Май өңдеу зауыты: тиімді бизнес – табысқа бастар жол

«Шымкентмай» АҚ – Қазақстандағы май өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі. Зауыт 80 жылға жуық тарихында мыңдаған тонна өсімдік майын өндіруге қол жеткізді. Уақыт өте май түрлерін көбейтіп, алғашқы мақта майына күнбағыс, соя, мақсары, рапс сынды дақылдардан жасалған ассортименттер қосылды. Осылайша нарықта зауыттың тұрақты тұтынушылары қалыптасты.
Зауыт бұдан бірнеше жыл бұрын қалдықсыз өндіру технологиясына ауысып, кір сабын шығаруды қолға алған болатын. Жалпы, сабынның негізін майдың қайта өңделген өнімдері құрайды, дәлірек айтсақ, физикалық тазарту қалдықтарынан алынған тазартылған май қышқылдары. Бұл қадам өндіріс қалдықтарын барынша азайтып, кәсіпорынның экологиялық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді.
Бүгінде «Шымкентмай» осы бағытты дамыту бойынша жүйелі жоспарлар түзіп отыр. Межелі міндеттерді орындау үшін, әрине, ең алдымен цех жабдықтарын ауыстыру қажет. Бұл ретте зауытты жаңғыртуға көп жылдан бері кәсіпорынның іскерлік серіктесі болып келе жатқан «Сбербанк Қазақстан» АҚ көмектескелі отыр. Жақын арада бірлескен жоба аясында банктің қатысуымен жоба құнының 90% мөлшерінде тазартылған май қышқылдарын өндіру қондырғысын жаңарту жоспарлануда. Ол шамамен 1 млн. АҚШ долларын құрайды. Жоба банкаралық несие бағдарламасы аясында іске асырылады.
Май ғана емес…
«Шымкентмай» сабын қайнату саласында да үлкен өндірістік тәжірибеге ие. Онда экологиялық таза, тек өсімдік және табиғи шикізаттан ғана өнім өндіреді. Жасанды ағартқыштар мен синтетикалық хош иістердің болмауы сабынды гипоаллергенді өнімге айналдырады. Бұл оны күнделікті өмірде және косметология саласында да кеңінен пайдалануға болады деген сөз. Өнімге сұраныс көбейген соң кәсіпорын осы желіні дамытуға ерекше екпін берді. Көп ұзамай күнделікті тұтынатын кір сабыннан бөлек, кокос майы бар сабын да нарыққа шығарыла бастады. Бүгінде «Шымкентмай» 65 және 72 пайыздық «Хозяйка» сауда маркасымен кір сабын, сондай-ақ косметикалық сабыннан айырмашылығы жоқ 72 пайыздық «FRESHKO» кокосты сабынын өндіреді.
Сабынның сырт пішіні, жағымды хош иісі және жоғары дезинфекциялық қасиеттері өнімді бірден таңдаулы тауарға айналдырды. Алайда, зауыт мұнымен шектеліп қалмай, өндірістік желіні жаңғыртуды қолға алғалы отыр. Себебі, жаңа технологиялар сапалық жағынан жақсартылған аралық өнімді алуға мүмкіндік береді. Бұл тауардың сапасын арттырып, бір жағынан өндіріс қуатын еселей түседі. Әрі тазартылған май қышқылдарын өңдеу процесінде энергия тұтынуды және технологиялық ысырапты азайтады. «Сбербанк» осы жобаны іске асыру үшін кәсіпорынға қаржылай қолдау көрсеткелі отыр. Зауыт іске қосылатын жобаның сәттілігіне күмән келтірмейді. Себебі, банкпен 10 жыл бойы жалғасып келе жатқан ынтымақтастық қашан да өз өміршеңдігін дәлелдеп келеді.
Сенімді таңдау
– Біздің компания 2012 жылы «Сбербанкті» серіктес ретінде таңдады. Өйткені, оның әлемнің ірі банктерімен байланысы, сондай-ақ клиенттермен және экономиканың әртүрлі салаларындағы серіктестерімен жұмыс істеу тәжірибесі бар. Бұл біздің барлық мәселелерімізді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді» дейді «Шымкентмай» АҚ директоры Данияр Адырбеков.
Оның айтуынша, жобалардың табысты болуы кәсіпорын ұжымының күш-жігеріне ғана емес, сондай-ақ барлық серіктестердің, оның ішінде шикізатты жеткізушілердің, өнімді сатып алушылардың, жабдықтарды дайындаушылардың, жобалау және құрылыс-монтаждау компаниялары мен қаржы мекемелерімен бірлесе жұмыс істеуіне де байланысты.
– «Шымкентмай» үшін май өнеркәсібі нарығындағы тұрақтылық, сондай-ақ негізгі қорларды жаңғырту және кеңейту – аса маңызды мәселелер. Сондықтан жобаларда қаржы серіктесі ретінде біз ел нарығында өз орны бар «Сбербанкті» таңдадық. «Сбербанк Қазақстан» ЕБ АҚ-ның жоғары сенімділігі мен қаржылық тұрақтылығы бізге қойылған міндеттерді табысты орындауға кепілдік береді. Бұл жағынан банктегі әріптестеріміз ынтымақтастықтың ең ыңғайлы және тиімді түрлерін таңдауға көмектеседі, – деді май өңдеу зауытының басшысы.
Бастапқыда компанияның жылдық айналымы 10 млрд. теңгеден аспайтын. Банк ұсынған айналым қаражатын толықтыруға арналған ашық желінің арқасында компания 8 жыл ішінде кіріс көлемін екі есеге арттырды. Бұл ретте қаржы институты кәсіпорынға айналым қаражатын толықтыру үшін қажетті лимитті ұсынады. Ол да осы жылдар ішінде екі есе ұлғайды.
2012 жылы «Сбербанк» Қазақстан даму банкімен бірлесіп, 2016 жылдың басында іске қосылған жаңа үздіксіз тазарту цехының құрылысын қаржыландырған болатын. Бұл компанияның ең алғашқы ауқымды жобаларының бірі еді. Аталмыш жоба зауыттың технологиялық құраушыларындағы сәйкессіздіктерді жойып, өсімдік майларын өндірудегі бүкіл циклдік цехтардың өнімділігін толық сәйкестендірді. Бұл шетелдік және кейбір отандық өндірушілер шығаратын ұқсас өнімдерге қатысты майлардың бәсекеге қабілеттілігін едәуір арттырды.
Сонымен бірге, қаржы ұйымдары бірлесіп, газ поршеньді стансасын сатып алу және іске қосу бойынша тағы бір табысты жобаны іске асырды. Енді «Шымкентмай» «Сбербанктің»қолдауымен тағы бір инвестициялық жобаны жүзеге асыруға кірісті. Көпжылдық мінсіз несие тарихы, салық берешегінің болмауы және өз міндеттемелерін орындау кезіндегі мұқияттылығы зауытты бизнесте сенімді серіктес ретінде сипаттайды.
Экспорт әлеуеті
«Шымкентмай» өндіретін өнімнің сапасын қазақстандықтар ғана емес, сыртқы тұтынушылар да жоғары бағалайды. Бүгінгі таңда компания кірісінің 70,5 пайызын экспорт құраса, бұл өткен жылдарға қарағанда 6 пайызға жоғары.
Компания банктен несие алу арқылы өз өнімдерін өткізу географиясын кеңейтіп, экспорт көлемін арттырды. Бұл бағытта зауыт ҚДБ және «KazakhExport» АҚ экспорттық сақтандыру агенттігімен бірлескен жобалар бойынша экспорт алдындағы қаржыландыру бағдарламасы аясында «Сбербанктің» қаржылай қолдауына ие болды. «Шымкентмай» елдегі майлы дақылдарды қайта өңдеу бойынша ірі өндірушілердің бірі болғандықтан, кәсіпорынның экспорт алдындағы қызметтерін несиелеу тұтастай алғанда Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін арттырады.
Бүгінде компанияның өнімдері ішкі нарықта негізінен еліміздің оңтүстігінде, атап айтқанда, Шымкент, Түркістан, Тараз, Алматы, Сарыағаш қалалары мен Түркістан және Алматы облыстарында саудаға шығарылады. Сонымен қатар, қазақстандық өндірушінің өнімдерін сатып алатын елдер тізімінде Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Иран, Ауғанстан, Қырғызстан және Түркия бар.
Өткен жылы компанияның өндіріс көлемі, оның ішінде өсімдік майы – 32 мың тонна, шаруашылық сабыны – 6,8 мың тонна, жемшөп өнімі 94 мың тоннаны құрады. Зауыт «Сбербанктің» қолдауымен өсімдік майларын тереңдетіп өңдеу бойынша үлкен жоспарларын жүзеге асыруды ойластыруда.
Нұргүл САЛЫҚЖАНОВА.