Арлылар адалдықты ту етеді

Ата-бабаларымыз «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп ұрпағын әділдік пен туралыққа үндеп, халқына адал қызмет етуге шақырған. Есті сөз көнере ме?! Бабаларымыз ұстын еткен осы бір тағлымды сөздің қай заманда да қасиеті жоғалмаған.
Еліміз тәуелсіздік алғалы еңсе тіктеп, әлемге берекелі бірліктің үлгісін көрсетіп келеді. Осының арқасында әлеумет әлденіп, тіршілік тұғырлана түсті. Сөз жоқ, мұның бәрі Президентіміздің сара саясатының арқасы екені даусыз. Әйтсе де, қоғамның дамуына кері әсер ететін жағдайлардың да бар екенін жоққа шығаруға болмас. Соның бірі – сыбайлас жемқорлық дерті. Елімізде осыған орай арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да жетерлік. Алайда, жегі құртты түбегейлі жою әзірге мүмкін болмай тұр. Осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін барлық күш-жігерді жұмылдырып, бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Бұл бағытта Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Айталық, бүгінде ел ішінде туындаған дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей медиация тәртібімен шешуге және сотқа жүгіну барысында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге әрбір сот қызметкері мүдделі. Бұл оларды өздеріне сеніп тапсырылған жұмысты адал атқаруға міндеттейді.
Байсейіт РҮСТЕМ,
Түркістан облыстық мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы.