Жетісайдан шыққан жиһанкез

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».

Дүниеге баланың көзімен қарау, айналасындағылардан тек тазалықты іздеу көңілі кіршіксіз таза адамдардың басты қасиеті болса керек. Мұндай жандар өмірде сирек кездеседі. Дегенмен, бар. Соны көңілге медеу тұтамыз. Егер осындай адамдар көп болса мына өмір гүлдей жайнап кетер еді-ау деп те ойлайсыз. Міне, осындай бала пейілді, періште ниетті азаматтардың бірі – жерлесіміз, белгілі балалар жазушысы Бейсенбай Сүлейменов ағамыз. Оның шығармаларынан қашанда жас өскінді тазалыққа, адалдыққа, имандылыққа, білімділікке үндеген леп есіп тұрады. Бір шығармасынан бір шығармасы асып түсіп, бала қиялын қияндарға қалықтатады. 

Бала қиялы деп қалдық. Жазушы Бейсенбай Сүлейменовтің қай шығармаларын алып қарасақ та оның өн бойында қиял-ғажайып оқиғалар тұтасып тұрады. Жетілуге талпынған жеткіншек санасы жетікөк аспанда жүреді, ізденеді, талпынады, жаңалық іздейді. Жазушының шығармаларында бала қиялындағы көп сұрақтың жауабы дайын тұрады. Сондықтан да жас оқырмандар Бейсенбай атасының  ертегі, әңгімелеріне ынтық.
Әрине, екі қолды төбеңе қойып, шалқалап жатып небір тұңғиық ойлардың тереңіне сүңгуге болады. Бірақ, мұның барлығы да көзбен көріп, қолмен ұстағандай болмайды. Осыны жақсы білетін Бейсенбай нартәуекел деп белін буып, болашақ туындыларына азық іздеп, Жер шарының әр қиырын басып өткенін біреу білсе, біреу білмес. Ол Кеңес өкіметінің қанды шеңгелі құрсаулап тұрған кезеңдердің өзінде шетелдерге шығып, аңызға айналған өлкелерге саяхат жасады. Сонау 1979 жылы Оңтүстік Американың Перу, Эквадор республикаларында болды.  Амазонка мен Анд тауларын, жұмбағы мол Джунгли ормандарын, инктер империясының мәдени ошақтарын аралады. Жер кіндігі Эквадор белдеуін екі рет кесіп өтті. Үндістер өркениетін, тарихы мен тұрмысын зерттеген екі кітап жазды. Үндістердің түркі тектес халық екенін дәлелдейтін құнды деректер тапты.
Сол 1979 жылы Алматыдағы «Искра» кинотеатрында «Латын Америкасы: күңгейі мен көлеңкесі»  атты фотокөрмесі 7 ай бойы көрерменін қызықтырып тұрды. Бұл қазақ фотоөнеріндегі ең алғашқы көрме еді. Республикалық газет-журналдарда Латын Америкасындағы үндіс балаларының өмірі, тыныс-тіршілігі, ел тарихы туралы мақалалары жиі жарық көрді. Сонымен қатар, фоторепортаждары үлкен сұранысқа ие болды. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне жарияланған циклді мақалалары республикалық Бейбітшілік пен Келісім Кеңесінің бірінші сыйлығына ие болды.
Бейсекең 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасына қатысып, Қазақстан спортының жұлдыздары жайлы да мақалалар топтамасын жазды. Демек, бұл – оның спорт журналисі екенін айғақтайтын бір дерек.
Ол енді 1982 жылы Африкаға сапар шекті. Грекия, Мальта, Тунис, Испания, Канар аралдары, Гвения-Бисау, Тынық, Атлант мұхиттары, Жерорта теңізінің таңғажайып тамаша құпия-сырларымен, тарихымен танысып, балаларға арналған танымдық тамаша туындыларды өмірге әкелді.  Міне, қараңыз, 1985 жылы  Латын Америкасы туралы «Кечуа тайпасының үндістері» повесі «Жалын» баспасынан жарық көрді. Артынша «Қуанышты күн» повесі балғын балаларға жол тартты. 1992 жылы Америка континентінің ашылғанына 500 жыл толуына орай «Бес ғасыр атылмаған садақ» кітабы оқырмандарға жол тартты. Осы еңбегі үшін автор Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына ие болды. Жалпы,  Жетісайдан шыққан жиһанкез жазушының «Хан шатырындағы кездесу», «Күннен келген адам», «Тентектер» кітаптары да балғын оқырмандардың жүректерінен орын алды. 2009 жылы Б.Сүлейменов жастардың патриоттық тәрбиесіне бағытталған публицистикалық мақалалар циклі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығына ие болды. Сонымен қатар, жазушының Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан шыққан «Независимый Казахстан: антология современной литературы» атты үш томдық кітапқа әңгімелері енгенін айта кетуіміз керек.
Бейсенбай Сүлейменовтің журналистика саласындағы еңбектері өз алдына зерттеуді қажет етеді. Басқасын былай қойғанда, оның республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде Фариза Оңғарсынова апасының қатаң талаптарына шыдап, оның орынбасары қызметін абыроймен атқарғанын дара атап көрсеткіміз келеді. Фаризадан соң осы газетке басшылыққа Уәлихан Қалижан келді. Уәлихан «Лениншіл жас» газетіне бас редактор болып ауысқанда балдырғандар басылымының басшылығы Бейсенбайға сеніп тапсырылды.
Бейсенбайдың тағы бір қыры – оның баспагерлігі. Ол 1990-1995 жылдары Алматы облыстық «Полиграфия» өндірістік бірлестігіне қарасты «Газет» баспасының директоры, мұнан соң «Әл-Фараби», «Құс жолы» баспаларының директоры, 2005-2006 жылдары «ЗАҢ» медиа-корпорациясы Астана өкілдігінің директоры, «Әдебиет әлемі» баспасының директоры қызметтерін абыроймен атқарды.  Бүгінде жазушы-журналист Бейсекең мектеп оқушыларына «Жазушы шеберлігі мен журналистік өнер құдіреті» атты шеберлік сабақтарын өткізіп келеді. Бұл – оның ұстаздық қыры.
Міне,  танымал балалар жазушысы, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, публицист, қоғам қайраткері, «Әдебиет әлемі» баспасының директоры Бейсенбай Сүлейменов жетпіс жастың жотасына  тың да сергек, шаршамай-талмай көтеріліп отыр. Осыған орай жазушының туған жері  Жетісай және Мақтаарал, Шардара аудандарында кездесу өтті. Сондай кездесудің бірі Шымкент қаласындағы Әл-Фараби кітапханасында жалғасты. Әдеби кешті ҚР еңбек сіңірген қайраткері, сарабдал сықақшы Көпен Әмірбек жүргізіп отырды. Қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, академик Уәлихан Қалижан жазушы шығармашылығы жайлы баяндама жасады. Мұнан соң жазушының жетпіс жылдығына орай  ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жолдаған құттықтау хатын оқыды. Осы жерде айта кетуіміз керек, Президент Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Тіл үйрену үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары» деген болатын. «Биылғы жылды балалар әдебиеті жылы деп жариялатуға Бейсекеңнің тікелей үлесі бар» деп қосты академик Уәлихан Қалижан құттықтаудан соң. Әдеби кеште  сондай-ақ қоғам қайраткері Қанжігіт Сыздықов, жазушының жерлестері, басқа да зиялы қауым өкілдері сөйлеп, жазушының бүгінге дейін жеткен жетістіктеріне жан-жақты тоқталды. Опера және балет театрының солисі Үрәлхан Каналбайқызы халық әні «Алқоңыр», Манарбек Ержановтың «Қуанамын» әндерін нақышына келтіре шырқады. Кітапхана жанындағы «Ақ ерке» балалар тобы (жетекшісі – Ботакөз Мамытбекова) жазушы шығармаларына лайықтап көрініс қойды, өлеңдер оқыды. Бір ерекшелігі, балалардың қиял-ғажайып туындыларға  ынтық екені аңғарылып тұрды. Олар сұрақ-жауап барысында жұмбағы көп әлемге ағаларымен бірге саяхаттап қайтты.
Кеш соңында жазушының баспадан биыл шыққан «Сырлы әлем», «Хан шатырдан Күн шатырға дейін саяхат»,  «Горилла-адам», «Туғаң күніңмен, Айтұмсық!» (соңғы екеуі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде) кітаптарының тұсаукесері өтті. Әдеттегідей қаламгер кітаптарын кішкентай оқырмандарына тегін таратты.

Пікір қалдырыңыз