Оның әр күні ерліктен тұратын

Адамзат ақыл-ойының алыбы Абай «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» дейді. Осы қағидаға сай ғұмыр кешіп, тіршілігінде замандастары мен құрбы-құрдастарының алды, өзі бақиына көшкен соң өнегелі ісі мен қызметі кейінгі ұрпаққа ғибрат болған асыл азаматтың бірегейі Нұртаза Ысмайылов еді.

Нұртаза Ысмайылов осыдан бір ғасыр бұрын, 1921 жылы 23 ақпанда қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданы, Көксарай ауылында жарық дүние есігін ашыпты. Балалық шағы туған жерінде, Арыс пен Түркістан қалаларындағы мектептерде өткен ол қатар-құрбыларынан зеректігімен, білімге құмарлығымен ерекшеленеді.

Өткен ғасырдың 20-30-жылдары қазақ халқына сұмдық апат – аштық нәубетін, зор зобалаң – саяси қуғын-сүргін әкелген өте қиын кезең болғаны белгілі. Нәубет пен зұлматтан бір Құдайдың жәрдемімен ғана аман қалған Нұртаза 19 жасында Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында педагогика училищесін тәмамдап, осы облыстың Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданындағы «Қарақұм» орта мектебіне мұғалім болып барып, көп ұзамай оқу ісінің меңгерушісі қызметіне кіріседі. Елде арнайы білімі бар мамандар жетіспейтін кез. Училище бүгінгі университеттен кем емес. Оның үстіне, аз уақытта іскерлігімен, жауапкершілігінің молдығымен көзге түскен бозбала жарты жылдан кейін осы ауданға қарасты «Тегісті» орта мектебінің директоры лауазымына бекітіледі.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда елдің ер-азаматтары қатарында майданға баруға сұранған жігіттің бойынан болашақ жас офицерді көрген әскери комиссариат Нұртазаны Өзбекстанның Әндіжан қаласындағы әскери училищеге жібереді.

1943 жылдың басында оны үздік бітірген Н.Ысмайылов 347-атқыштар дивизиясының құрамында әуелі взвод, одан соң рота командирі болып Кавказ бен Қырымды, кейін Балтық теңізі бойын фашистік басқыншылардан азат етуге қатысады.

Сұрапыл соғыста көрсеткен ерлігі мен тапқырлығы, қарамағындағы жауынгерлерін ұрысқа дайындап, сәтті ұрыс операцияларын жүргізгені үшін жас командир «Қызыл Жұлдыз», І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, тағы да 4 жауынгерлік медальмен марапатталады. Сондай-ақ, Кеңестер Одағы Жоғарғы Бас қолбасшысы И.В.Сталиннің бұйрығымен Нұртаза ағаға төрт мәрте Алғыс жарияланыпты.

Оны марапаттау үшін жолдаған ұсыныс парақтардың бірінде былай жазылған: «Ысмайылов жолдас 1944 жылы 25 сәуірде Қырым АССР-ы Бақшасарай ауданы, Белбек ауылы маңындағы позицияларды кеңейту және жақсарту үшін жүргізілген ұрыста ерлік пен батылдық және взводты жақсы басқару қабілетін көрсетті. Ысмайыловтың взводы немістердің 4 қарсы шабуылын сәтті тойтарып, өздері шабуылға шықты. Сөйтіп, неміс фашистерінен стратегиялық маңызы зор биіктерді тартып алды. Осы ұрыс барысында 25 фашист жер жастанып, жаудың 8 пулемет нүктесі жойылды. Ысмайылов жолдастың өзі танк қирататын гранатамен бір пулемет нүктесін жойып, жаудың қарсы ұрыс жоспарын болдырмай тастады». Екіншісінде: «1944 жылдың желтоқсан айынан бастап полкте болған кезінде Ысмайылов жолдас өзін батыл да бастамашыл офицер ретінде танытты. 1945 жыл­дың 23-30 қаңтары аралығында Балтық бойын азат ету шайқастарына қатысып, Колету МЗ аймағында 2-ші және 3-ші атқыштар роталарының жауынгерлік тәртібін реттеді. Жеке өзі жаудың атыс нүктелерін анықтап, оларды минометтермен атқылауды басқарды. Ол осылайша фашистердің 8 атыс нүктесін, 4 станокті пулеметін, 2 зеңбірегін және 2 минометін жойып жіберуді ұйымдастырды. Ұрыс кезінде жауынгерлеріне тірек болып, ұстамдылық пен батылдықтың үлгісін көрсетті».

Әскери қызметте қалудың үлкен мүмкіндігі болса да, бейбіт өмірді аңсаған Нұртаза Ысмайылов екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан соң капитан шенімен елге оралды. Туған жерге келісімен Оңтүстік Қазақстан облысы, Киров аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болып еңбекке араласқан жігіттің алдында үлкен міндеттер тұр еді. Соғыс жылдарында һәм оның алдындағы күрделі кезеңдерде тұралаған елдің экономикасын көтеру, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, жаппай орта білім беру жұмыстарын қатар жүргізуге тура келді. Нұртаза басқаратын сала да ауыр халде еді. Мектеп ғимараттары ескі, оқулықтар, оқу құралдары жетімсіз. Ең бастысы, жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беретін білікті ұстаз, пән мамандары жетіспейтін. Өзгелерден біліктілікті талап ету үшін ең алдымен өзің білімді болуың керек. Сондықтан, Н.Ысмайылов еңбек ете жүріп,

1953 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетін тәмамдады.

Өзі 1951 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облыстық халыққа білім беру басқармасы басшысының бірінші орынбасары міндетін атқаратын еді. Көп ұзамай басқарма тізгініне ие болды.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары басшылық қызметтерге іскер, тәжірибелі педагогтарды тарту, олардың адамдармен қарым-қатынас жасау, еңбекке жұмылдыру қабілетін өндірісте пайдалану бастамасы қызу қолға алынды. 1954 жылы Н.Ысмайылов Шымкент облысының Фрунзе аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бірер жылдан кейін Шаян ауданына тура осындай қызметке ауыстырылды. 1958 жылы Қазақстан Компартиясы Шаян аудандық комитетіне бірінші хатшы болып сайланды. Ол уақытта барлық билік партияның қолына шоғырланғандықтан, бұл үлкен әрі жауапты қызмет еді. Орда бұзар отыздың ішіндегі Нұрекең колхоз-совхоздардың жұмысын ұйымдастыруға білікті мамандарды тартып, шаруашылықты ұйымдастыруға ғылым жетістігін пайдаланып, мал тұқымын асылдандыру, егістік алқаптарды ылғалдандырудың озық технологиясын қолдану сияқты істерге көп көңіл бөледі. Сөйтіп, астық жинау мен қой өсіруде шаяндықтар облыста алдыңғы шепке шығады.

Мемлекетті басқару тізгіні Н.Хрущевтің қолына тиген кездері елде көптеген эксперименттер жүргізілгені белгілі. Соның бірі – жеке аймақтарда құрылған өндірістік басқармалар. Сол жылдары Нұртаза аға Оңтүстік Қазақстан өлкелік халық ағарту басқармасының меңгерушісі болып бекиді. Осылай 1962-1964 жылдары Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша халыққа білім беру саласына басшылық жасап, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, оларға білім беру ісімен белсене айналысады. Оның педагогтық іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрінген мезгілі осы кезең болатын. Өлкеде жаңа типтегі мектептер салына бастады, білім беру мекемелерінің материалдық базасы нығайды. Өзі Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі атанды.

1964 жылы Н.Ысмайылов қайтадан партия жұмысына ауысып, Қазақстан Компартиясы Алғабас (бұрынғы Шаян, қазіргі Бәйдібек) аудандық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Бейбіт кезеңде де майдандағыдай жанын сала қызмет атқарған оның еңбегі мемлекет тарапынан лайықты баға алып, көптеген марапаттарға ие болды. Ел экономикасын дамытуға, халыққа білім беру саласын жақсартуға қосқан үлесі үшін Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен, 1971 жылы Қазақ КСР-інің Құрмет грамотасымен марапатталды. Осы жылы сегізінші шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Кеңес билігі дәуірінде басшыларды деңгейлес қызмет орнына ауыстыру, соның ішінде іскер адамдарды экономикасы әлсіреген әкімшілік бөліністерге жіберу тәжірибесі болғаны белгілі. 1975 жылы Н.Ысмайылов сол тәртіппен Ленин (қазіргі Қазығұрт) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Тәжірибелі басшы маман таңдау мен тағайындауда дұрыс таңдау жасап, соның нәтижесінде қазығұрттықтар астық жинауда, қой санын көбейтуде тамаша табыстарға қол жеткізіп, Оңтүстіктің аграрлы өңірлерінің ішінде алдыңғы шептен көрінеді. Аудан экономикасының дамып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсаруына да оңды ықпалын тигізіп, елдің еңсесі күрт көтерілгені осы жылдар. Нәтижелі еңбек Нұрекеңді де абыройға бөлеп, «Қазан Революциясы» екінші рет Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен марпатталады, Қазақ КСР-інің екінші Құрмет грамотасы да мәртебесін одан әрі арттыра түсті.

Қазақстанның миллиард пұт астық жинауына және қой басын өсіріп, өнімін көбейтудегі табыстары еселенуіне орай облыстарды аралауға шыққан Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы, халықтың даңқты ұлдарының бірі Дінмұхамед Қонаев оңтүстікке сапар шексе, ат басын Нұртаза Ысмайылов басқарған ауданға тіремей кетпейді. Мұны ол зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі сұхбатында атап көрсетіп, Нұрекеңнің қарапайымдылығына, іскерлігіне, адамгершілік, ізгілік қасиеттеріне тәнті екенін айтады. Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов Түркістан өңірінің тіршілігі арқау болған «Өскен өркен» романын жазарда Алғабас ауданының басшысы Нұрекеңнің үйінде бірнеше күн қонақ болып, болашақ шығармасы үшін дерек жинайды. Шығармада алғабастықтардың 1959-1960 жылдың ауыр қысындағы табиғат апатымен күресі кестелі өрнекпен суреттелген. Осы шығармадағы Мұрат Қасымов есімді кейіпкердің прототипі Нұртаза Ысмайылов еді.

Рухани жан дүниесі бай, әдебиет пен өнер төңірегінде әңгіме өрбітуге құмар Н.Ысмайылов Мұхтар Әуезовпен тығыз қарым-қатынас жасап, хат алысып тұрумен қатар, Әбділдә Тәжібаев және Тұрсынбек Кәкішев тәрізді белгілі әдебиетші, жазушылармен де жарастықта болғаны белгілі. Соның ішінде Тұрсекең замандас ағасы Нұрекеңнің Сәттар Ерубаев туралы естелігіне қатты тәнті болып, ризашылықпен еске алады. Ал, Мұхтар Шаханов Сәттар Ерубаевтың өмірі арқау болған «Жанерке» поэмасын Нұртаза ағасына арнаған екен.

1982 жылы республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықса да Нұрекең қызметтен қол үзбей, Шымкент облыстық кәсіподақ кеңесіне қарасты облыстық кино кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарды. Ол қала мен облыстың экономикасы дамуына, мәдени және рухани өркендеуіне хал-қадірінше үлес қосты. Кейінгі буынның тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, олардың бойына интернационалдық, принципшілдік, адамгершілік қасиеттердің берік орнығуы үшін белсенді жұмыс жүргізді.

Нұртаза Ысмайылов жетпіс жасқа қараған шағында, 1990 жылы тамыздың оны күні қайтыс болды.

Соңында көп жақсы іс қалған Нұртаза ағамыздың аты өлген жоқ. Онымен қызметтес болған ардагер ағалардың және жергілікті халықтың ұсынысымен Шымкент, Арыс қалалары мен Бәйдібек, Қазығұрт аудандарының орталықтарындағы, Отырар ауданының Көксарай ауылындағы көшелерге, Мақтаарал ауданындағы орта мектепке Н.Ысмайыловтың есімі берілген. Елі үшін, болашақ ұрпақ үшін аянбай еңбек еткен, ерлік жасаған Нұртаза ағамыздың өзі ортамызда жоқ болса да, есімі, рухы кейінгі буынмен бірге жасап, ісі көпшілікке үлгі-өнеге болып қала береді.

Әбдімәлік АҒЫБАЙ, Қазақстанның құрметті журналисі.

 

 

Пікір қалдырыңыз