ЕҢБЕК ЕР АТАНДЫРАДЫ немесе досыммен сырласу

Ол кезде сегіз-тоғыз жасар кезіміз болу керек. Әкем Ибрай алыстан бір жолдасы келсе құрметпен қарсы алып, қырда жайылып жүрген ауылдың малдарының ішінен өзінің бір қойын арнайы барып алып келіп, қонақтан бата сұрап сойып кешке ас дайындататын. Сол тұстағы ауылдың атқа мінер дөкейлері: бөлімшенің басқарушысын, ақ егіс бригадирін, мектеп директорын және ауылдың ақсақалы Сәбден көкені шақырып, түннің әлден уағы бойына әңгіме-дүкен құрып отыратынын талай көріп өстік. Сондағы есте қалған әңгіменің негізгі арқауы ауылдың жағдайы, оның болашағы болатын. Яғни жазғы егінді жинау, қысқа малдарға азық болатын жоңышқа, пішен, шөп орып жинау, мал қораларды жөндеу секілді жұмыстармен қатар балалар оқитын мектепті жаңа оқу жылына дайындықты ұйымдастыру секілді игі істерді ақылдасып отыратын. Келген қонақты да әңгімеге тартып, ол кісінің ауылында болып жатқан жаңалықтарды сұрап біліп, ой бөлісіп, сөздерін ары қарай қыздырып әкететін.

Иә, ол кездегі ағалар мен әкелеріміздің өз идеалы, арманы мен қиялдары болатын. Сол тұста оны біз терең түсіне бермейтін едік, тіпті, түсініп сезінуге ақылымыз да жетпейтін. Осындай қарапайым шаруаның отбасында қариялардың ғибратты әңгімелерін естіп, оны өзінің келешек өмірінде үлгі тұтқан өзіммен қатарлас, сыралғы жан жолдастарым да аз болған жоқ. Солардың бірі — Шерім Қарарұлы еді. Тағдыр жазғанына амал бар ма, тосын келген қатер оны арамыздан мезгілсіз алып кетті. Суық хабардың да суығы болады, қайғының да түнек қайғысы болады дегенді көнекөз қариялардан есітуші едік. Сол күн біздің де басымызға түсті. Үлкен-кішіге, қалың көпшілікке қадірлі Шерімді енді мәңгіге көре алмаймыз деп айтуға тіл бұрылмайды, болмысың көнбейді, жаның тулайды да күрсінеді. Өйткені, ол ерекше жан еді. Өмірдің көркі мен сәніне, ұлағаты мен ғибратына айналған, көпке қамқор, жұртшылықтың қуанышы мен қайғысын жүрегі езіле бірге бөлісетін елдің ұлы, жаратылысы бөлек ерекше тұлға болатын. Бірімізге біріміз серік едік, бірімізге біріміз сүйеніш едік. Амал бар ма?!.
 Көптен бері қара шаңырағымның кең бөлмесінде өзім оңаша қалып, сенің нұрлы бейнеңді көз алдыма әкеліп, ішіме толып қалған ойларымды ортаға сала, оңашада рухыңмен сырлассам деген асыл ойымды жүзеге асырудың орайы бүгін ғана келген сияқты. Содан да өзің жайлы көп жәйттер еске түсіп, көкіректі кернеген ауыр қайғы тыныс тарылтып, көзге жас үйіреді. Шеріммен бірге жүрген саналы  күндер тізбегі,  өткен кезеңнің суреттері көз алдымнан кино лентасындай тізбектеліп өтіп жатты. 
Соншама жылдар қасыңда бірге жүрсем де сенің кәсіпкерлік саласында талмай ізденіп, қиындықтарға қасқая қарсы тұрып, жаңашыл мүмкіндіктерді іске қосу арқылы биік мақсаттарға қол жеткізген барлық өнегелі ғұмырыңды сарп ете елдің игілігі үшін, жұртың үшін  еңбек еткеніңді шынайы түсінбегеніме әлі өкінем. 
Сен сонау еліміз егемендік алған 1991 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікті қолға алған алғашқы қарлығаштардың бірі болдың. Ол кезде бизнесті басқару, әріптес заңды тұлғалармен экономикалық-шаруашылық қатынастар орнату бойынша бағыт-бағдар беретін нақты нұсқаулықтар болмаған, тек тәуекелмен жұмыс істейтін кез еді. Соған қарамастан өзің басқарған кәсіпорынның ісін батыл да, іркіліссіз, тоқтатпай жүргізудің қамын ойладың. Кәсіпорындағы жұмысшыларды  жұдырықтай жұмылдырып, олардың тоқтаусыз, қарқынды жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, өндірген өнімді сатып, қаржы таппасаң, олардың отбасын асырай алмайтындығын жан жүрегіңмен түсіне білдің. Бұл сенің алғашқы жеке кәсіпкерлер қатарында мойныңа алған үлкен жауапкершілік жүгі еді.  
Иә, еліміз егемендік алғанымен, кеңес одағы кезіндегі экономикалық байланыстар үзіліп, әр мекеме өз бетінше әрекет етіп өндірген тауарларын сатуы керек болды. Әсіресе, тауарды Қазақстаннан сырт жерге, яғни бұрынғы одақтас елдерге сату өте қиын болды. Өйткені, бұрын бірыңғай ортақ валютадағы аймақ кезінде тауардың құнын, көлік шығындарын белгілеу оңай болса, енді  әр одақтас мемлекеттер өз валюталарын енгізгеннен кейін тауардың бағасын сол елдің валютасымен салыстырмалы түрде бағалау керек болды. Яғни тауарды шетелдерге сату өте жоғары жауапкершілікті  және тәуекелге баруды талап етті. Міне, осындай қиын кезеңде дұрыс шешім қабылдауды мойнына алған кәсіпкерлер ғана нарықтық экономиканың қатал талабына төтеп бере алды. Солардың бірі сен болғаныңды мақтан тұтамын. 
Қазір ойлап отырсам, өзің құрған «Атамекен» корпорациясының директоры қызметінде жүріп қаншама қиын жолдардан өтіпсің. Сонау 1980 жылдары Қазақ химия-технологиялық институтын бітіріп алғашқы еңбек жолыңды Шымкент қаласындағы былғары өңдеу фабрикасында электрик болып бастап,  содан бергі кезеңдегі табанды еңбегіңнің арқасында 1993 жылы осы кәсіпорнның баламалы сайлауында ұжымның басым көпшілігі саған сенім білдіріп, кәсіпорын директоры қызметіне сайландың. Кейін 2003 жылы осы мекеменің  негізінде «Атамекен» корпорациясын құрып,  үлкен де жауапты істі бастап кеттің. Ол үшін тыным таппай ізденіс үстінде жүрдің. Сен сонау егемендік алған алғашқы күннен бастап алдыңа халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін не істеуім керек деген мақсат қойдың. Ол үшін үлкен қаражат керек етпейтін кіші және орта кәсіпорын құруды қолға алып, қалада алғашқы пластикалық есік-терезелерді шығара бастадың. Бұл жұмысың сол кездері ел астанасы Алматыдан  Ақмола қаласына көшуіне байланысты үлкен де жауапты әрі қауырт құрылыс жұмыстарының бастамасы кезінде біраз табыс табуға мүмкіндік берді. Осы тұста тапқан табысыңды шашау шығармай, тиімді пайдалана отырып Шымкент қаласында тәулігіне 40 тонна ұн өндіретін кіші зауыт салдың. Әрине, бұл қала халқы үшін қуаты өте аз болатын. Шағын ұн шығаратын зауытты тиісті өніммен қамтамасыз етіп, тоқтаусыз жұмыс істету үшін еліміздің солтүстік өңірінің сықырлаған сары аязына қарамай, сол қиыр шеттегі астық өсіретін  шаруашылықтарды аралап жүріп, жанар-жағармайды бидайға айырбастап алып, оны зауытқа жіберіп отырдың. «Қардың соншалықты қалың жауған кезінде сол барған шаруашылықта апталап жатып қалатын кездер де болатын еді»  деп күліп еске алатын едің. Ол кезде ауыл шаруашылығына қазіргі кездегідей жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінбейтін. 
Солтүстік демекші, сонау  2015-2016 жылдары біздің басымыз қосыла қалса болды, сен аса бір қиналған күйде «Еліміздің солтүстік өңірінде қаншама құнарлы жерлердің игерілмей тұрғанын, оның көлемінің жылдан-жылға көбейіп жатқанын айтып, «осы біз неге соншама бос жатқан жерді игеріп, халықтың игілігіне жаратпаймыз?»  деп  ой тастайтын едің. Әрине, ол үшін ауыл шаруашылығы техникалары мен автомашиналар, үлкен көлемде тыңайтқыштар керектігін, ең негізгі мәселе ауыл шаруашылығы мамандарын табу қаншалықты қиынға түсетінін айтып, оның шешу жолдарын іздестіру туралы пікірлеріңді ортаға тастап, біз оны қызу талқылап жататын едік. 
Бірде таңғы бес жарым-алтыларда мобильді телефоным шырылдап тұрып алды. Әрине, беймезгіл кезде шалынған қоңыраудан сескеніңкіреп телефонды ашсам сен екенсің. «Ұйықтап жатырсың ба? Осы сендер ұйқыдан бас алмайсыңдар, ертерек тұрып жан-жағыңа қарап, көздеріңді ашсаңдар қайтеді»  деп жарқылдап сөйлеп ала жөнелдің. Мен болсам «ей, сен не, есің дұрыс па, нағыз ұйықтайтын кезде адамды қорқытып» деп ұйқылы-ояу назымды айтып жатырмын. Сен болсаң «мен Ақтөбе облысының шекарасына келіп қалдым, Солтүстіктің үш облысының жерінен өттім, қаншама алқап егін егілмей, текке қаңтарылып жатыр. Ауылдағы отбасылар қатары сиреп барады екен, қаңырап  бос қалған, қабырғалары құлап жатқан үйлер көп, қатты ойланып келемін» деп ұйқымды шайдай ашқан едің-ау...
Сен сол Солтүстік өңіріндегі бос жерлерді игеру жайлы ойыңды 2019 жылы іске асыра бастадың. Осы мақсатпен банкте кепілде тұрған Ақмола облысы, Біржансал ауданындағы бұрынғы «Донской» кеңшары қазіргі «Андықожа» шаруашылығының барлық жері мен мүлкін сатып алу үшін екінші деңгейдегі банктен несие алдың. Сонан соң лизингке техникалар алып, оларды 2020 жылдың басында Шымкенттен теріскейге жібере бастадың. Бұл  істің басында күн-түн демей өзің жүрдің. Осындай жігерлі де нысаналы, жауапкершілігі аса жоғары міндетті қаймықпай қолға алып, нақты жұмыстар жүргізе бастағаныңа сырттай риза болып, іштей тілеулестігімізді білдіріп отырушы едік. Ерте көктемнен бастап тозып кеткен шаруашылықтың мүліктерін (малқора, техника жөндеу цехтары, техника тұратын бокстар, қоймалар, кеңсе ғимараты, алғашқы кезде жұмысшылар мен мамандар тұратын жатақхана, т.б) жөндеуден өткізе бастадың, сонымен бірге алдағы ақ егіс, көкөніс, картоп, ноқат сияқты өнімдерді егуге түпкілікті дайындық жұмыстарын бастап кеттің.
Иә, мен-дағы сол шаруашылықтың басында болып, тоқырап жұмыс істемей тұрған ауылдан амалсыздан көшуге бекінген тұрғындардың жағдайын көргенім бар. Сонда осынша көзсіз тәуекелге барып, Солтүстік өңірдегі жерді игерудегі негізгі мақсатыңның жергілікті тұрғындардың атамекенінде толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік жасау екенін түсінген жоғары адамгершілік пайым-парасатыңа айрықша риза болған едім.
Қазақ елін нағыз сүйе білген, оның болашағын ойлаған әрбір кәсіпкер жұмыла жұмыс жүргізсек, біздің еліміз нағыз бай-қуатты, іргесі мықты, терезесі  тең мемлекетке айналады деген үміт-арманы кеудесін кернеп, ізгі ниетінің қуатымен шаршамай шауып, лапылдап жанып жүрген шағы екен ғой деп асыл досымды елжірей сағынам... 
Сенің тағы бір тоқтап өтерлік асыл қасиетің ол –  өз ауылыңа деген асыл махаббатың мен туған жерді түлетуге деген ынта-ықыласыңның ерекше тереңдігі болатын. Сол кездегі әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың қиындығына қарамастан, сен өзіңнің алға қойған мақсатыңды іске асыра бастадың. Сөйтіп, шаруашылығы шашырап, әбден тозып кеткен өзің туып-өскен  бұрынғы Подгорный елді мекеніндегі «Коммунизм» колхозының орнына жаңадан «Ақсу» шаруа қожалығын құрдың, қомақты инвестиция бөліп, Сарқырама ауылын қайта түлеттің. Бүгінде Сарқырама ауылы жаңа ауыл шаруашылығы техникасымен толық қамтамасыз етілген. Барлық жұмыс жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып жүзеге асуда. Ауылдағы 250 гектар жүзімдік пен 120 гектар алма бағына тамшылатып суару әдісі қолданылады. Алдағы уақытта шаруашылықтағы 800 гектар алма бағы мен жылыжайда көкөніс өсіруді дамытуға да осы әдісті қолдану жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ауылда мал шаруашылығын дамытуға, оның ішінде ірі қара малдар мен ұсақ малдарды және жылқы малын асылдандыру арқылы одан жоғары сапалы өнім алуға  айырықша көңіл бөлінумен бірге африкалық түйетауық өсіру де қолға алынған. Сондай-ақ, мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу негізгі бағыттарының біріне айналған. Яғни израильдік жаңа технологиялық әдістерді пайдалана отырып, жоғарғы сапалы сүт, қою айран (ряженка), йогурт, қаймақ және ірімшік шығару үйлесімді жүзеге асып келеді.
Қашаннан ауылына жүрегі елжіреп тұратын асыл досымыз Шерім Қарарұлы жаңа құрал-жабдықтарымен 50 орынды балабақша, ауыл жұрты пайдалануы үшін мешіт, магазин, демалыс орны, саябақ және Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен аналарға арналған ескерткіш салып берді. 
Қалада сөткесіне 280 тонна ұн шығаратын диірмен салуы Шерімнің көптен бері армандайтын нан зауытын салуға мүмкіндік берді. Қалаға сапалы нан беретін зауыт керек екенін көптен бері айтып жүретін. Өйткені, әрбір үйде Өзбекстаннан келген наубайшылардың нан жапқанда санитарлық нормаларды сақтай бермейтініне қынжылатын. Қалада бағасы төмен ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын кішігірім 14 әлеуметтік магазин ашып, ауылдан тікелей жемістер мен көкөністер, сүт өнімдерін және  арзандатылған нан өнімдерін сатуды ұйымдастырып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына барынша көмектесуге жағдай жасады. Бұл Шерімнің азаматтық парасатының жоғары, нағыз отансүйгіш патриот жан екендігін көрсетті. Оның осындай бастамаларын біз, жолдастары мақтаныш тұттық. Шерім досым негізін қалап кеткен «Атамекен» корпорациясы қазіргі таңда 500-ден астам адамға жұмыс беріп отырған көпсалалы кәсіпорын ретінде елімізге белгілі мекеменің біріне айналды.
Шерім жеке бизнесте еңбек ете жүріп, Үкіметтің әлеуметтік бағдарламаларын қолдауға үлкен көңіл бөлетін. Ол — бұрынғы Оңтүстік Қазақстан қазіргі Түркістан облысы мен Шымкент қаласы  деңгейінде көптеген тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың құрылыстарын жүргізіп, халықтың ризашылығына бөленген айтулы азамат. Әсіресе, мемлекет пен жеке әріптестік аясында Шымкент қаласында салынған «Атамекен» медициналық орталығы 2020 жылғы пандемия басталғалы халықты емдеуге қызмет етіп, қаншама адамның өмірін сақтап қалды. Осындай медициналық мекеменің іргесін қалап, пайдалануға берген  Шерім досыма қандай алғыс айтсақ та жарасады. «Атамекен» корпорациясының өз қаражаты есебінен салынған Тұрар Рысқұлов атындағы аллея Шымкент қаласына көрік беріп тұрған бірден-бір әсем ескерткіш болып тұр. 
Өз ортамызда болған мына бір оқиға күні кешегідей естен шықпайды. 2010 жылы «Атамекен» корпорациясы Қазақстан Республикасы Президентінің «Парыз-2010» номинациясының иегері болды және Қазақстанның  әлеуметтік саласы мен экономикасына сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Шерім Қарарұлы «Құрмет» орденімен марапатталды. Сол тұста біз, жолдастары Әбдіқасым Сыздықов, Хали Сарманов және мен үшеуміз кешке қарай Шерімнің үйіне осынау үлкен марапатымен құттықтауға барған едік. Мұнда қуанышқа ортақ болып келген адамдар көп шығар, қуанышқа ұласқан гу-гу әңгімелерін бөлетін болдық-ау, ертерек келуіміз керек еді, ыңғайсыз болды ма деп қоямыз. Ішке кірсек, үйде Шерім жұбайы Гүлнарайым екеуі ғана жайбарақат шай ішіп отыр. Әшейінде аузымнан әзілім түспейтін мен де, жанымдағылар да не дерімізді білмей,  состия тұрып қалдық. Шерім болса орнынан тұра салып «Төрлетіңдер!» деп әдеттегідей құрақ ұшып құрмет көсетіп жатыр. Біз жайғасып болып «Жан-жақтағы орден алғандар думандата, дүркіретіп тойлап жатыр, сендердің мына тып-тыныш отырыстарыңды түсінбедік» десек, Шерім «онда не тұр, берген орденін әкеліп қойдым» деп жайбарақат бізге әкеліп көрсетіп жымиып қояды. Біз болсақ, Шерімнің соншалықты қарапайымдылығына таң қалып басымызды шайқай бердік... Әрине, әрі  қарай дастарқан жайылып, өткен-кеткенді еске алып, болашақта атқаратын жұмыстарды сараптап дегендей, кеңінен әңгіме-дүкен құрып едік сонда, шіркін-ай.  Бәрі де кеше ғана сияқты еді-ау, қамшының сабындай қысқа өмір дегеніміз осы екен ғой...
Шерім досыммен етене араласып, жұбымыз жазылмай, жақын жүрген тұста оның бойынан еңбекқорлығы мен терең ойшылдығына, алға қойған мақсат жолындағы айрықша қайсар қабілетіне қоса жоғары адамгершілік бейнесін таныдым. Ол жақсыны көргіш, жұртқа қамқор жан болды, елі мен туған жердің қадірін біліп, бағалайтын айрықша азамат еді, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық ұлы істер атқарып, халқы мен жұртына асқақ абырой мен өрлеу тіледі. «Еңбек ер атандырады» дейді дана халқым. Міне, менің Шерім досымның жүріп өткен жарқын жолы осының айқын айғағы. 

Исмайлбек ШАЛАБАЕВ.
Шымкент қаласы.

Пікір қалдырыңыз