Тығырықтан тек мамандар шығарады

Токиода өткен Олимпиада ойындары Қазақстан үшін сәтті бола қоймады. Әсіресе, балуандарымыз жерге қаратты. Бақтияр Байсейітов үкілеп апарған грек-рим күресінің үш бірдей балуаны бірінші айналымнан аспады.  Спорттың осы түрінен Қазақстан командасының қатарынан екі Олимпиадада жүлдесіз қалуы ел арасында алуан түрлі пікір туындатып жатыр. Әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері Алмат Кебісбаев «Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінде, Грузияда жастарға көп сенім артып жатыр. Жастарға мүмкіндік беру керек» десе, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Хорлан Жақанша «Біздегі жүйені түп-тамырымен өзгерту керек. Кадрларды даярлау, қаржыландыру көлемі мен қағидалары, легионерлерге қойылатын шектеу, грек-рим күресінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі дайындық жүйесі, барлығы қайта қаралу керек» деген пікірде.

Ел намысы сынға түскен шақта спортшыларымыздың жарқырап көріне алмауы менің де жаныма батты. Әлбетте оларда кінә жоқ, қай салмақта болсын, бар күш-жігерлерін салып, тіресіп бақты.  Десек те, қазақ спорты бұрын-соңды мұндай дағдарысқа ұшырамаған. Сонау Атланта Олимпиадасынан бастап тарқатсақ, қазақ спортшыларының үнемі мерейі үстем болып келді. Себебін айтайық, ол кезде спорт тізгіні нағыз мамандардың қолында еді. Дәулет Тұрлыханов, Темірхан Досмағанбетов секілді марғасқалар министр болып тұрғанда қазақтың көк туы әлемнің сан алуан түкпірінен желбірей көтерілді. Халықтың рухы асқақтады. Қалыптасқан тәртіп, белгілі жүйе болды. Себебі, спорт саласын басқарып отырған жігіттердің өздері кәсіби спортшылар болатын. Кәсіби спортшы, кәсіби жаттықтырушы ретінде айтайын, қазір спорт саласында тыңғылықты дайындық жоқ. Спорт саласын спорттан хабары жоқ адамдар да басқара беретін болды. 

Кезінде Александр Карелин деген мықты болды. Олимпиаданың үш дүркін, Кеңес Одағының төрт дүркін чемпионы. Сол Александрға журналистер «Сіз ең мықты, теңдесі жоқ балуансыз. Сізден мықты ешкім жоқ» дегенде, «менен мықты Дәулет Тұрлыханов деген қазақ бар. Рас, ол Олимпиада чемпионы болған жоқ. Бірақ, ол Кеңес Одағының сегіз дүркін чемпионы болды. Ал, Кеңес Одағының сегіз дүркін чемпионы болу Олимпиаданың чемпионы болудан әлдеқайда қиын. Сондықтан да Дәулетті мойындаймын» деген болатын. Көрдіңіз бе, әлемдік деңгейдегі мықтылар Дәулетті қалай-қалай мойындайды, қалай-қалай бағалайды! Ал, қазір сол Дәулеттей мамандардың тапшылығы сезіліп жатыр.

Ғаламтордан  Ермахан Ибраимовтың «мені жаттықтырушы етіп алыңдар» дегенін естідім. Егер Ермахан  бұрынғы қайратына кқайта мінсе, үміт күтуге болады. Себебі, ол кішкентайынан бокспен шұғылданды. Ол бокстың төменгі сатысынан бастап, ең биігіне дейін көтерілген жігіт. Сондықтан, ол қызметке саясаткер ретінде емес, кәсіби спортшы ретінде кірісетін болса, біраз биікті бағындыра алатын болуы керек деп ойлаймын.

Бізде мықты жігіттер жоқ емес, бірақ олар көп те емес. Бір ғана Мырзағали Айтжановтың еңбегін қайда қоямыз?! Жалпы, спортшы болу мен жаттықтырушы болудың жолы екі бөлек. Мырзағали Олимпиада чемпионы болған жоқ. Еуропа, КСРО біріншілігін ұтқан жігіт. Бірақ, ол сияқты «дүние жүзінің ең мықты жаттықтырушысы» атағын екі рет жеңіп алған әлемде ешкім жоқ. Бұл – қазақтың спорт тарихында болмаған жетістік. Кубаның аты аңызға айналған майталмандары Мырзағалиды «Аңыз жаттықтырушы» деп атаған. Мырзағалидың бір ерлігі – ол сырттан ешкімді сатып әкелген жоқ. Қазақтың қара баласынан чемпион шығарды. Ол – боксқа жан-тәнімен берілген адам. Міне, билікті осындай жігіттердің қолына сеніп тапсыруға әбден болар еді.

Спорт саласындағы тұрақсыздық – өте қауіпті кесел. Спорттың басы алауыз болса, төменгі жағы шалауыз болады.

Кезінде Серік  Төкеев пен Ислам Әбішев секілді спорт жанашырларының басқаруымен мемлекеттің бір тиынынсыз-ақ қазақ күресінен 12 рет Азия, 8 рет әлем чемпионатын өткіздік. Қазақ күресінің дүниежүзілік федерациясын құрып, 112 мемлекеттің арасында қазақтың кім екенін дәлелдедік. Оңтүстік Африканың астанасы Кейптаунда бір апта семинар өткізіп, африкалықтарға қазақша сөйлеттік. «Ортаға», «баста», «бүк», «жамбас», «жартылай жеңіс», «таза женіс» деген сөздерді қазақ тілінде айтқыздық. Мұндай семинарларды Америка құрлығына қарасты Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында, Сан-Паулу қаласында, Мәскеуде, Оңтүстік Кореяда, Иранда, Қазанда өткіздік. Нәтижесінде американдықтардың өздері күрес алаңында «ортаға», «баста», «бүк», «жамбас», «жартылай жеңіс», «таза жеңіс» деп қазақша сайрап тұрды. Бұл қазақ күресінің басында ұлтжанды, жанашыр адамдардың тұрған кезінде болды. 

Мен әлемнің қырық бес елінде болып, қазақ күресінің танылуына атсалыстым. Сол тәжірибемнен байқағаным, өзге мемлекеттерде біздің спортшыларға деген құрмет өте жоғары. 2004 жылы Берлин қаласында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы құрылып, оның президенті болып Серік Төкеев сайланды. Федерацияның құрылуына  Еуропаның 16 мемлекетіндегі барлық қазақтар қатысты. Шетелдегі жерлестеріміздің елімізге деген құрметі, сағынышы ерекше еді. Қазан қаласының 1000 жылдығына орайластырылып өткізілген жарыста Қазақстаннан қыздар командасы қатыспады. Сол жерде бізге жас қыз келіп, «мен Қазақстанда туғанмын. Ұлтым татар болғанымен, төлқұжатымда қазақ деп жазылған. Кіндік қаным қазақ жерінде тамған. Мен Қазақстанның атынан күреске түсемін» деп жылап тұрып талап етті.  Ақыры ұйымдастырушыларға «кеше ұшақтан кешігіп қалып, енді жетіп отыр» деп жүріп, қатарға қосып алдық. Сол қыз, ұмытпасам, есімі Руфия, Қазақстанға үшінші орын алып берді. Көрдіңіз бе, шетелдегі қандас, жерлестеріміздің ұлтымызға деген құрметін! Демек, қазақ спортын дамыту, абыройын көтеру өзіміздің ғана емес, бүкіл әлемдегі Қазақ еліне көз тігіп отырған барлық тілеулестеріміз үшін қажет.

Монғолия елінде республиканың екі дүркін чемпионы атанған балуан «Піл» деген атақ алып, Халық батыры дәрежесіне көтеріледі. «Халық батыры» атағын алған балуан өмір бойы мемлекеттің қамқорлығына алынады. Ол атақты тікелей ел Президентінің алдында қорғайды. Қазақстанда да сол секілді үрдіс қалыптасса, жастарымыздың талай додада жарып шығары сөзсіз.


Махмұт-Бақыт ЖАҢБЫРБАЕВ,  халықаралық дәрежедегі төреші.

Пікір қалдырыңыз