Зорлық-зомбылық азайды ма?

Бауыржан Ерман, «Ońtústik Qazaqstan».

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамдағы өзекті проблемалардың бірі. Себебі, осының кесірінен талай отбасының шаңырағы шайқалып, қаншама қаракөздер зәбір көріп келеді. Ал, облыста оның алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 

Биылғы он айдың көрсеткіштері бойынша отбасындағы тұрмыстық кикілжіңдерден туындайтын қылмыстар саны 28,8 пайызға төмендепті. Оның ішінде, әйелдерге күш көрсету оқиғалары 3,3 пайызға азайған. Облыстық полиция департаментіне қарасты жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Асылхан Төрехановтың сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері өңірдегі учаскелік полиция инспекторлары құқығы бұзылған 3465 тұрғынға қатысты қорғау нұсқамасын шығарса, 517 азаматтың мінез-құлқына қатысты сотпен ерекше талап белгіленген. Ал, 104 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 63 азамат сот шешімімен мәжбүрлі түрде емдеу мекемесіне жатқызылған.  
– Осы орайда айта кетейін, егер кез келген адам отбасында қандай да бір қысым көрсе немесе зорлықтың куәсі болса, бірден 102 нөміріне немесе +7 725 33 5 85 80 сенім телефонына хабарласып, көмек ала алады. Одан бөлек, «Сенім-Ай» қоғамдық бірлестігінің «Көмек» орталығы да тегін қызмет көрсетеді. Бұл орталықтарда тұрғындарға тегін құқықтық және медициналық кеңестер беріледі. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» де үздіксіз қызмет етіп жатыр. Сондықтан, әр адам өз құқығын қорғап, құқықбұзушыға қатысты тиісті шаралар атқарылуы керек, – дейді полиция полковнигі А.Төреханов. 
Пікір қалдырыңыз