ТҮЗЕУ МЕКЕМЕСІНДЕ «БІЛІМ КҮНІ» АТАЛЫП ӨТТІ

Биылғы оқу жылында кешкі мектепте 56 қыз-келіншек білім алғалы отыр.


Былайғы жұрт біле бермеуі мүмкін, Шымкент қаласындағы 167/4 түзеу мекемесінде жалпы білім беретін №3 кешкі орта мектеп жұмыс істейді. Мұнда тағдыр тауқыметімен жүріп, орта білім ала алмаған сотталушылар дәріс алады. Биылғы оқу жылында кешкі мектепте 56 қыз-келіншек білім алғалы отыр.


Жаңа оқу жылының басталуына орай бүгін түзеу мекемесінде «Армысың, алтын ұям – мектебім» атты салтанатты шара өтті. Шарада мекеме бастығы, әділет подполковнигі Айнұр Әділбекова, мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әділет майоры Сүндет Елеусізов бастаған қонақтар сөз сөйлеп, білім алушыларға ізгі тілектерін білдірді.


Мектеп басшысы Ұ.Арысбекованың айтуынша, былтырғы оқу жылында 4 білім алушыға жалпы білім беретін аттестат берілсе, 13 білім алушы негізгі орта білім бойынша аттестат алған. Биылғы оқу жылында сотталушылар «Кейс» технлогиясы бойынша білім алмақ.


Айта кетейік, кешкі орта мектептегі талап пен тәртіп ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен қағидалар негізінде жүзеге асырылады.

Пікір қалдырыңыз