Түркістанға Оңдасынов ескерткіші орнатылса...

Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов 1904 жылы Түркістан өңірінде дүниеге келген. Ол Ғани Мұратбаев ұйымдастырған Ташкенттегі жетім балаларға арналған №14 мектеп-интернатына оқуға қабылданады. Интернатта орыс тілінен сабақ берген Ғани Мұратбаевтың тәрбиесін, қамқорлығын көп көреді.

Нұртас Оңдасынов Орман шаруашылығы министрлігінде, Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы (Шығыс Қазақстан, Семей, Павлодар облыстары бір болатын), Қазақ КСР Үкіметінің Төрағасы (Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы) қызметтерін атқарған. Мәскеудегі жоғары партия мектебін үш жыл оқып келген соң, 1954 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағалығына сайланды. Одан кейін 7 жыл Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Он төрт жыл Үкімет басқарған Нұртас Ондасынов мемлекеттік басқару ісінде үлкен мектеп қалыптастырды. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстанның өндіріс, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік салаларында оң өзгерістер жасалды. Өнеркәсіп ошақтары, Теміртау кен металлургия комбинаты, Мойынты-Шу теміржолы, Маңғыстау өңірінде Бозашы, Қаламқас, Қаражамбас мұнай кеніштерін игеруге Одақтың министрлерімен тікелей келіссөз жүргізді. 
Нұртас Оңдасыновтың тікелей ұйытқы болуымен Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Қазақ мемлекеттік қыздар пединституты, Қазақ опера және балет театры, Ғылым Академиясы ашылды. Әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевты Жезқазғаннан алдырып, академияның тұңғыш президенті етіп сайлатқан, мүсінші Хакімжан Наурызбаевты  Қостанайдан алдырып, техникумға түсірген де осы Нұртас Оңдасынов болатын. 
1958 жылы Маңғыстау ауданында мектеп бітіруші бір топ жас комсомолдық жолдамамен қой шаруашылығын дамытуға, қой өсіруші бригадаларға бөлініп, туған жерде қалуға бастама көтерген болатын. Бастаманы бюрода бекіту қажет. Обкомның бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов жастарды жеке-жеке қабылдап, «қарақтарым-ау, қой бағу, малшы болу қазақтың маңдайына жазылып қойған жоқ. Екі жыл қой баққан соң қыздар тұрмыс құрады, ұлдар мектепте оқыған білімдерінен айрылып қалады. Райдан қайтыңдар. Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Алматы секілді үлкен қалаларға оқуға барыңдар, жолдаманы мен беремін» деп үлкен өмірге қанат қақтырған еді. Сол жастардың арасында қазақтың көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбаев та бар еді. Әбіш Кекілбаевқа Қазақ университетіне оқуға түсуге арнайы жолдама алып берген Нұртас Оңдасынов болатын. Сол кездесуді Әбіш Кекілбаев ағамыз үнемі айтып жүретін еді.
Үкімет басшысы болған жылдары Н.Ондасынов Риддер комбинатының директоры, кен инженері Дінмұхамед Қонаевпен кездесіп, оның ісіне лайықты баға берді. Кәсіпорын ол кезде оқ-дәрі жасауға арналған болатын. Көп ұзамай Дінмұхамед Қонаевты өзіне орынбасар етіп тағайындады. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүргенде Нұртас Оңдасынов көптеген кадрларды тәрбиеледі. Гурьев облысын басқарып тұрған жылдары  колхоз бастығы Сағидулла Құбашевты облыстық атқару комитетінің төрағалығына ұсынды. Оңдасыновтың мектебінен өткен Сағидулла Құбашев кейіннен Ақтөбе, Қызылорда облыстық атқару комитеттерінің төрағасы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары, Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы қызметтерін аброймен атқарды.
Нұртас Оңдасынов Қазақстанның барлық саласының дамуына ерекше үлес қосқан үлкен жүректі азамат еді. Ол Одақтың бірінші басшылары Сталин, Калинин, Молотов, Маленков, Ворошилов, Микоян, Брежнев, Косыгин және Одақтың барлық министрлерімен жақсы қарым-қатынаста болып, үлкен беделге, зор сенімге ие болды. 
Эрмитаждағы тайқазанды Түркістанға қайта әкелуде Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі ересен. Ал, бұл іске Мәскеуде тұрған Н.Оңдасыновтың араласқанын біреу білсе, біреу білмес. 
1982 жылы Мәскеуге барған сапарымда Нұртас Оңдасынов ағайдың үйіне сәлем бере кірдім. Елдің жаңалықтарын, Түркістандағы игі істерді айттым. Жұбайы Валентина Васильевна қазақы дәстүрмен дастарқан әзірледі. Ол жерде ірімшік, құрт, шұбаттан дәм таттық. Бізбен бірге үлкен ұлы Іскендірбек Нұртасұлы да болды. Нұртас аға маған бата берді, елге сәлем айтты.
Кейін қайтыс болғаннан кейін өзінің  аманаты бойынша туған жері Түркістанға жерленді. Әлі есімде, Мәскеуден Н.Ондасыновтың денесін елге әкелуге Сағидулла Құбашев пен Өзбекәлі Жәнібеков өлшеусіз үлес қосты. 
Бүгінде Түркістанда Нұртас Ондасыновтың атында мектеп, көше, мұражай бар. Өзі туып-өскен Амангелді ауылы бүгінде Нұртас ауылы деп аталады. Жақында Алматыға мүсіні орнатылды. Енді Түркістанның төрінде де үлкен еңселі ескерткіші бой көтерсе деген тілегіміз бар. 

Ержан ҮБАЙДАҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист, дипломат, 
қоғам қайраткері, оңдасыновтанушы.

Пікір қалдырыңыз