Полковник Жорабеков

Тәртіп сақшысы болу қай кезде де жоғары жауапкершілікті, сергек сезімталдықты қажет етеді. Бұл талаптардың үдесінен шыға білу екінің бірінің қолынан келе бермесі тағы белгілі. Өйткені, адам тағдырына қатысты мәселелерді шешуде қызмет мүддесін адамгершілік қағидаларымен астастырып, заң баптарын барынша әділет жолымен қолдануға ұмтылу оңай дүние емес.

Бұл күнде полковник шенінде құрметті демалысқа шыққан Серік Жорабеков осындай сынақтың талайынан өтті. Өз тұстастары секілді еңбек жолын жұмысшылықтан бастаған ол азаматтық борышын өтеп келген соң да сол саптан шыққан жоқ. Еңбектің дәмін әбден татып, өз қатарының алды болып жүрген жігерлі жігіттің жиырма үш жасында ішкі істер қызметінің қатарына алынуы да кездейсоқтық емес-ті.
Сол кездегі Алғабас аудандық ішкі істер бөліміне қатардағы милиционер болып қабылданған ол еңбек ете жүріп, КСРО Ішкі істер министрлігінің Рязань жоғары мектебін, Ресейдің ішкі істер академиясын оқып бітірді. Серік Жорабекұлы Шымкент облыстық ішкі істер басқармасына қарасты ИЧ-167/6 түзеу мекемесі бастығының саяси-тәрбие істері жөніндегі орынбасары, еңбекпен түзеу мекемелерінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы, ҚР Ішкі істер министрлігінің ведомстволық оқу орындарында басшылық қызметтер атқарды. Ол өзінің саналы ғұмырын, білімі мен тәжірибесін қоғамдық тәртіпті сақтауға, мемлекеттік меншікті қорғауға, қылмыстың алдын алу шараларын жүзеге асыруға арнады. Талай рет жоғары басшылық тарапынан мақтау-мадақтауларға ие болды. Әсіресе, Шымкент заң колледжін басқарған жылдары елдегі өтпелі кезеңдермен тұспа-тұс келді. Сол уақыттарда ол өзі басқарған ұжымдарды ортақ іске жұмылдыра білді.
Бүгінде құрметті демалысқа шыққанымен, оның тағы да жұмысқа қарай асыға басып кетіп бара жатқанын жиі көруге болады. Жұмыс демекші, ол қазір Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарында болашақ заңгерлер даярлаумен айналысады. Кейінгі жастарға тәлім-тәрбие беруді өзінің парызы санайды. 
Бүгінде жетпістің желкенін керген бір әулеттің атасы, ҚР ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы, сонау жылдары аудандық ішкі істер бөлімінің есігін имене аттап, қатардағы қызметкерден полковник шеніне жеткен Серік Жорабекұлының жүріп өткен өмір жолдары осындай.

Қанатбек ТІЛЕУБЕРДИЕВ,
Б.Момышұлы атындағы оқу  орталығының бастығы,
полиция полковнигі, филология ғылымдарының кандидаты.    
Пікір қалдырыңыз