«Жас сарбаздар» сапқа тұрды

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов бекіткен іс-шара жоспарына сәйкес Мақтаарал ауданында «Жас сарбаз» патриоттар қозғалысы ұйымдастырылған болатын. Осыған орай жуырда «Мақтаарал» аграрлық колледжінде «Жас сарбаз» патриоттық қозғалысының облыстық слеті өтіп, іс-шараға аудандардан келген 21 колледждің әскери патриоттық клубтары қатысты.

«Өскелең ұрпақтың жүрегіне жоғары азаматтық белсенділікті, патриотизмді сіңіру, жеке тұлғаның Отан алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру, салауатты өмір салтын және жастар арасында дене шынықтыру мен әскери-қолданбалы спорт түрлерін насихаттау мақсатында барлық оқу орындарында құрылған «Жас сарбаз» клубтары өз жұмыстарын жоғары дәрежеде атқарып жүр. Ұлтжандылық сезімі өзінен-өзі пайда бола салмайды, ешкім патриот болып тумайды.  Өз елінің патриоты жеке тұлғаның күрделі даму процесінде ғана қалыптасады, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жастардың Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруға оң ықпалын тигізеді»  деді слеттің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы Рысалды Нәлжігітова. 
Патриоттық жарыста командаларды іріктеу 3 кезең бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, бірінші кезеңде «Жас сарбаз» клубтары өз жұмыстарын  жарнамаласа, екінші кезеңде Калашников автоматын жартылай бөлшектеуден және жинаудан сынға түсті. Осы 2 іріктеу кезеңдерінен өткен үш команда колледж ауласында ұйымдастырылатын «Арай» патриоттық-зияткерлік квест ойынына қатысты.  
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің бас маманы Рысалды Нәлжігітова, Жетісай және Мақтаарал аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің кіші сержанты Бейбіт Әлімбетов, Мақтаарал ауданының жастар ресурстық орталығының басшысы Сүндет Кенжебаев, облыстық жастар ресурстық орталығының әдіскері Батырбек Ахметов, облыстық әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптік білім беру кафедрасының меңгерушісі Назым Жүнісова жарысқа төрелік жасап, сынға қатысушылардың әділ бағасын берді. 
Бірінші орынды №14 колледждің «Қыран» әскери-патриоттық клубы (ӘПК) жеңіп алды. Екінші орынды «Мақтаарал» аграрлық колледжінің «Жалынды жастар» мен «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледің «Ясауи сарбаздары» ӘПК, үшінші орынды Түлкібас агробизнес колледжінің «Барыс» ӘПК мен №17 колледждің «Барыс» ӘПК және Д.Қонаев колледжінің  «Жас сарбаз» ӘПК иеленді. 
– Біздің колледж жастарының «Жас сарбаз» патриоттық қозғалысы облыстық слетінде 21 колледждің арасында топ жарып, бірінші орынды иеленуі үлкен жетістік. Бұл орайда колледждегі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы, аға лейтенант Бикелді Сейдахметовтің еңбегі ерен. Ол ширек ғасырға жуық уақыттан бері біздің оқу орнында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беріп келеді. Облыстық слетте оқушыларымыздың әскери-қолданбалы спортты жетік меңгергеніне риза болдық, – деді №14 колледж МКҚК-нің директоры Ұлжан Шалхарова.
Облыстық слетте жүлделі орынды иеленіп, үлкен абырой биігінен көрінген колледждің жастары Кристина Гиммель, Вячеслав Букин, Әлихан Серікбаев, Исақбай Алдияр, Лесбек Орынбек, Асмяр Бабаева, Гүлмира Тұрымбетова колледждегі әрбір іс-шараға белсене қатысады. Білімге құштар, алғыр жастардың алдарына қойған мақсаттары да жоғары. Біз де колледж ұжымына «Жеңіс жеңіске ұлассын!» демекпіз.

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.
Мақтаарал ауданы.
Пікір қалдырыңыз