Заман да, адам да жаңарды

Дүние жүзінде алты мыңға жуық ұлттар мен ұлыстар бар екен. Солардың ішінде екі жүздей ұлт қана тәуелсіз мемлекет болып отыр. 
Тәуелсіздік  біздің де асыл арманымыз еді. Осы тәуелсіздік жолында сан мыңдаған ата-бабамыз шейіт болды. Ата-бабаларымыз аңсаған, сол егемендікке 1991 жылы қолымыз жетті. Тәуелсіздікті қабылдаған Қазақстан Жоғарғы Кеңесі XII шақырылымының депутаты болдым. 1991 жылдың 16 желтоқсаны, сағат 18.00-де ел Тәуелсіздігі жарияланған сәтке тікелей куә болған бақытты жандардың бірімін.

Егер егемендіктің алғашқы жылдарындағы өндіріс біткен тұралап, жұмыссыздық белең алып, жалпы ішкі өнімнің жылдық көлемінің құлдырау қарқыны 25,4% болып, инфляция шарықтап (1992 жылы – 3061%, 1993 жылы – 2265%), адамдар жаппай сергелдеңге түскен күйзеліс кезеңін еске алсақ және сол кезеңдегі жағдайды халықтың қазіргі тұрмысымен салыстырар болсақ, екеуінің арасы жер мен көктей екені бірден көзге ұрады. Осы  салыстырулар  арқылы-ақ еліміздің өсіп-өркендеу жолдарын айқын аңғаруға болады. Жалпы, республикамыздың тәуелсіздікке бағыт алған жылдарынан бастап, күні бүгінге дейінгі шежіресін түзер болсақ, ол шежіре, мәңгі есте қалар небір айтулы оқиғаларға тұнып тұр. Сол кезде Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде республика егемендігін бекемдеген талай тарихи шешімдердің куәсі болғанымды бүгінде мақтанышпен еске аламын.
1990 жылы 24 сәуірде балама сайлау барысында алғаш рет демократиялық негізде сайланған Қазақстан Республикасының ХІІ шақырылған  Жоғарғы Кеңесі өзінің бірінші жұмыс күнінде «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңға) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдап, республикада президенттік билік институтын енгізді. Жоғарғы Кеңес өз сессиясында ел Президенті етіп Н.Ә.Назарбаевты сайлады. Мемлекеттегі жоғары қызметке тағайындалған сәттен бастап Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның саяси және экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған батыл да белсенді қадамдар жасады. Соның бірі қырық жыл бойы халқымызға сор болып жабысқан, атом қаруын сынақтан өткізетін Семей полигонын жабу мәселесі еді. Президенттік билік қолына тиген беттегі Н.Ә.Назарбаевтың алғашқы Жарлықтарының бірі осы полигонға байланысты шықты. 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Әбішұлы Семей маңындағы ядролық полигонды жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Алысты болжай отырып, болашақта атқарылар істерді бүгінгі күні орын алып отырған саяси жағдайлармен шебер ұштастыра білетін Президент Н.Ә.Назарбаев қысқа мерзім ішінде тәуелсіз мемлекеттің негізгі құрылымдары мен институттарын қалыптастырып үлгерді. 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен Қазақстан тарихындағы алғашқы мемлекет басшысының Бүкілхалықтық сайлауы ел мемлекеттілігі жолындағы және бір тарихи маңызды кезең еді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкілхалықтық дауыс беруге қатысқан республикадағы барлық азаматтардың 98,8% даусына ие болды. Бұл Президентке деген жоғары сенімнің, өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында сыннан өткен жетекшіге өз тағдырын сеніп тапсырған халықтың  таңдауы еді.   
Ал, Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды қабылдау кезінде  айтыс-тартыс аз болмады. Заң жобасының кіріспесіндегі «Қазақ халқының өзін-өзі билеу құқын растай отырып» деген сөйлемнен «қазақ деген сөзді алып тастау керек» деген пікірді талқылаудың өзі ұзаққа созылды. Ақыры ол сөз кіріспеде қалдырылды. Жоғарғы Кеңестің біраз депутаттары мұнан да әріге барып, «ертең Қазақстандағы 17 миллион халықтың жартысына жуық орыс халқы бөтен мемлекетте қалып жүрмей ме? Біздің республикамыздың ерекшеліктеріне орай бұл мәселе референдумға шығарылуы керек. Біз кімнен және неден егемендік алмақпыз? Орыс империясының орнына қазақ империясын орнатқымыз келе ме?» деген сияқты қитұрқы сөздерімен басқа депутаттардың көңілін алаңдатумен болды. Заң жобасын талқылау үш күнге созылды. 14 желтоқсанда заң жобасы қызу талқыланған түскі үзіліске дейін 30 депутат сөйлеп, Заң жобасының редакциясын толықтыру туралы 16 адамнан комиссия құрылды. 15 желтоқсанда Заң жобасын талқылау одан әрі жалғасты. 16 желтоқсандағы кешкі отырыста «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң жобасын дайындайтын комиссия төрағасы, депутат С.Сартаев баяндама жасады. Комиссия ұсынған заң жобасы талқыланып, 48 депутат шығып, өз ұсыныстарын айтты. Талқылау барысында Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үш рет сөз сөйледі. Осындай ұзаққа созылған пікірталастан кейін Төраға кешкі сағат 18.00-де «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң жобасын дауысқа қойды. Көпшілік дауыспен заң қабылданды. Депутаттар, Үкімет мүшелері, шақырылған шетел елшілері, қонақтар, журналистер, барлық қатысушылар орындарынан тұрып, ұзақ ду қол шапалақтады. Республиканың Әнұраны орындалды. Барлық қатысушылардың көңілі ерекше толқуда болды. Мен өзім жүрегім дүрсілдеп, ерекше толқып, бір-ақ сәтте көзім жасқа толып шыға келді. Жан-жағыма қарасам, барлық депутаттар да толқып, көздеріндегі жасты сүртіп жатыр екен. Міне, осы тарихи оқиғадан кейін республиканың тәуелсіз елге тән болуға тиіс нышандарына қатысты, Қазақстанның егемендігін бекемдей түсетін басқа да заңдар бірінен кейін бірі қабылданып жатты. Сөз ретіне қарай тәуелсіздікті, егемендікті баянды ететін заңдар қабылдаудың оңайға түспегенін айта кеткен жөн. Бұған дейін қандай шешім қабылдаса да алдымен Мәскеуге жалтақтап, солардың ығына жығылып үйренгендіктен болар, республиканың егемендігіне байланысты мәселелер қозғала бастаса-ақ өре түрегеліп, әлдеқандай бір апатқа тап болғандай немесе тап болатындай мінез танытып, өрекпіп кететін депутаттар басым еді ол кезде. Ондай халық қалаулылары даурықпалылыққа салынып, күн тәртібіне қойылған мәселеден қандай да бір астар іздеп, әріптестерін мезі қылатын. Және ондайлар әдетте жалғыз-жарым болмайтын. Сондықтан өздерінше шеп құрып алып, әрбір отырыс сайын бүйректен сирақ шығарып отыратын. Мұның өзі егемендігіміз үшін ауадай қажет заңдардың дер кезінде қабылдануына айтарлықтай кедергі келтірді. Міне, осындай қиын жағдайда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қандай да бір мәселеге байланысты болмасын, дәлелді де тегеурінді пікірлері депутаттық корпустағы Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Әбіш  Кекілбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Өмірбек Байгелдиев, Оралбай Әбдікәрімов сияқты үлкен ғалым, білікті мамандардың ойларымен астасып, ортақ іске оң әсерін тигізетін. Өйткені, әлгіндей жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты дейтіндей бостекі даурықпалықтарға  олар өзінің бұлтартпас дәлелді пікірлерін қарсы қойып, буынсыз жерге пышақ ұрушылардың көңілдерін  су сепкендей басып отырды. Соның нәтижесінде, республикамыздың егемендігін баянды ететін көптеген заңдар өмірге жолдама алды. Қазір сол кезде осындай заңдардың қабылдануына қарсы дауыс берген депутаттар санының едәуір болғанына көп адамдар сенбеуі мүмкін. Бірақ, ол шындығында солай болды. Біз оны көзімізбен көрдік. Қоғамның ала-құлалығы, басым көпшіліктің кеңестік кезеңде бауыр басқан әдеттерден арыла алмай жүргені анық байқалатын. Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебім, тәуелсіздікті баянды ету кім-кімге де оңай тиген жоқ. Қиналған кезде тығырықтан шығар жол іздеу барысында әртүрлі келіспеушіліктер де орын алып жатты. Ең бастысы, осындай келіспеушіліктерді дағдарысқа ұластырмай, уақтылы шешіп отыру, ел болашағына қатысы бар дұрыс шешімдер қабылдай білу көрегендікті, даму заңдылықтарын ескере отырып дәл шешім қабылдауды талап ететіні сөзсіз. Бұл орайда, Президент Н.Ә.Назарбаевтың саяси ұпай жинаудан гөрі экономиканы жолға қоюды бірінші орынға шығарып, қандай істі қолға алса да, осы бағытты ұстана отырып іс-қимыл жасауы жасанды кедергілерден ойдағыдай өтуге мүмкіндік берді. Президент не істесе де, нені қолға алса да, ең алдымен оның елге тигізетін пайда-зиянын қатар безбендеп, әбден өлшеп-пішіп, елеп-екшегеннен кейін ғана жұртшылықтың талқысына ұсынып отырды. Мәселен, Астана қаласын алайық. Елорданы Арқаға көшірудің астарында, менің ойымша, ресми деректерде айтылатын мәліметтерден де басқа, мемлекет басшысының  ұлтымыздың қамын тереңнен ойлаған жоспарлары  жатқан болар.  Солтүстік облыстардағы жергілікті халықтың саны астананы көшірер қарсаңда 15-20%-дың о жақ, бұ жағы ғана болатын. Қазақтың осы бір құйқалы өлкесіне іштен де, сырттан да көз алартушылардың аз болмағанын несіне жасырамыз. Міне, осындай алмағайып сәтте Президент қабылдаған шұғыл шешім бүгінде өз нәтижесін беріп отыр. Бір кезде тың өлкесінің астанасы атанған Целиноград көшелерінен қазақты кездестіру некен-саяқ болса, бүгінгі елорда тұрғындарының басым көпшілігі – жергілікті ұлт өкілдері. Бүгінде Сарыарқа төсіндегі алып құрылыс алаңына айналған Астананың келбетіне қарап, сүйсінетіндер де, таңырқап, бас шайқайтындар да жетерлік. Сүйсінетін себебі, айналдырған 22-23 жыл бедерінде қала адам танымастай өзгеріп, ондағы жұпыны ғана тіршілік көз алдыңда құлпырған ғажап көрініске ұласты. Таңырқайтын себебі, осының бәрі минут, сағат сайын өсіп, ай, жыл өткенде алып болып шыға келетін ертегідегідей қысқа мерзімде жүзеге асты.
Еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары қомақты. Санамалай бастасақ, көңіл марқаяр сәттер баршылық. Ал, 2010 жылдың желтоқсан айында өткізілген ЕҚЫҰның Астана саммиті ел халқының өмірінде есте қалар айтулы оқиға болды. Түркі тілдес мемлекеттер арасында, мұсылман мемлекеттері арасында тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәртебесіне ие болған Қазақстан ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің басшыларын Астанада тоқайластырып, он бір жылдан бері өткізілмеген келелі жиынның жоғары дәрежеде өтуіне ұйтқы бола білді. Бұл әрине, үлкен мәртебе. Бұл – Қазақстанның жеңісі. 
Тәуелсіздігіміздің 30 жылы тарих өлшемімен алып қарасақ, қас-қағым сәттей-ақ. Бірақ, осы уақыт аралығында елімізде ғасырдан астам уақытта атқарылатын істер атқарылды. Тарихи қысқа мерзім ішінде еліміз жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, құқықтық және демократиялық мемлекетті қалыптастыру,  мемлекеттік егемендікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты одан әрі нығайту жолында зор табыстарға қол жеткізді.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 350 млрд. доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды, бұл Орталық Азия өңіріне келетін жалпы инвестициялар ағынының 70%-ын құрайды, ЖІӨ көлемі 20 есе өсті, 2 млн.-нан астам жұмыс орны  ашылды.  Қазақстан азаматтарының орташа жалақысы 17 есе, ал, зейнетақы мөлшері 15 есе өсті.  Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін ұлғайды, бала туу деңгейі 60%-ға өсті.  100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. 1500 мектеп және 2700-ден астам балабақша мен 1800 денсаулық сақтау нысаны салынды. 
Қазақстан көпжақты және бейбіт сыртқы саясатты дамытып, әлемнің 183 мемлекетімен дипломатиялық қатынастар орнатты. Қазақстан саяси, экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық және мәдени салалардағы ортақ мақсаттарға қол жеткізу мақсатында БҰҰ, ЕҚЫҰ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, ТМД, ШЫҰ, ЕАЭО, ҰҚШҰ секілді халықаралық қоғамдастық құрған негізгі үкіметаралық ұйымдардың құрамына кіреді және арадағы ынтымақтастықтың артуына күш салады.
Күні кеше және бір тарихи оқиғаның куәсі болдық. Стамбұл қаласында тамыры бір, тарихы терең түркі елдерінің Түркі кеңесі қанаты қатайып, Түркі мемлекеттерінің ұйымы болып қайта құрылды. Бұл бүкіл түркі жұртын  тамырластық пен ортақ мүддеге біріктіреді. 
2015 жылдан бастап елімізде аса маңызды бес институттық реформа жүзеге асырыла бастады. Бұл жаңғыртулар кәсіби мемлекеттік аппарат құруға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, индустрияландыру мен экономикалық өсімге, қазақстандықтарды болашақтың біртұтас ұлтына топтастыру мен мемлекеттің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары қабылданып, оны жүзеге асыру үшін заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Елімізде өмір сүретін сан ұлт өкілдерінің тең дәрежеде дамуына қолайлы жағдай туғыза отырып, қазақ халқының өз жерінде тілінің, дінінің, мәдениетінің өркендеуіне қол жеткіздік. Бір кездері өз еліндегі саны 29%-ға дейін құлдыраған халқымыздың саны қазіргі кезде республика тұрғындарының 72%-ынан асты. Ұлттық мәдениетімізді қайта түлету үшін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жасалды.
Жоғарыда  айтылғандай, тәуелсіздік  жылдары  Қазақстан небір қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, толағай табыстарға жетті, қарқынды даму жолына түсті. Ел де, заман да, қоғам да, адам да жаңарды. Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Бұрын біз кім едік, қазір кімбіз? Әрбір қазақстандық өзіне осы сұрақты қойып, ойланса, біздің елдің бүгінгі жетістіктері көз алдымызға келеді, көкірегіңді  өз еліңе, отаныңа  деген  ризашылық сезімі мен мақтаныш кернейді.
Қазақстан халқына  арнаған биылғы Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Тəуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. ...Біздің бағытымыз – белгілі, мақсатымыз – айқын. Ең бастысы, сол мақсатқа жету үшін не істеу қажеттігін жақсы білеміз. Нақты жоспар жасап, соны жүзеге асырып жатырмыз. Біз қолға алған игі бастаманың бәрін соңына дейін жеткіземіз. Кез-келген кедергіні еңсеріп, қиындықты жеңуге дайынбыз» деп алда тұрған мақсаттарға кеңінен тоқталып, оны орындау  жолдарын айқындап берді. Бұл  мақсаттарға  қол жеткізу үшін бәріміз бір кісідей жұмылып, елімізде бірлік пен тұрақтылықты сақтап, Президетіміздің төңірегіне топтасып, аянбай тер төгіп, еңбек етуіміз керек. Бұл біздің әрқайсысымыздың ел тәуелсіздігін  нығайтуға қосқан үлесіміз болады.

Қуаныш АЙТАХАНОВ,    
қоғам қайраткері.


Пікір қалдырыңыз