Қорық – аң аулайтын жер емес

Ақсу-Жабағылы қорығы – еліміздегі ерекше қорғалатын аймақтардың қатарында. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген аң-құстармен қатар өсімдіктердің сирек кездесетін түрлері өсіріледі.

Сондықтан қорыққа бөгде адамның беталды кіруіне шектеу қойылған. Бірақ, шектеуге шекеден қарайтындардың аз еместігін соңғы кездегі оқиғалар айғақтап отыр. Таяуда қорыққа кіріп, заңсыз аң ауламақ болған табиғат қаскөйлерінің кезекті жорығы әшкере болды.

Оқиға былтыр қазан айының 27-сі күні болған. Сол күні түскі сағат 12-лер шамасында қорықтың ғылыми инспекторы Ф.А. қорықта бейсауат жүрген аттылы кісіні байқап қалады. А.К. есімді 62 жастағы азаматтың кейін Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны екендігі анықталды. Әдепкіде «ат суытып жүрмін» деп жалтарғанымен, оның мұздай қаруланған кейпі қорықшының күмәнін қоюлата түседі. Тексере келгенде, одан оптикалық көру мүмкіндігі бар «СZ-550» маркалы мылтық, оның 27 патроны, пышақ сияқты аңшылыққа қажет суық қарулар табылады. Қоржындағы қанның дақтары да оның текке жүрмегендігін айғақтай түседі.

Қанша жалтарғанымен, ол жасаған әрекеттерін сотта мойындауына тура келді. Түлкібас аудандық соты оны ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабының 3-бөлігі (жануарлар дүниесін пайдалану және аң аулау қағидаларын бұзу) бойынша кінәлі деп тауып, 70 айлық есептік көрсеткіш (194 460 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді.

Д.ЖҮСІПОВ.

 

 

Пікір қалдырыңыз