Сенімді ақтау – парыз

Бүгінде сот төрелігінің әділдігіне әрі судьялардың тазалығына айрықша мән беріле бастады. Себебі, осы арқылы халықтың сотқа деген сенімі қалыптасады. Еліміз тәуелсіздік алғалы сот саласын, жалпы, құқықтық жүйені дамытуға ерекше көңіл бөлініп келе жатқаны да белгілі. Соның нәтижесінде судьялардың беделі көтеріліп, сот жүйесі толықтай атқару органдарының ықпалынан босатылды.

Соңғы жылдары сот жүйесін реформалау аясында біршама оң нәтижелерге қол жетті. Бүгінде әрбір азамат заманауи технологиялардың көмегімен сотқа арызын электронды түрде ұсына алады. Тіпті, арыздың қозғалысын кедергісіз бақылап, арыздың сот өндірісіне қабылдануы, істің тағайындалуы, ол бойынша шығарылған шешімдер жөнінде де толық мәлімет алып отыруға мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, соттарды электрондық бейнежазба құрылғыларымен қамтамасыз етіп, сот мәжілісі хаттамасының электрондық түрін енгізу, сот төрелігін онлайн режимінде жүргізуге мүмкіндік беретін бейнебайланыс жүйесін жетілдіру ісі де қолға алынуда. Мұның барлығы қоғамның сот қызметіне деген сенімін арттырып келеді. Бұл мәселеге Президентіміздің де ұдайы көңіл бөліп отыруы судьяларға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы судьяларының IX съезінде: «Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды» деген болатын. Осының өзі судьяларға қойылатын талаптың қандай деңгейде екенін көрсетеді. Ендеше, осындай сенімді ақтау – бізге парыз.

Сапарәлі БӘЙТЕНОВ,
Түркістан облыстық мамандандырылған 
ауданаралық экономикалық сотының судьясы.
Пікір қалдырыңыз