиыр жылы қазақ спортшылары үшін сәтті өтті деп те, сәтсіз өтті деп те айтуға болады. 2020 жылы өтуі тиіс болған халықаралық спорттық іс-шаралар дүниежүзілік пандемияға байланысты 2021 жылға қалдырылған. Оның ішінде Токио Олимпиадасы мен футзалдан өткен әлем чемпионаты қазақстандық жанкүйерлер аса тағатсыздана күткен аламан болды десек жаңылыспаймыз. Отандастарымыз басқа да бәсекелерде бақ сынады. Бүгін спорт саласында 2021 жылы жеткен жетістіктеріміз бен әттеген-айларымыз жөнінде тоқталмақпыз.

Олимпиада

Әлем жұртшылығы тағатсыздана күткен Олимпиада алауы 2021 жылы бір-ақ жағылды. Рио-де Жанейро қаласында өткен төртжылдықтың басты додасында Қазақстан спортшылары өз деңгейінде өнер көрсетті десек болады. Ал, Токио Олимпиадасы қазақ спортшылары үшін өте сәтсіз аяқталған Олимпиада болды. Қазақстан спортшылары Тәуелсіздіктен бергі кезеңді айтасыз, сонау 1972 жылдардан бері тұңғыш рет Олимпиададан алтын жүлдесіз оралды. Мәселен, егеменді еліміздің боксшылары өздері қатысқан Олимпиадалардан алтынсыз қайтпаған. Тұңғыш рет қазақ боксшылары Олимпиаданың ақтық сынына шыға алмады. Құрамамыз тек Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаевтың қола жүлдесін қанағат тұтты.

Сәкен мен Қамшыбектен бөлек 6 спортшымыз Олимпиада қоласын иеленді. Осылайша Қазақстан құрамасы төртжылдықтың басты додасын 8 қола жүлдемен тәмамдады. Бұл ел спорты тарихындағы ең сәтсіз Олимпиадалардың бірі ретінде халық жадында сақталмақ.

Бокс

Олимпиада сәтсіз өткенімен, қазақ боксшылары әлем чемпионаты арқылы еңсесін қайта тіктеп алды. Белградта өткен әлем чемпионатының жартылай финалына 5 бірдей қазақ боксшысы шықты. Команда капитаны Абылайхан Жүсіпов ақтық сынға жетпей сүрінді демесеңіз, қалған 4 боксшы елді жерге қаратқан жоқ. Бір әттеген-ай дейтініміз, ақтық сынға дейін өзінің тамаша боксымен жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген Махмұд Сабырхан финалда жапон боксшысына жол беріп қойды. Финалға дейін жеткен тағы бір боксшымыз Серік Теміржанов та күміс жүлдегер атанды. Ал, ең жеңіл салмақтағы Теміртас Жүсіпов алтын тұғырға көтерілді. Бұл Теміртастың осы жылы иемденген алғашқы әлем чемпионы атағы емес-тін. Әскерилер арасында өткен әлем чемпионатында да Теміртас Жүсіпов қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа таққан.

Сәкен Бибосыновтың биылғы нәтижелері елді қуантып тұр. Токио Олимпиадасының финалына сынық сүйем жетпей тоқтаған боксшымыз Белградқа «әлем чемпионы болып ораламын» деген ниетпен аттанған. Батырымыз сөзінде тұрды. Жарыс жолында кездескен Олимпада, әлем чемпионаттарының жеңімпаздарын, жүлдегерлерін түгел ұтып, бұл салмақта ол өзінің №1 боксшы екенін дәлелдеді.

Футзал

Олимпиада аяқтала салысымен  қазақ спорты жанкүйерлерінің назары Литваға ауды. Себебі мұнда футзалдан әлем чемпионатының жалауы желбіреген-ді. Біздің ұлттық құрама жүлдегерлер қатарынан көрінуді мақсат тұтқан. Оған себеп те жоқ емес. Қазақстан футзал құрамасы Еуропада 

ТОП-5 құраманың қатарына кіреді. Сонымен қатар әлемнің үздік 10 құрамасының ішінде де Какау баптайтын біздің жігіттердің есімі айтылады. Шыңғыс Есенаманов бастаған біздің команда әлем чемпионатында өте сәтті өнер көрсетті десек болады. Ширек финалда азулы Иран командасын қапы қалдырды. Иран құрамасы – Азия чемпионатында қарсылас шыдатпай, әлем чемпионатында тұрақты түрде үздік төрттікке кіріп жүрген команда. Бұл мундиальге де Иран құрамасы жоғары нәтижелерге жету үшін келген-ді. Алайда, олар ширек финалда Қазақстан құрамасына жол беріп, үйлеріне ерте қайтуға мәжбүр болды.

Жартылай финалда қазақстандық футзалшылар болашақ әлем чемпионы Португалияға жол беріп қойды. Ал, үшінші орын үшін айқаста Бразилия құрамасына ұтылып, төртінші орынды қанағат тұтты.

Кәсіпқой бокс

Қазақстандық кәсіпқой боксшылар үшін де сиыр жылы сәтті өтті деуге болады. Кәсіпқой рингтегі басты жұлдызымыз Геннадий Головкин биыл ешқандай жекпе-жек өткізген жоқ. Соның салдарынан болар, атақты BoxRec сайты боксшылар рейтингісінен GGG-ді шығарып тастады. Есесіне Жәнібек Әлімханұлы рейтингтегі орнын жаңартып, қазақ боксшылары арасында көш бастады.

Жәнібек бұл жылы екі кездесу өткізді. Әлемнің экс-чемпиондары Робо Брант пен Хассан Ндама Нжикамаға қарсы жекпе-жек өткізіп, екеуін де 9-раундқа жеткізбей тізе бүктірді. Осылайша Жәнібек әлем чемпионы белбеуін иемденген Деметриус Андрадеге міндетті қарсылас атанды. Келер жылы Андраде мен Жәнібек жұдырық түйістіруі тиіс. Андраде бұл кездесуден бас тартар болса, чемпиондық белбеу Жәнібекке өтеді.

Шахмат

Қазақстан шахматшылары да сиыр жылын табысты аяқтауға жақын. Шахматтан биылғы әлем чемпионаты Нұр-Сұлтан қаласында өтуі тиіс болған. Алайда, Қазақстандағы карантиндік жағдайға байланысты чемпионат Польшаға ауыстырылды. Соған қарамастан қазақ шахматшылары жақсы нәтиже көрсетуде. Екі аруымыз ТОП-8 шахматшының қатарында келе жатыр. Әзірге ресейлік әлем чемпионы Александра Костенюк топ бастап тұр. Оның еншісінде 7,5 ұпай бар. Одан 1,5 ұпай, кем жинаған Әсел Серікбай үздік үштікте. Ал Бибісара Асаубаева 7-орында тұр. Жансая Әбідмәлік пен Меруерт Камалединова үздік жиырма шахматшының қатарында келе жатыр. Әлем чемпионаты 31 желтоқсанға дейін жалғасады.

Меруерт Камалединова жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің суперфиналында қола жүлдегер атанған болатын. Меруерттен бөлек бұл турнирде бақ сынаған Ксения Балабаева әлем біріншілігінің алтын жүлдесін иемденген еді. Ал, турнир бойы топ бастап келген  Аңсат Алдияр шешуші турда түрік және грек шахматшыларын алдына түсіріп алды. Осылайша ол әлем біріншілігін қола жүлдемен аяқтады.


Пікір қалдырыңыз