ТҮРМЕДЕГІ ӘЙЕЛДЕР МЕРЕКЕНІ АТАП ӨТТІ

Сотталғандар үшін әрбір мереке – ұмытылмас сәт

Биылғы Ата Заң күнін мерекелеуден жазасын өтеп жүрген нәзік жандылар да шет қалған жоқ. Шымкенттегі ИЧ 167/4 түзеу мекемесіндегі сотталушылар бұл күнді көңілді өткеруге тырысты. Мерекелік шарада түзеу мекемесі бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары, әділет майоры Сүндет Елеусізов сөз алып, сотталғандарды Конституция күнімен құттықтады.

 

Сотталғандар үшін әрбір мереке – ұмытылмас сәт. Себебі, олар мереке күндері тағдыр теперішін бір сәтке ұмытып, көңіл көтеруге тырысады. Бірі құйқылжыта ән салса, енді бірі жанды тебірентіп, өлең оқиды. Ал, енді бірі ішек-сілеңді қатырар түрлі көріністерді көз алдыңа әкеледі.


Ата Заң күніне орайластырылған мерекелік шара кезінде де олар әуелете ән шырқап, бар өнерлерін ортаға салды.


Осылайша жаны нәзік жанды арулар мекемені ән мен күйге бөлеп, өнерден кенде еместіктерін аңғартты. Мерекелік шара түс қайта шахмат және дойбы жарыстарына ұласты.



Айта кетейік, қазір бұл мекемеде 300-ден астам қыз-келіншек жазасын өтеп жүр. Олардың 70 пайызы жұмыспен қамтылған.



Д.ЖҮСІПОВ.

Пікір қалдырыңыз