ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТӘРБИЕНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Себебі, қылмыс көп жағдайда эмоцияны тежей алмаудан туындайды.

Сотталғандарды әлеуметтік-психологиялық тұрғыда тәрбиелеу – әрбір түзеу мекемесінің міндеті. Өйткені, жаза мерзімі бітіп, еркіндікке шыққанда, олар өткен қателіктерге қайта ұрынбауы тиіс. Бұл ретте сотталғандарға жүргізілетін теологиялық жұмыстардың маңызы айтпаса да түсінікті.

Таяуда Қылмыстық атқару жүйесінің Шымкент қалалық департаментіне қарасты ИЧ-167/4 түзеу мекемесінде сотталғандар арасында моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту мақсатында психологиялық тренинг өткізілді. Тренингті мекеме бастығы, әділет подполковнигі Айнұр Әділбекова, ашып, шараның маңыздылығын түсіндірді.

-Біздің міндетіміз осы тренинг арқылы сотталғандардың өз әрекеттері үшін жауапкершіліктерін қалыптастырып, эмоцияларын басқару дағдыларына үйретеміз. Себебі, қылмыс көп жағдайда эмоцияны тежей алмаудан туындайды. Психолгиялық тренинг бір жағынан олардың келешекке деген сенімдерін нығайтса, адамдармен қарым-қатынас деңгейін арттыруға да күш салады, - дейді мекеме бастығы.

Тренинг барысында қалалық дін істері басқармасының психолог маманы Г.Шетенова жазасын өтеп жатқан азаматшалардың қатысуымен түрлі жаттығулар өткізді. Олардың әрқайсысымен жеке әңгімелесіп, келешекке деген сенімдерін байқады. Әсіресе, қатерлі жағдайда қылмыс жасаудың салдары жайлы мол мағлұмат берілді.

Айта кетейік, психологиялық тренингке 12 сотталған азаматша қатысты.

Д.ЖҮСІП.   

Пікір қалдырыңыз