Бес мың кәсіпкер жеңілдетілген несие алды

Биылғы бірінші жартыжылдықта Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 30,9 миллиард теңгенің несиесі берілді. Бұл қаржы бес мыңнан астам кәсіпкерге беріліп, оның біразы бизнесін ұлғайтса, тағы біразы заманауи қондырғыларға қол жеткізген. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізгендер арасында бизнесін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлер де бар.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге жүгінсек, несиенің басым бөлігі «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында берілген. Атап айтсақ, ірі қара малдың аналығын сатып алу үшін 1,7 мың жоба мақұлданып, оған 7,5 миллиард теңге бөлініп, барлығы 25,5 мың аналық мал сатып алынған. Ұсақ мал сатып алу бойынша 600 жобаны іске асыруға 2,6 миллиард теңге бөлініп, 56,3 мың қой-ешкі сатып алынған. Бір жарым мыңға жуық кәсіпкерге жылқы сатып алу үшін 7,4 миллиард теңге бөлініп, 21,3 мың жылқы сатып алынған. Сондай-ақ, түйе, ешкі, құс, қоян, тағы басқа да үй жануарларын өсіруге ынталы шаруалар да бұл жеңілдіктен шет қалмаған.
Аталған қор «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға микроқаржы ұйымдары мен несие серіктестіктері арқылы берілетін несиелерге кепілдік беретін оператор ретінде де танылып келеді. Айталық, микроқаржы ұйымдары мен несие серіктестерінен несие алғысы келген кәсіпкердің кепіл мүлкінің құны жетпесе, Қор несие қаржысының 95 пайызына дейін кепілдендіреді. Бірінші жартыжылдықта аталған ұйым мен серіктестік берген несиеге жалпы сомасы 200 миллион теңге болатын 63 кепілдеме берілді. Сонымен бірге, бүгінде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін екінші деңгейлі банктер берген несиелерді де кепілдендіру жалғасып жатыр. 
Айта кету керек, қор 2017 жылдан бері осы бағдарламаның қаржы операторы болып табылады. Одан бері жалпы сомасы 13,5 миллиард теңге болатын 2,8 мың шағын несие «Еңбек» бағдарламасының қаржысынан берілді. 
Аталған қордың баспасөз қызметкері Жанна Сұлтанованың айтуынша, олар 2019 жылдан бері аграрлық сектордағы сақтандыру операторы қызметін де атқарып келеді. Сақтандырудың жаңа жүйесі ерікті түрде жүргізілетінін айтқан ол келісімшартқа сәйкес сақтандыру шығындарының 50 пайызы субсидияланатынын және Qoldau.kz платформасындағы Agroinsurance ақпараттық сервисінде барлық процесс онлайн режимде іске асырылатынын жеткізді. «Ағымдағы жылдың алты айында 125,9 мың гектар егіс алқабы сақтандырылған, оның ішінде құрғақшылықтан – 121,3 мың гектар, жаңбырдан 4,6 мың гектар жер сақтандырылды. Қор арқылы 105 сақтандыру шарты бойынша 162,6 миллион теңге субсидия төленді. Сақтандыру жағдайлары туындаған 1-кезеңдегі төлем 190,5 миллион теңгені құрады. Мал шаруашылығы саласында 4 708 ірі қара мал басын сақтандыруға 15 шарт жасалды. Олардың сақтандыру сыйақысын субсидиялау 19 миллион теңгені құрады» деді Ж.Сұлтанова. 
Аталған қор өкілі алдағы жоспарларымен де бөлісті. «Жыл соңына дейін кәсіпкерлерге 64 миллиард теңге шағын несие беру жоспарланып отыр. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша 43 миллиард теңге, басқа қаржы көздерінен 21 милиард теңге қарастырылған» деді ол.
Қордың ресми өкілі несиелеу бағдарламасына қатысу үшін облыс орталығындағы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалына жүгіну қажет екенін айтады. Сондай-ақ, филиалдар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей қалаларында да жұмыс істейді. Несиелеу бағдарламалары туралы ақпараттар мен филиалдардың мекенжайларын www.fagri.kz сайтынан оқып, білуге де мүмкіндік бар. 

А.ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз