СОТ ЖҮЙЕСІНДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҮЛЕСІ БАСЫМ

. Бүгінгі сот жүйесінде ана тіліміздің үлесі көңіл қуантарлық.

1997 жылы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңы қабылданды. Осының негізінде Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, қоғамда тіл саясатының құқықтық негізі қалыптаса бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілдерінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет» деген болатын. Бүгінде еліміз жыл сайын 22 қыркүйекте Қазақстан халықтарының тілдер күні мерекесін атап өтеді. Бұдан бөлек, 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерін мәдени-рухани қолдау бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істейді.

Елбасы пәрменімен бекітілген тілдер мерекесі халықтың еңсесін көтеріп қана қойған жоқ, ең бастысы, тіліміздің жойылып кетпеуіне дәнекер бола білді. Дегенмен, қоғамда тілге қатысты түйткілді мәселелер аз емес. Тілге байланысты олқылықтарды, әсіресе, қоғамдық орындарда жарияланған жарнама парақшаларынан жиі кездестіруге болады. Мұны шешудің бірден бір жолы - халықаралық коммуникациялар, демалыс және ойын-сауық салаларында тіліміздің қолдану аясын кеңінен пайдалануға қажет.

Қазақ тілінің мемлекеттік органдардағы қолдану үлесін сөз еткенде,  сот саласын аттап өту мүмкін емес. Бүгінгі сот жүйесінде ана тіліміздің үлесі көңіл қуантарлық. Атап айтар болсақ, сот өндірісіндегі кіріс-шығыс хат-хабарлар мемлекеттік тілде жолданады. Қазақ тілін өзге ұлттар арасында насихаттау мақсатында Шымкент қалалық сотында көптеген іс-шаралар өткзіліп келеді. Соттың ресми сайты қазақ және орыс тілдерінде, ал, ішкі құжат айналымы қазақ тілінде жүргізіледі. Бұл көрсеткіштер жыл сайын еселену үстінде. Сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігін әр жыл сайын өтетін тестілеу анықтап береді. Сонымен бірге, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оны отбасы құндылығы ретінде қарастыруды көздейтін практикалық сабақтар мен семинарлар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мұнан өзге мемлекеттік тілде рәсімделген сот актілерінің сапасына талдау жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, тіліміздің сот жүйесінде қолданылу деңгейі жыл сайын артып келеді.

«Ана тілі - халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», - деп көрнекті жазушымыз Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген мақтаныш сезімі болуы керек. Олай болса, тілге деген жанашырлықты әр адам бірінші өзінен бастағаны жөн.

А.ОСПАНОВА,

Шымкент қаласының мамандандырылған

 әкімшілік сотының судьясы.

Пікір қалдырыңыз