Израиль мен Иран арасы неге ушығып тұр?

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Отаршылдықтан тәуелсіздікке апарған қадам Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс бүгін пайда бола салған жоқ. Екі елдің қарым-қатынасы ежелден күрделі, тарихы тым әріден бастау алады. 1947 жылы екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін қазіргі Палестина территориясы Ұлттар Лигасының мандаты ретінде Ұлыбританияға тиесілі болды. Сондықтан аймақтың барлық проблемаларын британдық «билеушілер» шешіп отырды. Ұлттар Лигасының мандаты дегеніміз сырттай бақылап отыру, ал, іс жүзінде отарлауды білдіреді.

Дегенмен, сол отаршылдар да бір күндері қарсылыққа тап келді. Ол кезде Палестина мемлекет ретінде әлі жарияланбаған еді, ал, оның халқы негізінен арабтар мен еврейлерден құралған болатын. Еврей агенттігінің өкілі Палестинаның еврей жағының өкілі ретінде әрекет етіп, тәуелсіздік жариялауды талап етті.

Оқиға араб-израиль қақтығысынан басталады. Сол кездері халықтың араб бөлігі де сәйкесінше араб қоғамдастығының басым бөлігі бар мемлекет құруды талап етеді. Осы сәтте Ұлыбритания өз аумағындағы проблемаларды шешуден бас тартып, бұл құқықты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне берді. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымы Палестинаны еврей және араб деп екі бөлікке бөлуді жоспарлады. Сонымен қатар, халықаралық бақылауға жататын екі маңызды қаланы анықтау қажет болды. Оған Иерусалим және Бетлехем таңдалды. Алайда, Иран БҰҰ жоспарын қолдамады.

1948 жылы Ұлыбритания Палестинадан өз әскерін әкеткен бойда, Израиль өзінің тәуелсіздігін жариялауға асықты. Еврейлердің бастамасын Біріккен Ұлттар Ұйымында көпшілігі қолдады. Осы уақытта араб қауымдастығы БҰҰ-ның Израильді мемлекет деп жариялау туралы заң жобасын сынап, еврейлер өздерінің кішкентай халқы үшін тым құнарлы жерді тартып алды деген уәж айтты.

Сол жылы Израиль мен Египет, Иран, Иордания, Сирия, Ливия және Сауд Арабиясы бар Араб мемлекеттері лигасы арасындағы алғашқы ұрыс қимылдары басталды. Нәтижесінде Израиль Иерусалимді қоса алғанда барлық территориясына бақылау орнатуға қол жеткізді. Жаңадан құрылған мемлекеттің әрекеттерін БҰҰ Палестинаның аннексиясы деп таныды.

Иран мен Израиль арасындағы қатынастардың ең үлкен шиеленісуі тоқсаныншы жылдардың басында Еуропаның солтүстігіндегі геосаяси жағдайдың түбегейлі өзгеруіне, атап айтқанда, Кеңес Одағының құлауына байланысты болды. Әлем Батысқа, Еуропаға және исламдық елдерге бөлінді, бұл олардың одан әрі қарама-қайшылығына алып келді.

Жаңадан құрылған Израиль мемлекеті араб көршілерінен қорғану үшін еуропалық әріптестерінен қолдау іздеу керек екенін сезді және өзінің белсенді еуропалық сыртқы саясатын құра бастады. Осы уақыт аралығында Иран билігі шабуылдардан ядролық қарудан басқа жақсы қорғаныс болмайды деген қорытындыға келіп, оны дамыту перспективасына байыпты түрде қызығушылық таныта бастады.

Қазіргі саяси жағдай кезеңінде Израиль Иранды өзінің басты қарсыласы ретінде көреді. Өйткені, көршісінің аумағында үлкен мұнай кен орындары бар. Сол жерді тартып алып, иелік етсек, қанеки деп ойлайды. Ал, бұл орасан байлыққа кенелтіп қана қоймай, ел тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін де нығайтуға зор мүмкіндік туғызатыны сөзсіз. Соғыс еврейлерге осы қалағанына жету үшін қажет еді.

 

Қастандықтың мән-жайы анықталған жоқ

Екі елдің арасында жуырда тағы бір кикілжің шықты. Оған Иранның ядролық бағдарламасына басты жауапты физик Мохсен Фахризаденің өлімі себеп. Ресми Тегеран оны Израильдің барлау қызметі өлтірді деп айыптады.

Иранның Fars ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 27 қарашада таңертең атом инженері Мохсен Фахризаде әйелімен бірге Иранның солтүстігіндегі Мазендеран провинциясындағы Ростамкол қаласынан шығып, Абсард елді мекеніне қарай бронды машинамен бет алған. Сол кезде жанында өзінің үш күзет көлігі болғанына қарамастан оған қастандық жасалды.

Оқиға былайша өрбиді. Эскорттың алдында келе жатқан күзет машинасы жер шолу үшін алға озып кетеді. Осы кезде Фахризаде машинаға сырт етіп тиген оқтың даусына елең етіп, оны қандай да бір кедергімен соқтығысып қалу немесе қозғалтқыштағы ақаулық деп ойлайды. Сол үшін ол көліктен шығады. Осы сәтте Nissan көлігінен оған пультпен басқарылатын қарудан оқ атылады. Оқ атылған көлік Фахризаденің көлігінен 150 метр қашықтықта тұрған. Агенттіктің хабарлауынша, екі оқ Фахризаденің бүйіріне, біреуі арқасына тиіп, ғалымның миының артқы бөлігін зақымдаған. Фахризадені өз денесімен жауып тұрған оққағарға да бірнеше оқ тиген. Осыдан кейін Nissan көлігі жарылды.

Агенттік атап өткендей, қастандық үш минутқа созылған, төңіректе күзетшілер мен Фахризаденің өзінен басқа ешкім болған жоқ. Мохсен Фахризаде ауыр жарақатынан ауруханада қайтыс болды. Иранның қорғаныс министрлігі қастандықтың құрбаны болған ғалымның департаменттегі зерттеулер мен инновациялар ұйымының басшысы болғанын растады. Иранның жоғары дәрежелі ядролық ғалымына жасалған қастандықтың мән-жайы әлі анықталған жоқ. Бірақ, Тегеран кек қайтаруға ант беріп отыр. Иран президенті Хасан Рохани: «Иранның дұшпандары біздің батыл ел екенімізді білуі керек. Біздің халқымыз қорқыныш дегенді білмейді. Осы қылмыстық әрекетке олар жауап беруі тиіс. Біздің адамдар кек алады» дегенді айтты. Негізі Израиль марқұм ғалымның еврей барлаушыларының қатаң бақылауында болғанын жоққа шығармайды. Екі жыл бұрын «Моссад» жансыздары Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мұрағатты тура Тегеранның өзінен алып кеткен болатын. Кейбір сарапшылар Фахризаденің өлімі Израильге ғана тиімді емес дейді. Олар Иранның Парсы шығанағындағы бірқатар елмен қырғи-қабақ екенін алға тартады. Енді Иран парламентінің депутаттары ядролық іс-қимылды жандандыру туралы заң жобасын тез арада қолға алды.

Айта кету керек, Иранның тағы бір физик ғалымы Маджид Шахриари де 2010 жылы 29 қарашада қастандықпен өлтірілген еді.

Қазіргі уақытта Израиль әскері аяғынан тік тұрып, қақтығысқа сақадай-сай отыр. Одақтасы – АҚШ Парсы шығанағына соғыс кемелерін шұғыл аттандырып үлгерді.

 

АҚШ демекші...

Дональд Трамп егер сайлаушылар Джо Байденнің жеңісін мойындаса, АҚШ-тағы билікті беруге келісті. Бірақ, кетер алдында ол Иранмен соғысуға дайын. Мұның себебі – «ядролық келісім» күйрегеннен кейін дамуды қайта бастаған ядролық бағдарлама. Америкалықтар Тегеранға қысым көрсетуге Тель-Авивті тартуды да көздейді. Ал, бұл Таяу Шығыстағы жағдайға қалай әсер етеді?

«Дональд Трамп Иранға соққы беруді бұйыруы мүмкін, сондықтан Израиль қорғаныс күштері (IDF) олардың күзетінде болуы керек. Израиль билігі Джо Байденнің инаугурациясына дейінгі кезеңнің қиыншылықтарын түсінуі өте маңызды. Американың кетіп бара жатқан лидері Натанцтағы уранды байыту зауытын қалай жою керек деген мәселені бірнеше рет көтерді» деп жазды Axios интернет-басылымы израильдік дереккөздерге сілтеме жасап.

Әйтсе де, американдық шенеуніктер Иранға қарсы соққы қажетсіз зорлық-зомбылықтың өршуіне себеп болатынын айтып, Трампты артық кетпеуге көндірген. Бірақ, Израиль ықтимал соғысқа дайындалу туралы нұсқаулар алғанын мойындады. Саясаткерлер ықтимал соғыс туралы ақпараттың сенімділігін талқылап жатқанда Иранда Батыс барлау қызметі «Иран бомбасының әкесі» деп атап кеткен физик Мохсен Фахризаде өлтірілді. Міне, осы сәтте Тегеран дереу Израильді адам өлтірді деп айыптап, кек алуға уәде берді. Дональд Трамп билігі Иран саясатына өте жағымсыз баға беріп, ядролық келісімді сақтаудың қысқа мерзімін жойған еді. Алдын-ала мәліметтер бойынша АҚШ президенттік сайлауында жеңіске жеткен демократ Джо Байден елді Иранның ядролық бағдарламасы бойынша Біріккен іс-қимыл жоспарына (JCPOA) қайтару бойынша жұмыс істеуге ниетті. Байден АҚШ-ты келісімге қайтару оңай болмайтынын айтты, бірақ демократтар бұл идеяны қолдайды. Енді әрмен қарай не болатынын уақыттың еншісіне қалдыралық...

Қанша саясат дегенімізбен, алпауыт елдер арасындағы аяқ астынан тұтана салатын кикілжің соңы кейде тым ақылға сыйымсыз әрекеттерге алып баратыны белгілі. Текетірескен елдерде ортақ мәмілеге келу деген жоқ, бір-біріне бірден дөңайбат шегіп шыға келеді. Бар мәселе сол елдің басшыларында және оның төңірегіндегі кеңесшілерінде жатыр. Олардың арттағы қалың бұқара халықта шаруасы жоқ, олардың келісімін, пікірін сұрап жатпайды. Ал, негізінде қан майданға сол халықты салып қоятыны, өздері сыртта соғыстың барысын қадағалап, іс-қимыл әрекетіне бағыт-бағдар беріп отыратыны түсінікті жәйт...

 

 

Пікір қалдырыңыз