Басты назарда – адам құқығы

Тәуелсіздік алғалы өзге салалар секілді сот жүйесінде де түрлі реформалар іске асып, олар өз кезегінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының әділ қорғалуын одан әрі қамтамасыз етіп келеді. Сондай жаңашылдықтың бірі – мамандандырылған тергеу соты. Айта кетерлігі, тергеу судьяларының институты 2015 жылы қолданысқа енгізіліп, содан бері өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. 

Мамандандырылған тергеу соттары сотқа дейінгі тергеу кезінде бақылауды кеңейтуді көздейді. Сонымен қатар, бұл құрылымға қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін тергеу іс-әрекеттерін санкциялау, тергеушi немесе прокурордың iс-әрекеттерi мен әрекетсiздiгiне, шешiмдерiне түскен шағымдарды қарау, қорғаушы жақ ұсынған дәлелдерді сотқа дейін алдын-ала зерттеуді қамтамасыз ету де кіреді. Тергеу сотының өкілеттігіне адамдарды қамауда ұстауға, үй және экстрадициялық қамауға алуға, қызметінен уақытша шеттетуге, кепілді қолдануға, мүлікке тыйым салуға, мәйіттің эксгумациясына санкция беруге, сондай-ақ, күдіктіге халықаралық іздеу жариялауға, тергеу органдарының әрекетсіздігіне қатысты шағымдарды қарауға және іске қатысушылардың жауаптарын қорғап, сақтауға санкция беру, т.б. кіреді.
Жалпы, тергеу соты еліміздегі қылмыстық процестің халық- аралық стандарттарға сай болуына, сонымен қатар, азаматтардың мүдделерін қорғау, шағымдары мен шешімдерді ашық түрде талқылауға жол ашты. Тергеу судьясы кез келген әрекеттің заңдылығын дәлелдейтін негіздерді, сондай-ақ мүдделі тараптардың және үшінші жақтың құқықтарының сақталуын зерттеп барып шешім қабылдайды. Айыпталушының бұлтартпау шарасына қатысты санкция беру тергеу судьясының ашық сот мәжілісінде айыптау және қорғау тараптарының қатысуымен қаралады. Мұндай процесте тараптардың жарыспалылық қағидаты толық іске асырылып, сотқа дейінгі өндірісте адвокаттың рөлі арта түседі. Ашықтық және тараптардың жарыспалылығы процеске қатысушылар құқығының тиімді қорғалуын қамтамасыз етумен қатар, олардың құқығының сақталуына қосымша кепілдік береді. 

Салтанат АЙТМАҒАНБЕТОВА,
Түркістан қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының жетекші маманы.

Пікір қалдырыңыз