Күліп кірген қарыз жылап шығуға жарамай тұр

Әдетте қарызды күліп кіріп, жылап шығады деп жатамыз. Бірақ, бүгінгінің қарызы бір кірсе, қайта шыққысы келмей табандап тұрып алады. Соның салдарынан қаншама адам күнін қарыз өтеумен өткізіп жүр. Статистикаға сүйенсек, еліміздегі халықтың сексен пайызы қарызға күнелтіп жүрген көрінеді. Яғни Қазақстандағы экономикалық белсенді халықтың саны орта есеппен он миллион десек, соның тек 1,9 миллионының ғана қаржы ұйымдарының алдында қарызы жоқ. Қалғаны қарызға белшесінен батып қалған.

Қарыз алып, дер кезінде қайтара алмай қалғандардың қарасы күн өткен сайын көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Алғашқыда арзымайтын мәселені шешу үшін алынған қарыз бертін келе ұлғайып, тіпті түйіні шешілмейтін үлкен проблемаға ұласып жатады. Сарапшылардың айтуынша, қарапайым халықтың жаппай қарызға батуына, біріншіден, олардың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болса, екіншіден, еліміздегі кредиттік ұйымдардың үстеме пайызының тым жоғарылығы да елдің жаппай қарызданып қалуына аз үлес қосып жатқан жоқ. Сонымен бірге, бүгінгі қоғамда жақын-жұрағаттан қарыз алғаннан гөрі қаржылық ұйымдарды жағалаған әлдеқайда жеңіл сияқты көрінеді. Одан қалса, қаржы мәселесі бүйірден қысқанда бақыр тиын бере қоятын ағайынның да ауылы алыстағандай. Есесіне, үстеме пайызбен несие беретіндердің асығы алшысынан түсіп тұр. Осылайша қалың елді қарызға батырып, несібесін несиеден көріп жүргендердің қатары күн санап артып келеді. Бірақ, алмақтың да салмағы бар. Сол салмағын көтере алмайтындар көбіне баспанасынан айырылып, түрмеге тоғытылып жатады. Бұл жалғандағы қарызынан құтылудың жолын таппай, о дүниеге аттанып кетіп жатқандар да аз емес. Сайып келгенде, қаншама адамның тағдырын күл-талқан етіп жатқан кредиттік жүйенің жолын жеңілдетіп, мәдениетін қалыптастыру әзірге мүмкін болмай тұр. 

Иә, қарызға белшесінен батып, тығырыққа тірелген тұрғындардың жанайқайы бұған дейін де аз айтылған жоқ. Тіпті, осыдан үш жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жалпы қарызы 3 миллион теңгеден аспайтын әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдерінің 300 мың теңгеге дейінгі несиесін кешіру туралы рақымшылық шарасы – мәселені жеңілдетудің бірден-бір жолы болғаны рас, бірақ, одан кейінгі жылдардағы қарыз көлемінің одан бетер өсіп кеткенін қайтер екенбіз? Демек, қаржылық ұйымдар өз тұтынушыларының әлеуметтік жағдайын ескеріп, қарызды барынша төмен пайызбен берудің жолдарын қарастырғаны жөн. Ал, мәселесін қарыз алып шешкісі келетіндер алмақтың да салмағы барын ескеріп, үстеме ақша алудан барынша бойын аулақ ұстағаны абзал. Бірақ, бар мәселесін қарыз алып шешуге дағдыланып қалғандардың көбейгені сонша, тіпті, туған күнін де банктің «арқасында» атап өтіп жүргендер бар. Яғни қарыз болып жүру қанына сіңіп барады. Сондай «дертке» шалдыққандар көбіне өздерін «кім жетіскеннен қарыз алып жүр» деп ақтап алғысы келеді. Әрине, ешкім де жетісіп жүрген жоқ, бірақ, несие аларда ертеңгі күнді ойлаған абзал. 

Қарыз демекші, бір танысымыз бар жиған-тергенін жұмсап, үй салды. Бірен-саран ұсақ-түйек жұмысы болмаса, басқасы бітіп қалған. Жаңа үйге кіріп, көңілі жайланған ол «ел қатарлы» өмір сүру үшін қарызға жиһаз алды. Алғашқыда арзымайтын қарызды дер көзінде өтеп берген ол банк алдында «тұрақты тұтынушы» деген мәртебеге ие болды. Содан, соңғы үлгідегі тұрмыстық заттардың біразын алып, «шала байып» қалған танысым, тағдырдың жазуымен жұмыссыз қалды. Несиесін бірер ай кешіктірген еді, баяғы өзі мәртебе берген банкке жау болып шыға келді. Бір күні бала-шағасымен түскі асын ішіп отырған олардың үстінен мұздай қаруланған біреулер кіріп келеді. Сөйтсе, баяғы өзінің мәртебелі банкінің «баскесерлері» екен, кепілге қойылған үйін саудалап жүрген... Содан айдың-күннің аманында үй-жайынан айырылып қалу оңай ма, қыстың таяп қалғанына қарамай құрылысқа жұмысқа кетеді. Көп ұзамай банктің алдындағы берешегінен құтылады. Содан бері ұйқысы тынышталып қалған танысым «қарызсыз да күн көруге болады екен» деп қалжыңдап қояды. 

Рас, бүгінгі қоғамда қарыз алып қайтара алмай қалғандардың мәселесі аз айтылмайды. Алматыда орын алған оқыс оқиғадан (үй иесінің төрт бірдей адамды атып тастаған оқиғасы) кейін қоғамдағы бітеу жараның беті тырналғандай болды. Бұл тек бір отбасының басындағы жағдай емес, тұтас қоғамның мәселесі екенін алдыға тартып, ертерек алдын алудың амалын жасауға шақырғандар көп болды. Қоғамдағы өзекті мәселе билік басындағыларға да ой салса керек, көп ұзамай заңға өзгеріс енгізді. Яғни елімізде 1 қазаннан бастап проблемалық несиелерді реттеудің бірыңғай тәртібі енгізіліп, енді банк те, микроқаржы ұйымы да бірден коллекторларға жүгінбейтін болды. Олар қарыз мәселесін алдымен борышкермен өзара шешуге міндетті екеніне басымдық берілген өзгерісті біз көпшіліктің назарына ұсына отырып, «Қарыз кешіккен жағдайда қайтпек керек?» деген сауалға жауап беруді жөн көрдік.

Жаңа ережеге сәйкес, жеке тұлғалар кредитті төлей алмаса, тікелей банкпен немесе микроқаржы ұйымымен мерзімі өтіп кеткен берешек мәселесін шешуге құқылы. Бірақ, әрбір тарап өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындауға тиіс.

Мамандардың айтуынша, біріншіден, несие алған адамның мерзімі өтіп кеткен берешегі болса, банк болсын, микроқаржы ұйымы болсын, сол сәттен бастап 20 күннің ішінде оған хабарласып, төлем мерзімін өткізіп алғаны туралы ескертуге міндетті. Қызметкерлер берешек жайында айтып қана қоймай, мерзімі өтіп кеткен төлемнің нақты мөлшерін көрсетуге тиіс. Қарызды төлемегені үшін қандай жауапкершілік болатыны ескертіледі. Сосын проблемалық несие мәселесін шешу үшін банкке немесе микроқаржы ұйымына шақырады.

Екіншіден, несие алған адам өз кезегінде берешектің мерзімі өткен күннен бастап 30 күннің ішінде несие ұйымына қарызды қайта құрылымдау туралы жазбаша өтініш тапсырады. Онда нақты бірнеше мәселені көрсету керек. Олар: қарыз мерзімін өткізіп алудың себебі; қарызды қайта құрылымдауға қатысты өз ұсыныстары; кірістердің төмендегенін және өз міндеттемелері бойынша төлем жасаудың мүмкін еместігін көрсету (өтінішпен қоса тиісті құжаттар беріледі).

Үшіншіден, қарыз алушының өтініші міндетті түрде қабылдануы шарт. Оны тіркеуге алып, банк немесе микроқаржы ұйымының қарауына шығарады. Өтініште толық мәлімет болмаса, несие алған адамға хабар беріледі. Ол бес күннің ішінде қосымша мәлімет пен құжатты ұсынады. 

Өтінішті қарау тәртібіне тоқталар болсақ, кредитор қарыз алушыдан құжаттардың толық пакетін алғаннан кейін өтінішті қарайды. Оның мәселесін қарау кезінде ағымдағы қаржылық жағдайы мен төлем қабілеттілігі, әлеуметтік жағдайы, кепілге алынған баспананың жалғыз болуы, қарыз бойынша міндеттемелерді адал орындау сияқты факторлар ескеріледі. 

Несие берген мекеме өзінің жауабын күнтізбелік 15 күннің ішінде беруге тиіс. Жауаптың үш нұсқасы бар. Олар: кредитор қарыз алушы ұсынған банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарына өзгерістерді енгізуге келісім береді; кредитор банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарын өзгертуге қатысты өз ұсыныстарын жасайды; кредитор қарызды қайта құрылымдаудан бас тартуға шешім қабылдайды (жауапта нақты себептері көрсетілуі шарт).

Қарызды қайта құрылымдау қалай жасалады? Қарызды қайта құрылымдауды бірнеше жолмен жасауға болады. Соны өтініште көрсетуге болады. Банк пен микроқаржы ұйымы да осы әдістердің біреуін ұсына алады: сыйақы мөлшерлемесін төмендету; төлемді кейінге қалдыру; өтеу әдісін өзгерту; қарыз мерзімін ұлғайту; борыш жүктемесін азайту (мерзімі өткен негізгі борыш, сый­ақы, айыпақы және төлемдер мен комиссиялардың өзге де түрлері); ипотекаға алынған жылжымайтын мүлікті өздігінен сату немесе кепіл мүлкін кредиторға беру; жылжымайтын мүлікті сатқанда барлық міндеттемені сатып алушыға тапсыру. Банктің тиісті шешімі шыққаннан бастап күнтізбелік 15 күннің ішінде келісімшартқа өзгеріс енгізіледі.

Егер екі жақ бір келісімге келмесе ше? Міне, бұл өте өзекті мәселе. Көбіне екі тарап осы тұсқа келгенде бір-бірін түсінісе алмай жатады. Сол үшін мұқият танысып шыққан жөн. Иә, қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Арызда банк немесе микроқаржы ұйымымен бір шешімге келмеудің нақты себептерін көрсету керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өз кезегінде өтініштің негізінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеру жүргізеді. Сол кезде банк немесе микроқаржы ұйымы қабылдаған шешімге баға беріледі. Тексеріс кезінде кредитор халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерлердің кепілге салынған мүлкін өндіріп алу рәсімін бастай алмайды.

Жалпы, несие алғанда нені ескеру керек? Мамандар осы орайда маңызды бірнеше мәселені ескеруге кеңес беріп отыр. Олар: несие алған адамның ай сайынғы төлемі табыстың жартысынан аспауға тиіс; келісімшартқа қол қойғанға дейін мұқият оқып шығу қажет; қарыздың мерзіміне, сыйақы мөлшерлемесіне (тұрақты немесе құбылмалы), жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне, ай сайынғы төлемнің мөлшеріне, сондай-ақ, несиені төлей алмаған жағдайда қандай міндеттер болатынына ерекше назар аудару керек; келісімшартта банктің есепшотына түсетін ақшаны өндіріп алу, қарызды коллекторлық агенттікке беру және сотқа жүгіну құқықтары да жазылуы мүмкін.

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, несие рәсімдеу барысында әр тарап білуге тиіс міндеттер аса көп емес. Тек мұқият оқып, түсініп алу ғана жетіп жатыр. Егер осы талаптарға келіспесеңіз немесе қаржылық ұйымдардың сізге қойған талаптары артықтау болса, басқа жолдарын қарастырған жөн. Яғни бұл жерде тәуекел жүрмейді. Ал, тәуекел етіп тасты жұтсаңыз, ол сізді көп ұзамай құрдымға кетіруі мүмкін. Бүгінде күліп кіріп, жылап шығуға да жарамай жатқан несиелердің көбі әу баста көзсіз тәуекелдерден басталған...

Пікір қалдырыңыз