Олар мектепке алғаш рет бара жатыр

Биыл облысымызда 60 939 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттамақ. Былтыр 1 қыркүйекте бірінші сыныпқа барған балалар саны 53 960 болған екен. 

Алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтындардың бірі түркістандық Жалғасбек пен Әселдің тұңғыш перзенті – Айзере Асылбек. Ол Түркістан қаласындағы Ж.Жабаев атындағы орта мектепті 1-а сыныбына қабылданған екен. 
– Тұңғыш баламыздың мектепке барғаны отбасымыз үшін зор қуаныш. Әрі алғашқы баламыз болғандықтан ерекше қызығушылықпен қарап жүрміз. Білім күніне дайындалу үшін әрі оқитын жеріне үйренісе берсін деп мектепке жіберіп жатырмыз. Күнде барып келеді. Жазу-сызуды үйреніп жатыр. Тағы бір қуанышты жаңалық биылдан бастап «Әліппе» қайта оқытылады екен. Өзіміз де сол «Әліппе» арқылы жазу-сызуды үйрендік қой. Енді балаларымыздың да сол пәнді оқып, білім әлеміне жасаған саяхаты сәтті болса дейміз, – дейді Айзеренің әкесі Жалғасбек Сабиров.
Айтпақшы Айзеренің сіңлісі Айназым да биыл даярлық сыныбына барады екен. Қос қызының мектеп табалдырығын аттаған қуанышымен ата-анасын біз де құттықтадық.
«Әліппе» ұстайтын оқушылардың бірі – отырарлық Айжұлдыз. Ол «Мыңшұқыр» орта мектебінің бірінші сыныбына қабылданған екен.
– Биыл мектеп формасы міндетті емес деп айтылды ғой. Десек те қызымыз бірінші сыныпқа баратын болған соң мектеп формасын әпердік. Мектепке қажетті барлық заттарын да түгендедік. Бірінші сыныпқа қабылданғанына қызымыз да риза, – дейді Айжұлдыздың анасы Құралай Ілиясова.

Е.Қожахметұлы.
Пікір қалдырыңыз