Үй торыған үйдей бәлеге тап болады

Бүгінгі сөзіміз бармақ тістеп қалған тарапқа да, біреулерді сан соқтырып кеткендерге де жақсылық әкелмейтін ұрлық жайында болмақ. Оның ішінде пәтер ұрлығы. Қазір осы бір қылмыстың кесірінен құзіретті органдардың табалдырығын тоздырып жүрген тұрғындарды жиі кездестіруге болады. Әрине, жетіскеннен жүрген жоқ. Жылдар бойы тірнектеп жиған дүниеңізді бала-шағаның аузынан жырып, «ертең мына мақсатқа жұмсаймын-ау» деп буып-түйіп отырғаныңда қапыда біреу үптеп кетсе, сіз де солай істерсіз. Әрине, бетін аулақ қылсын.

«Бұрын қазақ даласында түрме болмаған» деген сөзге әлі де малданып жүргендейміз. Ол кездегі ұры-қарылар да «тәйт» дегенге тоқтай білген сияқты. Оны билер шешкен дауларға қарап болжаймыз. Ал, қазіргі ұрылар ше? Ел аумағындағы түрмелерді толтырып жатқан қылмыскерлердің біразы сол сұғанақ қолдылар. Ұры неге көбейіп кетті?

Оның ең бірінші себебі: белін ауыртпай-ақ оңай олжаға кенелгісі келетіндер көбейіп тұр. Олар санасы әбден уланғандықтан оңай келген дүниенің оңай кететінін және өздерінің опық жеп қалатынын түсінуден қалғандай. Одан кейінгі себеп – жұмыссыздық. «Осы қылмысқа жетіскеннен барды ма?» деп ақтайын десеңіз, тап қазіргі табыс тапқысы келген адамға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқаны, соның арқасында нанын адалынан тауып жеп жатқандар есіңізге түседі. Сосын «қылмыс жасаған азаматтардың ата-аналары, туған-туыстары, жора-жолдастары бар болса, неге дұрыс жолға сілтемейді» деп бір жағынан жаныңыз ашып отырады. Сонымен қатар, өзінен көмек сұрап келген жәбірленушілердің үмітін желге ұшыратын кей тәртіп сақшыларының енжарлығы деген мәселені де қосуға болады. Олар өз міндеті болып саналатын – адам құқықтары мен бостандықтарын, қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаса несіне құзырлы қызметкер болып жүр? Орган қызметкерлері ел қаржысын тонап, шекара асып кеткендерді де тауып әкеліп жатқан жоқ па? Неге тұрғындарды тонағандар табылмай қала береді? Тіпті, «ұрылар мен құқыққорғаушылар сыбайлас, сыйлығын беріп істі жаба салады» деген пікірлерді де бұл күнде жұрт аз естімейді. Айналып келгенде жәбір көретін – адал да шарасыз адамдар.

Облыстық полиция департаментінің мәлімдемесіне сүйенсек, Түркістан өңірінің өзінде 2020 жылы 453 пәтер ұрлығы тіркеліп, оның 337-сі ашылса, 2019 жылы 1103 пәтер ұрлығы тіркеліп, 545 іс соңына дейін жеткізілген екен. Былтыр 15 қылмыстық топ құрықталып, 44 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сонда 2019 жылғы – 558, былтырғы 116 қылмысқа қатысы барлар әлі күнге дейін жазасын алмай тайраңдап жүрген сияқты. Олар ертең тағы біреуді зар жылатпайды деп айта аламыз ба? Ал, аталған құқықбұзушылықтан жапа шеккендердің ақысын кім өтейді? Осы қылмыстарды ашумен айналысатын органдар ұрыдан зәбір көрген азаматтарды елеусіз қалдырғаны ма? Олай болса, мұндай жағдайлардан кейін қаншама адамның құқық қорғау органдарына сенімі сетінемейді деп кім кепілдік бере алады? Иә, 2019 жылға қарағанда былтыр тіркелген қылмыс саны азайып, ашылу көрсеткіші көтеріліпті. Азаюдың негізгі себебі – карантинге байланысты адамдар үйлерінен ешқайда шықпай отыруы. Ал, қылмысты ашудың жақсаруы – тәртіп сақшыларының еңбегі. Десе де, опық жеген 100-ден астам отбасының талап-тілегі жабулы күйінде қалғанын жақсы көрсеткіш деп айта алмаймыз. Тағы бір мәселе. Бізде ұрлық жасағандар саны тек цифр күйінде қалады. Ал, солардың атын атап, түсін түстеп, БАҚ арқылы жалпақ жұртқа жария етсе қалай болар екен? Соны көрген басқа ұрылар, бәлкім ойланар.

2019 жылдың соңында қабылданған заңнамаға сәйкес, өзгенің меншігіне қол сұғу – ауыр санатты қылмыстар қатарына жатқызылып келеді. Яғни үй торыған ұрыларға қолданылатын шаралар да қатаңдатылған. Мұндай заңнаманың қабылдануына ұрлықтың көбеюі себеп болғаны алаңдатады. Сол қарақшылар біреудің ала жібінен және өзінің арынан аттамақ болғанда, өзгелерден бұрын өз тағдырын ойласа екен дейсің...

 

 

Пікір қалдырыңыз