«Музей-адамға» арналды

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Оны көзі тірісінде ел «музей адам» деп атап кеткен болатын. Өйткені, «музей-адамның» есімі «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музей- інің тарихымен қатар аталады. Сондықтан аталмыш мұражай қызметкерлері «Отырар эрмитажы» деп аталатын жаңа экспозицияны мұражайдың құрылу тарихы мен Асантай Әлімұлының өмір жолына арнапты.

Реті келгенде оқырмандарға «музей-адам» Асантай Әлімұлы туралы тағы да айта кетуді жөн көріп отырмыз. Асантай аға Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдағаннан кейін Сарыағаш ауданындағы «Орта төбе», Э.Тельман атындағы қазақ-орыс мектептерінде еңбек етеді. Өзі туып-өскен Отырар ауданындағы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы орта мектепте де мұғалім болып жұмыс істейді. Осы білім ошағында қызмет етіп жүргенде Асантай Әлімұлы Отырартөбенің төңірегінен табылған көне жәдігерлерді жинастырып, «Темір» жалпы орта мектебінің ішінен кішігірім мұражай ашады. Көнекөздер қазіргі «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің алғашқы іргетасы міне, осылай қаланған деседі.  
Ел ішінен жинақталған күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар мен археологиялық жәдігерлер шағын екі бөлмеге сыймағаннан кейін Асантай Әлімұлы аудан басшылығынан алты бөлмелі баспана сұрайды. Оған кейіпкеріміздің өзі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, музейге лайықтайды. Бұл кезде мұражайдағы жәдігерлердің саны 1 500-ге жетеді. 
Аталмыш мұражай 1975 жылы облыстық өлкетану музейінің филиалы ретінде жұмыс істесе, 1976 жылдан бастап өз алдына аудандық мемлекеттік өлкетану музейі болып қайта құрылады. Уақыт өте келе 3 мыңнан астам жәдігерге 
6 бөлмелі ғимарат та тарлық ете бастайды. Асантай Әлімұлы облыстағы және республикадағы тиісті орындарға мұражайға үлкен ғимараттың қажеттігін айтып хат жазады. Нәтижесінде, 1979 жылы қазіргі «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне арналған үлкен ғимараттың негізі қаланып, ол 1982 жылы ел игілігіне беріледі.
Асантай Әлімұлы көне жәдігерлерді ғана жинақтап қойған жоқ. Ел ішінде ауыздан-ауызға тараған шешендік сөздерді, мақал-мәтелдерді, нақыл сөздерді, ақындардың өлеңдерін қағазға түсіріп, насихаттады. Оның суретшілік өнері де осы ел тарихымен тығыз байланысты болды. 
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Асантай Әлімұлының еңбегі еленіп, оған Отырар ауданының құрметті азаматы және «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді. 
Ал, оған «музей адам» деген атты жазушы Дүкенбай Досжан қояды. Дүкенбай Досжанның Асантай Әлімұлы туралы жазған «Музей-адам» атты әңгімесі бар. 
Пікір қалдырыңыз