Бағыныштысы пара алса да басшылары қызметтен кетпей жатыр. НЕГЕ?

Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».

Былтыр жыл басында еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бастама көтеріп, әкімдікке бағынышты құрылым басшыларын жаппай абақтыға апарғаны есімізде. Ондағы мақсат – оңай олжаға құнығып, опық жеп темір тордың ар жағына түскендердің жай-күйін көрсетіп, «пара алсаңдар сендер де осындай күйге түсесіңдер» дегенді меңзеу еді. Сол жолы облыстағы басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, білім беру саласының жетекшілері мен ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлері лек-легімен түрмеге барып, ондағы тіршілікті көзбен көріп қайтқан-тын. Олар құр барып қана қоймай, пара алу ісі бойынша сот шешімін күтіп жатқан азаматпен тілдесіп, енді бірі кезінде мектеп басқарған директордың өзектегі өкінішіне құлақ түріп қайтқан еді. Осының бәрі шенеуніктерге сабақ болар деп ойлағанбыз. Бірақ, олай болмаған тәрізді...

Лицензия алудың құны – 5 миллион теңге

Басқасын айтпағанда, өткен тамыз айының өзінде жемқорлыққа қатысты өңірде үш бірдей қылмыс әшкереленді. Атап айтар болсақ, тамыздың 3-і күні дәлелдемелерді бұрмалағаны үшін қаржы мониторингі агенттігінің облыстағы екі өкіліне сот үкімі шықты. Олар қызмет бабын асыра пайдаланып, алкоголь өнімдерін рұқсат құжаттарсыз және жалған маркалармен сатуға жәрдем берген. Ең сорақысы, екеуі кінәсіз адамды әкімшілік жауапкершілікке тартып, нағыз кінәліні жауап беруден құтқарып жіберген. Осы «жақсылықтары» үшін 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы алғандығы анықталды. Заңсыздықпен күресетін мамандардың өзі осындай қадамға барып жатса, қалғандарына не деуге болады?!
Арада он күн өтпей, агенттік өкілдері өңірде тағы бір лауазымды тұлғаның пара алу кезінде ұсталғанын мәлімдеді. Ол Түркістан облысы бойынша білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің білім беру қызметін лицензиялау бөлімінің басшысы болып шықты. Агенттіктің мәлімдеуінше, бөлім басшысы білім беру қызметіне лицензия беру үшін жекеменшік мектеп өкілінен 5 миллион теңге пара сұраған. 
Ал, күні кеше Кентау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы пара алды деген күдікке ілінді. Агенттіктің мәлімдеуінше, бас маман Ashyq қосымшасына енгізу үшін кәсіпкерлерден 100-120 мың теңге көлемінде жүйелі түрде пара алып отырған. Қазір күдікті облыстық полиция департаментінің уақытша ұстау абақтысында отыр. Міне, бұл бас-аяғы жиырма күнде әшкере болған істер. Әрі бұл тек ресми тіркелгендері ғана. Ал, сыбайлас жемқорлық сипаттағы қаншама қылмыс тараптардың тіл табысуымен көлеңкеде қалып жатыр десеңізші?! Жол сақшыларына жүргізушілердің айыппұл орнына 4-5 мың теңге бере салуы, тексеруге келген өрт сөндірушілерге кәсіпкерлердің 40-50 мың теңгені «сыйлап» жіберуі, баланы балабақшаға кезексіз орналастыру үшін ата-ананың меңгерушіге пара ұсынуы сияқты заңсыз әрекеттер біздің қоғамда қалыпты жағдайға айналған. Бұл заңсыздық бала мектепке барғанда да жалғасын тауып, оны бітіргенше сабақтасып, орта және жоғары оқу орнына түскенде де сыбайлас жемқорлықпен астасып, жұмысқа да солай тұрып жатқаны жасырын емес. Жасынан жемқорлыққа шырмалып өскен баланың ертең санасына сіңген дүниені қайталамауына кім кепіл?

Қай сала көш бастап тұр?

Өткен аптада агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Хаким Көшқалиев Antikor Live жобасының тікелей эфиріне шығып, жемқорлыққа қатысты облыстағы жай-күйді баян етті. Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірде жемқорлыққа қатысты 57 қылмыс тіркелсе, оның 21-і парақорлық, 4-еуі алаяқтық, 18-і жымқыру әрекеттері ретінде сараланған. Ал, облыстағы жемқорлық жайлаған сала қайсы десеңіз, ол – тұрғын-үй қатынастары саласы екен. Соңғы жеті айдың өзінде осы салада 12 қылмыс анықталса, бармақ басты көз қысты әрекетке барған 9 полицейдің қылмысы әшкереленген. Білім саласы бойынша 8 қылмыс тіркелсе, әлеуметтік салада жеті жемқорлық істің беті ашылған. 6 дерек жер қатынастары саласында, 5 дерек құрылыс саласында анықталған. Сондай-ақ, жыл басынан бері облыста жемқорлық әрекеті үшін 22 адам сотталса, оның 17-сі мемлекеттік, 5-еуі құқық қорғау орындарының қызметкерлері. 
Қарамағындағы қызметкерінің жемқорлық әрекеті үшін басшысын қызметтен босату қоғам назарында әлі басы ашық күйінде тұрған мәселе. Заңға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, бағынышты қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаса, басшы сот үкімінен кейін 10 күн ішінде өз еркімен қызметтен босату жөнінде өтініш жазуы тиіс. Хаким Дүйсешұлының айтуынша, жыл басынан бері қарамағандағы қызметкерлері жемқорлыққа барған 6 басшы жауапкершілікке тартылыпты. Бірақ, ешбірі қызметтен босату туралы өтініш жазбаған. Себебі, басшыны босату-босатпау мәселесін «антикор» емес, әкімдік шешетін көрінеді. 
Бұл мәселе бұған дейін де айтылған. Бірақ, осы уақытқа дейін сыбайлас жемқорлық дерегімен қаншама қызметкер, басқарма басшылары, аудан әкімдері, тіпті, Үкімет мүшелері қылмысты болса да, соған жауапты бірінші басшы отставкаға кеткен емес. Мұны қоғам көріп, біліп отыр. Ал, ендігі жерде Президенттің айтқандары орындалатын болса, бұл күрестің шынайылығына халықтың да сенімі артар еді.

Пара берген де – қылмыскер

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңның талабы бойынша пара алған адам ғана емес, оны берген адам да жауапкершілікке тартылуы тиіс. ҚР Қылмыстық Кодексінің 367-бабында пара берген немесе беруге делдалдық жасаған әрекеті үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алайда, көп жағдайда пара алушылардың жауапкершілікке тартылатынын ескерсек, пара беретіндер көбінесе тасада қалып қояды. Кейбір пара беру әрекетінің ары таза азаматтарды қасақана арандатумен ұштасып кететіндігі де бар. Рас, Қылмыстық Кодекстің 366-бабында «пара берген адам тиісті органға өз еркімен хабарласа, қылмыстық жауаптылықтан босатылады» делінген. Содан болар, олардың аты-жөндері қоғамда құпия ұсталып, қылмысты әшкерелегені үшін сыйақы беріліп жатады. Департамент бастығының айтуынша, жыл басынан бері пара беру дерегін хабарлаған 8 адамға 1,5 миллион теңге сыйақы берілген. Әрине, ол үшін берілген ақпарат шындыққа негізделуі тиіс. Сонда бұл адамдар параны қасақана, шенеунікті ұстатып жіберу үшін бере ме? Олар неге бостандықта жүруі керек деген көкейде сауал туындайды. Егер беруші болмаса, алушы да болмас еді ғой? Өкінішке қарай, жемқорлықпен күрес тәжірибесінде екінші тараптың, яғни пара берушінің көп жағдайда жазасыз қалуы әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Мұның өзі сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жоюға айтарлықтай кедергі келтіретіні рас. Ол үшін заңда көзделгендей, пара алушымен қатар берушіні де қатар жазаға тарту тәжірибесін қолданысқа кеңінен енгізген абзал. Пара ұсыну фактісінің өзін қылмыс деп есептейтін болсақ, бұл көптеген адамдардың, оның ішінде шенеунікті пара алуға итермелейтін арандатушылардың да есін жиғызады. Әрі-беріден соң қазіргідей ашық пара беруден жасқанатын болады.

Түйін: Қалай десек те, бүгінгі қазақтың болмысы бұрынғыдан өзгерек. Бұрын ата- бабаларымыз қанағатсыз адамды «мешкей» деп атайтын. Сол дүниеқоңыздығын әжуалап, сынға алатын. Ал, бүгін дүниеқорлық сәнге айналды. Қолындағы құзыретін пайдаланып, пайда таба алмағандарды қазір ақымақ санайды. Есесіне, пара алуға бейім, сол арқылы жағдайын түзеп отырғандар қазіргінің «толық адамы» секілді. Міне, жемқорлық дейтін жегіқұрттың қоғам санасын қаншалықты деңгейге түсіргенін осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Ал, бұдан арылудың жолдары қандай? Біздіңше, әрбір азаматтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы берік иммунитет қалыптастырып, оған қарсы ішкі мәдениетін көтеру қажет. Олай етпейінше, қоғамды жайлап бара жатқан дерттің алдын алу сөз күйінде қала беретіні айдан анық.  

Пікір қалдырыңыз