Жаңа кодекс – жаңа бетбұрыс

Алдағы шілде айынан бастап Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енеді. Кодекс төрт бөлім, жиырма тоғыз тарау, жүз жетпіс бес баптан тұрады.

Жаңа кодексте жеке адамдар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік органдарға немесе лауазым иелеріне қарсы өз құқықтарын дұрыс қолдануына мүмкіндіктер қарастырылған. Өйткені, кейбір азаматтар қоғамда туындаған дауларға келіспей, лауазым иелерінің іс-әрекеттері мен қабылдаған шешімдеріне қарсы соттарға шағым түсіріп жатады. Әйтсе де, көп жағдайда олар сотта өз құқықтарын тиісті деңгейде қорғай алмайды, себебі, лауазым иелерінің іс-әрекеттері азаматтық-процестік заң тұрғысынан қаралатындықтан, заңнама талабына сай тараптар тең болып танылады. Заңдағы осы ережеге сүйенетін мемлекеттік органдар дауды қарау бойынша көбіне тиісті орындарға өздерінің заңгерлерін жібереді. Бұл жерде заңгер мен жеке адамдардың мүмкіндігін салыстыру қиын, өйткені, қарапайым азамат пен заңгер арасында теңсіздік туындайды. Сондықтан жеке азамат сотта дәлелдеу құқығын жүзеге асыра алмауы мүмкін.

Жаңа құжатта судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар берілген, яғни судья құқықтық негіздемелер бойынша алдын-ала өзінің құқықтық пікірін айтуға құқылы. Бұрынғы заңда судьяға ондай құқық берілмеген болатын. Іске төрағалық етуші судья берілген талап-арыздың қателігін түзету жайлы талапкерге ұсыныс жасай алмайтын. Сондықтан қабылданған шешімдер шағымдану сатыларында бұзылып немесе өзгертіліп жататын. Ал, жаңа кодексте әділ шешім қабылдау үшін іске төрағалық етуші судьяның белсенділігіне үлкен мән беріліп отыр.

Кодекстің тағы бір жаңалығы, сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады. Осылайша іске төрағалық етуші судьяның талап-арызды түзетуге, оған құқықтық жағынан қолдау көрсетуге мүмкіндігі мол. Яғни судья әкімшілік істі дұрыс шешу үшін барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге құқылы деген сөз.

Жаңа заңда татуластыру рәсімдеріне де ерекше басымдық берілген. Тараптар дауды татуласу, медиация не партисипативтік жолымен шешкісі келсе, онда жазбаша түрде келісім жасалып, оған екі тарап немесе олардың өкілдері қол қояды. Судья процесс барысында дауды шешуге көмектесіп, тараптардың татуласуы үшін қажетті шаралар қабылдай алады.

Бірақ, іс қарау кезінде адам құқықтары мен бостандықтарына қайшы келетін келісімдерге жол берілмейді. Егер тараптар өзара татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік жолмен келісімге келмесе, істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі. Сондықтан кодекстің көздегені – тараптардың өзара келісімге келіп, олардың бір-бірімен татуласуына жол ашу. Бұл тұрғыда жаңа әкімшілік-процестік кодекс әділетті қоғам қалыптастыру мен азаматтардың құқығын қорғауда маңызды құжат болмақ.

Артықбай БЕЙСЕНОВ, Келес аудандық заң консультациясының меңгерушісі, Түркістан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі.

 

 

Пікір қалдырыңыз